БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы есеп берді

Понедельник, 20 Ноябрь 2023 10:32 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3390 раз

Зейнетақы активтерінің 2023 жылғы 1 қазандағы инвестициялық портфельдері enpf.kz сайтында 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ҚРҰБ және ИПБ-ның зейнетақы активтерін басқару туралы есептері ұсынылды. Зейнетақы жинақтарын инвестициялау туралы толық есеп enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер - Инвестициялық қызмет" бөлімінде орналастырылған. Онда ай сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерін басқаруы туралы ақпарат беріліп отырады. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 17 228,7 млрд теңге болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 17 216,9 млрд теңге. ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 11,8 млрд теңге.

ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 2023 жылғы 1 қазандағы зейнетақы активтерін ҚРҰБ инвестициялауының негізгі бағыттары мынадай: ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 47,2%, квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 10%, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 5,02%, шет мемлекеттердің МБҚ – 4,1%, ҚРҰБ депозиттері – 3%, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары – 2,2%.

Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісіндегі инвестициялық портфель 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мынадай сипатқа ие: ұлттық валютадағы инвестициялар – 68,2%, АҚШ долларында – 31,8%.

Алынған кірістің құрылымын талдаудан бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, оның ішінде орналастырылған салымдар мен "кері РЕПО" операциялары бойынша және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 1 069,8 млрд теңге, сыртқы басқарудағы активтер бойынша – 239,9 млрд теңге, шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер – 89 млрд теңге, өзге кірістер – 3,9 млрд теңге болды.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2023 жылдың басынан бері есептелген, 01.10.2023 ж. жағдай бойынша инвестициялық кіріс – 1 402,6 млрд теңге.

Салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі ағымдағы жылдың 9 айында инфляция мөлшері 7,2% болғанда, 8,9% көрсетті.

Бұл ретте 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін зейнетақы активтерінің табыстылығы соңғы 12 айда (2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы қыркүйекке дейін) 10,14% болды.

Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі орта және ұзақ мерзімді келешекте қамтамасыз етіледі.

ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған. Атап кететін жәйт, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру моделі жұмыс істейді. ҚР Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.

Инвестициялық портфельді басқарушылар ИПБ басқаруындағы қаржының жалпы көлемі – 11,8 млрд теңге.

01.10.2023 ж. жағдай бойынша «Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 4,5 млрд теңге болды.

Компанияның ең маңызды салымдары: ҚР ҚМ МБҚ – 32,4%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 27%, ҚРҰБ ноттары – 23,7%; «кері РЕПО» – 10,4%, шет мемлекеттердің МБҚ – 6,4%. Атап кетейік, портфельдің 66,5% теңгемен; 33,5% – АҚШ долларымен ұсынылған.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан жыл басынан бері 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 392 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 9 айындағы кірістілігі – 9,3%.

"Jusan Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.

01.10.2023ж. жағдай бойынша "Halyk Global Markets" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 2,6 млрд теңге.

Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар: ҚРҰБ ноттары – 27,8%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 15,9%; "кері РЕПО" (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 12,4%; МҚҰ облигациялары – 10,7%, шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар – 8,4%, шетелдік эмитенттердің үлестік құралдары (ETF пайлары) – 7,7%. Ұлттық валютадағы инвестициялар портфельдің 75,7%, АҚШ долларымен 24,3% болды.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері – 347,4 млн теңге. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 9 айындағы кірістілігі – 13,5%.

"Halyk Global Markets" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында жарияланған.

"BCC Invest" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 1,9 млрд теңге.

Инвестициялардың негізгі бағыттарының ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: ҚР мемлекеттік облигациялары – 26%; Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 20,4%; пайлар (индекстерге ETF) – 7%; МҚҰ облигациялары – 4,6%, ҚР резидент эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 4,2%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 81,8%, АҚШ долларымен – 18,2% инвестицияланды.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 157,2 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің ағымдағы жылдың 9 айындағы кірістілігі – 10,2%. Есептелген инвестициялық кірістің көп бөлігі «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақыдан және бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түсті.

"BCC Invest" АҚ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымын БЖЗҚ сайтынан көре аласыздар.

2023 жылдың 1 қазанында "Сентрас Секьюритиз" АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 927,1 млн теңге.

Активтердің 57,28%-ы ҚР ҚМ МБҚ-на инвестицияланды; инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат 11,5%; «кері РЕПО» – 10,7%; Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған акциялар мен депозитарлық қолхаттар – 8,8%; квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 9,6%. Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 78,2%, АҚШ долларымен 21,8% инвестицияланды.

Инвестициялық қызмет және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі нәтижесінде жыл басынан бері есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 80,6 млн теңге болды. Зейнетақы активтерінің 9 айдағы кірістілігі – 8,2%.

"Сентрас Секьюритиз" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша "Halyk Finance "Қазақстан Халық Банкі ЕҰ" АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері – 1 891,7 млн теңге.

Портфель құрылымындағы инвестициялар мынадай: ҚРҰБ ноттары – 26,3%; ҚР ҚМ МБҚ – 25,9%, Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 21,2%, "кері РЕПО" (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 9,3%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 4,2%; шет мемлекеттердің МБҚ – 4,1%.

Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 86,5%, евро валютасында – 0,5%, АҚШ долларында – 13% инвестицияланды.

Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жыл басынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 57,3 млн теңгеге жетті. Зейнетақы активтерінің кірістілігі ағымдағы жылдың 9 айында – 12,1%.

"Halyk Finance "Қазақстан Халық Банкі ЕҰ" АҚ басқаруындағы қаржы құралдары инвестициялық портфелінің эмитенттері көрсетілген егжей-тегжейлі құрылымы БЖЗҚ сайтында ұсынылған.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 01 шілдедегі №62 қаулысымен бекітілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған табыстылығына негізделе отырып есептеледі.

Естеріңізде болсын, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Бұл ретте ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді және басқарушы компанияны таңдау құқығы салымшыға беріледі. Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар оларды ИПБ басқаруына 100% көлемде бере алады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.