Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 3 триллион теңгеден астам сомаға ұлғайды

Понедельник, 20 Ноябрь 2023 10:31 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 3338 раз

БЖЗҚ-ның 2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша негізгі көрсеткіштері 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы жеке шоттарында 17,2 трлн теңгеден астам қаражат жинақталды. Бір жыл ішінде зейнетақы жинақтары 3,1 трлн теңгеден астам (немесе 22,1%) мөлшерге өсті. Жыл басынан бергі өсім шамамен 2,6 трлн теңге (17,5%).

Қазақстандықтардың жинақтарының 96,78% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан. 2023 жылдың 1 қазанына МЗЖ көлемі бір жылда 21,9% ұлғайып, 16,67 трлн теңгеден асты. Жұмыс берушілер зиянды және қауіпті кәсіптер қызметкерлерінің зейнетақы шоттарына төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы өткен жылдың 1 қазанынан бастап 30,1%, ағымдағы жылдың басынан бастап 23,4% ұлғайып, 549,58 млрд теңгеге жетті. Жылдық ең жоғары өсімді (59,3%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі 4,92 млрд теңге.

Бұл көрсеткіштердің өсуі кіріс ағындар – зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістердің арқасында орын алды.

2023 жылдың 9 айындағы зейнетақы жарналарының сомасы – 1,55 трлн теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4% немесе 314,4 млрд теңгеге көп. 25,4% өсім МЗЖ, сондай-ақ, МКЗЖ бойынша болды.

БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 1,4 трлн теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 91,1% жоғары. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 9 айындағы инвестициялық кіріс шамамен 716,8 млрд теңге болды.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,27 млн бірлік деңгейінде қалыптасты, оның ішінде МЗЖ бойынша – шамамен 11,06 млн, МКЗЖ – 630,07 мың, ЕЗЖ – 387,7 мың.

Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 405, 66 млрд теңге төледі. Жасы бойынша төлемдер 109 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5% жоғары. Төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – шамамен 27%. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 198,75 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 77% аз. Дегенмен, төлемдердің жалпы көлеміндегі БЗТ үлесі әлі де 49% деңгейінде.

Сондай-ақ, жыл басынан бері мұрагерлік бойынша төлемдер – 39 млрд теңгеден астам, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 29,78 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 2 млрд теңге, жерлеуге төлемдер - 5,14 млрд теңге көлемінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 21,9 млрд теңге аударылды.

БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері (зейнет жасына толуына байланысты) – 32 126 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 742 692 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде кесте бойынша орташа айлық төлем 29 868 теңге, ең жоғары төлем 707 326 теңге болған еді.

Зейнетақы активтері бойынша, оның ішінде республика өңірлері бөлінісінде статистикалық деректер туралы барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде орналастырылған.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.