Тұрғындар үшін тиімділігі зор
Среда, 14 Сентябрь 2016 05:00Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлерге тақтайша ілді. Ерекшелігі сол, бұл тақтайшада Қаратау ауданы әкімдігінің, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының, өрт сөндіру, жедел-жәрдем, полиция бекетінің телефон нөмірі көрсетілген.
Бұдан бөлек жалюзи орнататын мекеменің ұялы телефоны бар. Өйткені аудан басшылығы, кәсіпкерге тақтайша жасауға демеуші болуды ұсынып, есесіне оған жарнамасын қоса енгізуді рұқсат берген.
– Қазынадан қаржы қаралмайтындықтан бірнеше кәсіпкерге өтініш жасадық. Сосын осы жалюзи орнататын мекемеден хабарласып, сіздер бізге эскизін жасап беріңіздер деді. Осылайша, бірлесіп, «Нұрсәттегі» көпқабатты үйлерге осындай ерекше тақтайша ілуді бастадық. Қазір 20 көпқабатты үйге, жыл соңына дейін 247 көпқабатты үйге ілінеді, – дейді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.
Қуанышы мол құтты мереке
Среда, 14 Сентябрь 2016 04:53Елімізде қасиетті Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілуде. Мешіттерде айт намазы оқылып, құрбандық малы шалынды. Облыстың барлық мешіттерінде мұсылмандық рәсімдер атқарылды.
Берекесі мен бірлігі мол мерекеге құрмет жоғары. Айттың алғашқы күні облыстық Орталық мешітке қала тұрғындары таңмен таласа жеткен. Мұндағы жиналған жамағатты облыс әкімі Б.Атамқұлов бастаған ел ағалары арнайы құттықтай келіпті.
– Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. Ата-баба дәстүрімен үндестігін тапқан айт мейрамы бүгінде мемлекеттік мереке дәрежесіне көтерілді. Елімізде бұл мерекені шат-шадыман көңіл күймен қарсы алу игі дәстүрге айналды. Сiздердi Құрбан айт мерекесiмен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiн, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек тағылымы мол насихат айтып, ҚМДБ-ның төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің құттықтау хатын жиналған жамағатқа оқып берді.
Құрбан айт намазынан кейін облыс әкімі Б. Атамқұлов өз атынан құрбандыққа мал шалды. Мешіт ауласына тігілген киіз үйлерде мәртебелі қонақтар мен жамағатқа мерекелік дастархан жайылды.
Сондай-ақ, мешіт ауласында ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күрес сынды ойындар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар берілді.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбектің айтуынша, аймақтағы 800-ге жуық мешітте бір мезгілде айт намазы оқылды. Бүгінде өңірдегі 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алып отыр.
Елбасының Қытайға сапары елдің дамуына серпін береді
Среда, 07 Сентябрь 2016 05:03Қыркүйек айының 4-5 күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты келіссөздер жүргізіп, G-20 саммитіне қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммитіне екінші рет әрі ҚХР төрағасының шақыруымен арнайы келіп отыр. Алдымен Елбасы Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар келіссөздер жүргізді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
– Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Алғаш рет Қытайға дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр
– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытай Үкіметі қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша өз міндеттерін атқаратынына сенемін, – деді Елбасы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі Мемлекет басшысы 4 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы 2004 жылғы 17 мамырдағы ҚР-ҚХР ынтымақтастығы жөніндегі комитет құру туралы келісімге қосымшалар енгізу туралы хаттама рәсімделді. ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сюй Шаоши «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламаларын түйіндестіру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын рәсімдеді.
Елбасы көрші елге жасаған сапарында «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысты.
– G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек. Мәселен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын бір нұсқа ретінде қарастыруды ұсынамын. Ол 140 мемлекеттің 30 мыңнан астам сарапшысының басын қосып отыр. 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Сонымен қатар, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамын. Онда БҰҰ-ның қолдауымен тиісті іс-шаралар өткізуге болар еді, – деді ҚР Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен, Ресей президенті Владимир Путинмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен, Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэймен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен, Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэмен де кездесіп, әңгімелесті.
Осылайша, Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапары табысты аяқталды. Бұл сапар елдің дамуына серпін береріне толық негіз бар. Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарланып отыр.
Шымкенттіктер салауатты өмірді насихаттады
Среда, 07 Сентябрь 2016 04:20Бұқаралық спорт – қала тұрғындарының сенімді серігі. Шымкентте салауаттылықты насихаттау, ұзаққа қашықтыққа жүгіру іс-шаралары дәстүрге айналған. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай облыс әкімдігі ұйымдастырған марафонға екі мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.
«Дені сау ұлт – Тәуелсіздік тұғыры». Осылай ұрандатқан қатысушылар Д. Қонаев даңғылынан «Наурыз алаңына дейін 5 шақырымды лезде жүгіріп өтті.
ҚР Премьер-Министрі, ҚР Президент Əкімшілігінің Басшысы жəне бірқатар Үкімет мүшелері бастаған қайырымдылық мақсаттағы халықаралық марафон эстафетасына Оңтүстіктің жастары да үн қосты. Қала тұрғындары, билік өкілдері мен мыңдаған жастар осындай игілікті істе белсенділік танытты.
Спорттық шара барысында мәре сызығын бірінші қиған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды арнайы сыйлықтармен марапаттады. Ерлер арасында Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының студенті Абдулазиз Абдукаюмов мәреге бірінші жетті. Ал қыздар арасында «Болашақ» колледжінің шәкірті Анастасия Автушко жеңімпаз атанды.
Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде қалада 200 мыңға жуық адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Жалпы шаһарда 871 спорт нысаны тіркелген: 314 спорт алаңы, саябақта 15 спорттық тренажер, 11 спорт кешені, 8 бассейн, 124 мектептің спорт залдары жұмыс істейді.
Мектептер жаңа оқу жылына дайын
Пятница, 26 Август 2016 09:03Шымкент қалалық әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде негізінен екі мәселе – қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы және қаладағы жастар саясатын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.
Алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева білім орындарының дайындығы жөнінде баяндады. Жанат Арысбекқызының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында 4 мектеп, 1 балабақша пайдалануға беріледі. «Қаратөбе» елдімекеніндегі жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, бүгінде 3 мектеп пен 3 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 127 мектеп, 87 балабақша жаңа оқу жылына дайын.
– Оқу жылының басталуына бір апта қалды. Жұмысты тездетіп бітіруді қадағалаңыздар. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жергілікті полиция қызметімен бірлесе қай жерлерге жол өткелдері қажеттігін зерделеңіздер. Сіздерде әлі уақыт бар. Бітпеген қауіпсіздік нысандарын тезірек аяқтау керек, – деді қала әкімі.
Екінші мәселе бойынша қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сәрсеева атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды. Қала әкімі қаладағы жастар саясатын дамытуда үш негізгі бағытқа назар аударуды тапсырды. Бірінші, жастарға дұрыс білім берілуі тиіс. Одан кейін жұмыспен қамтуды үйлестіріп және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға көңіл бөлу қажет.
Кәрім МӘСІМОВ: «Өңiрдiң аграрлық әлеуетi жоғары»
Среда, 24 Август 2016 05:52ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Үкімет басшысы өңірдегі өнеркәсіптік, тарихи-мәдени нысандарды аралап, маңызды мәселелерді талқылау үшін қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.
Премьер-Министр іссапарын алдымен Шымкент халықаралық әуежайының, темір жол вокзалының және автовокзалының қауіпсіздік жүйесімен танысудан бастады. «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы М. Шыныбаевтың айтуынша, Ақтөбедегі оқиғадан кейін Шымкент әуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларына көшкен. Күнделікті жолаушылар ағыны 1 мыңнан астам адамға жетіп отыр. Олардың бәрі аэровокзал ғимаратының кіре берісіндегі қосымша тексеріс орнынан өтеді.
Сонымен қатар, «Вокзал Қызмет» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Е.Шынтеков және «Самал» халықаралық автовокзалының директоры А.Шалабаев теміржол мен автовокзалдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы туралы мәліметтерден құлағдар етті.
Одан әрі Премьер-министрдің сапары Түркістанда жалғасты. Үкімет басшысы «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-мұражайының тыныс-тiршiлiгiмен танысып, зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу өткiздi. Жиында негізінен үш мәселе – туризмдi дамыту, тұрғындарды қолжетiмдi баспанамен қамтамасыз ету және қаланы газдандыру мәселелері талқыланды.
Соңғы жылдары облыста агроөнеркәсіп кешенінің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсу байқалып отыр. Премьер-Министрмен кездесуде аграрлық сектор өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және сақтауға, сондай-ақ көлік тарифтеріне қатысты мәселелерді көтерді. Ауыл шаруашылығын өңдеушілер сапалы шикізат тапшылығының кесірінен аймақтағы көптеген кәсіп-орындар толық қуаттылықта жұмыс істей алмай отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Б. Атамқұловтың мәліметінше, қазіргі уақытта Шымкентте халықаралық стандарттар бойынша көлік-логистикалық орталық құрылысы бойынша жоба әзірленуде.
– Бүгінде аталған бағдарламаның тиімділігіне ауыл xалқы көз жеткізе бастады. Мәселен, соңғы үш жылда 10 мыңға жуық жоба іске асқан. Атап айтқанда, осы мерзім ішінде өңірімізде 8102 шағын мал бордақылау алаңы, 1768 шағын отбасылық сүт фермасы, 104 сүт қабылдау бекеті, сонымен бірге, 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Аталған жобалардың жүзеге асуына 12,2 млрд теңге бағытталған, – деді облыс әкімі Б.Атамқұлов.
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Кәрім Мәсімов «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не болды. «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру» жобасы 2011 жылы басталған, 2017 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобаны жүзеге асыру барысы туралы Премьер-Министрге кәсіпорын президенті Ц.Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбеков баяндады. 2016 жылдың қаңтар-мамырында ШМӨЗ өндірген өнім көлемі 22 млрд теңгеден асыпты. АӨК өкілдерімен кездесулердің нәтижесін қорытындылай келе, Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысының жоғары аграрлық әлеуетін атап өтті. Өңдеу кәсіпорындарының проблемаларын шешу үшін Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кәсіпорындардың ұсыныстарын жинап, Үкіметке қарауға енгізуді тапсырды.
Шымқаланы шырайландырған iстер
Пятница, 19 Август 2016 09:05ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСКЕНІНЕ 1 ЖЫЛ ТОЛДЫ
Іскерлігімен, жаңашылдығымен көпшіліктің көңілінен шыға білген шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың қала әкімі қызметіне кіріскеніне бүгін – бір жыл. Естеріңізде болса, 2015 жылдың 19 тамыз күні Шымкенттің жаңа әкімі тағайындалған болатын.
Ғабидолла Рахматоллаұлына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қолдау танытып, миллионға жуық тұрғыны бар ірі мегаполистың тізгінін сеніп тапсыруы, бұл – үлкен жауапкершілік белгісі болса керек. Әрине, бір жыл дегеніңіз көп уақыт емес, дегенмен әкімнің қаншалықты іскер екендігін айқындауға жеткілікті мерзім. «Әкім бір жыл ішінде Шымкентте қандай жұмыстар атқарды?», «Қалаға қалдырған қолтаңбасы қандай?», «Осы уақыт төңірегінде қалада қандай маңызды жаңалықтар болды?» деген сауалдардың туындайтыны да заңдылық. Осы орайда сауалдарға жауап іздеу үшін әкімнің атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап көрелік.
Қаланың iргесiндегi «SHYMKENT CITY»
Ғабидолла Әбдірахымов Елбасы өзі сенім білдірген әкім екенін жоғарыда айттық. Ақордадан Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлығынан Шымкентке ауысқанда көпшілік «жаңашыл, жұмыстың жайын білетін нағыз маман келді» десті. Шаһар басшысы осы орайда өзіне артылған міндетті үлкен абыроймен атқарып, Шымкенттің шырайын ашуға күш салып келеді.
Қай істе де нақты жоспар, батыл бастама, мызғымас меже керек. Қала әкімі осы ретте жүйелі іске ден қойып, шаруаны ширату үшін 2015 жылдың 10 қараша күні облыс әкімі Б. Атамқұловқа Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын ұсынған болатын. Аталған құжатта Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі перспективалары көрсетілген. Даму тұжырымдамасында қала әкімдігінің негізгі мақсаты, яғни республикадағы үшінші ірі қала мәртебесіне лайықты орын қамтамасыз ету, ондағы тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Нәтижесінде, «Тұран» шағынауданы аумағынан «SHYMKENT CITY» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені құрылысының алғашқы жұмысы басталды. Бұл ірі жобаға мемлекеттік бюджеттен ғана емес, шетелдік инвесторлар тарту көзделген. Осыған орай, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов бірқатар шетелдік ірі компаниялармен екіжақты келісімге келді. Атап айтар болсақ, сәулет және құрылыс саласындағы, сонымен қатар қалаларды дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыруға маманданған халықаралық АЕСОМ компаниясының аймақтағы директоры Марина Костанянмен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Тараптар қалада жүзеге асырылып жатқан «SHYMKENT CITY» ауқымды жобасына ірі құрылыс компаниясының қатысуы туралы келісті. «Shymkent City» қалашығын іске асыру бойынша 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алты мыңға жуық жасөскiнге жылулық сыйлады
Тіршілікті тіреп тұрған мейірім екенін ұғынасыз. Былтыр Жаңа жыл қарсаңында Шымкенттегі «Көрме» орталығында аз қамтылған отбасындағы жетім балаларға материалдық көмек көрсетілді. Әкімдік жиынында Ғабидолла Рахматоллаұлы жаңа жылдық шыршаны безендіруге бөлінетін 80 млн теңгені жағдайы төмен және жетім балаларға көмек көрсетуге бөлуді тапсырды. Сол материалдық көмекті қалада 5918 бала алды. Акция барысында балалар отандық өнім өндірушілердің киімдерімен қамтылды. Бұл игі бастама елімізде зор қолдауға ие болды. Тіпті, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өз ортасында Шымкент мэрінің қайырымдылығы туралы жылы лебіздер білдірген.
Тазалыққа мән берген басшы
Шаһар басшысының бастамасымен қаланы абаттандыру бағытында шет аймақтағы елдімекендерді көріктендіру басты бағытқа қойылды. Осы мақсатта Мәртөбе, Сайрам елдімекендеріндегі саябақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қалада 7 гүлзар мен саябақ, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы ретте айтып өту қажет, биыл тұрғындардың қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осы мақсатта қаладағы 686 ауланы түнгі жарықтандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Нәтижесінде қаладағы барлық аула толығымен жарықтандырылды.
Транспорт саласының дамуы қала экономикасы үшін маңызды бағыттардың бірі. Агломерациялық процесстердің жүруі, көлік санының өсімі осы салаға көп көңіл бөлуді қажет етеді. Қазіргі таңда, 1 жаяу жүргінші өткелі, 9 магистральды көшені қайта құру, 5 елдімекеннің көшелерін қайта құру, 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 14 бағдаршам орнату жұмыстары атқарылуда.
«Whatsapp» кәдеге жарады
Шымкент тұрғындары қаладағы келеңсіз оқиғаларды ұялы телефондарына түсіріп, бірден әкімшілікке шағымдана алады. Ол үшін арнайы сенім телефон нөміріне «Whatsapp» желісі арқылы хат қалдыруына болады. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қолға алынған жоба арқылы Шымкенттегі тәртіп бұзушылықты азайтып, қаланы абаттандыру көзделді. Ал азаматтардан келіп түскен әрбір хат қала әкімдігі мамандарының бақылауында болып, жауап қайтарылады. Шымкент қаласы әкімдігінде кері байланыс қызметі жолға қойылуының нәтижесінде арнайы ұялы телефондағы «Whatsapp» қызметі, қала әкімдігінің ресми сайтындағы виртуалды қабылдау бөлімі, «Instagram-Direct» қызметі бойынша қала тұрғындарының өтініш-сұрақтарына жауап беріліп келеді. Сөз жоқ, сүйінішті іс.
«Фронт кеңсе» – халыққа қолжетiмдi
Шымкент қаласы әкімдігінде «Ресепшн» қызметі іске қосылғанын бұған дейін айтқанбыз. Әкімдікке келген кез келген қала тұрғыны осы қызметтен қажетті ақпаратын, ішке кіруге рұқсат қағазын алып, керек маманымен телефон арқылы байланыса алады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін ғимараттың кіреберісіне заманауи жұмсақ жиһаз қойылып, қабырғаларға теледидар ілінген. Қуантарлығы, биыл осы қызметтердің жетілдірілген, жинақталған түрі ретінде әкімдік жанынан «фронт кеңсе» ашылады. Енді Шымкент қалалық әкімдігіне байланысты кез келген ақпарат алу, қажетті құжаттарға қол жеткізу оңтайлана түспек. Яғни, қала тұрғындары ендігі ретте кезекте тұрып сабылмайды. Барлық мемлекеттік қызмет бір орында көрсетіледі. Мұндай қызмет түрі негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым халықтың арасын жақындата түседі. Әрине, бұл қуанатын жағдай.
Екiншi велостанса – Шымкентте
Шымкенттегі қуанышты жаңалық – «Shymkent Bike» жобасы. Жайшылықта «зауыт ашылды, балабақшаның лентасы қиылды…» деген сияқты ақпараттарға елең ете қоймайтын халық, бұл жолы кәдімгідей құлақ түрді, теледидарларға назар аударды. Қала жұртшылығы «Shymkent Bike» жобасы аясында велостанцияның салтанатты ашылуына келген қонақтар мен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты ыстық ықыласпен, зор ілтипатпен қарсы алды. Олай дейтініміз – қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытудың осынау жобасын Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық–Қазына» АҚ бірге іске асырды. Алғашқы сөзді алған қала әкімі қала тұрғындарын жаңа жобаның ашылуымен құттықтады. «Бұл жоба, – деді шаһар басшысы, – Біріншіден, адам денсаулығына өте пайдалы, денеңіз шынығады, сергек жүресіз, ауырмайтын боласыз, екіншіден, қала экологиясы жақсарады. Автомобильдердің көк түтіні біршама азаяды, үшіншіден, әлеуметтік жағдайыңыз жақсара түседі. Автобустарға отырудан аз шығын жұмсайсыз.»
Ғабидолла Рахматоллаұлы шаһар тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, Қошқар ата өзенінің бастауында алғашқы «Street Workout» спорттық алаңшасын салдырды. Бұл спорт түрімен Шымкент қаласында 3000-ға жуық жас айналысуда.
Қазір білім беру саласында бірінші кезекте апатты және үш ауысымды мектептерді жою басты мәселе екені белгілі. Қазіргі таңда 14 мектептің құрылысы жүргізілуде. Үш ауысымдағы 7 мектептің құрылысы басталып, бүгінгі таңда №66, 91 мектептердің құрылыстары аяқталған. Осы қысқа уақыт ішінде Шымкент қаласының әкімі бірқатар шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер мен түйіткілдерді реттеп, оң шешім табуын қадағалады. Осы уақыт аралығында халықтың әл-ауқаты артып, шымкенттіктердің жергілікті әкімдікке деген сенімі арта түсті. Қала әкімінің бастамасы мен игілікті істеріне жан-жақты тоқталғандағы мақсатымыз, мақтау-мадақтау немесе әсірелеу емес, жүзеге асқан жұмысты қаз-қалпында баяндау еді. Біз ең алдымен осы ойды мақсат еттік.
Мал бордақылауға – 2,4 млрд теңге несие
Пятница, 12 Август 2016 08:28Облыста «Береке» бағдарламасы бойынша жеке шаруашылықтарға 1 мың шағын мал бордақылау алаңын қаржыландыру жоспарланған. Осы мақсатта 913 шаруаға 2,4 млрд. теңге несие берілді. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Шағын несие негізінен 5-20 ірі қара мал басын бордақылайтын жеке шаруа қожалықтарға беріліп отыр. Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жалпы көлемі 9,2 млрд теңгеге 3,7 мың жобаны қаржыландырған.
Несие қаражаты негізінен ірі қара, жылқы және құсты бордақылау мен ауылшаруашылық өнім алу үшін сатып алу, сондай-ақ, мал азық сатып алуға мақсатында жұмсалуы тиіс.
Несиенің максималды сомасы – 3 миллион теңгеге дейін, қарызды мерзімнен бұрын өтеген қатысушылар үшін – 5 миллион теңгеге дейін. Қарыздың берілу мерзімі – 4 жыл.
«Береке» бағдарламасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан әзірленген еді. Республика бойынша 2016 жылы 55 мыңға жуық мал басына арналған 7 мыңнан астам шағын мал бордақылау алаңы қаржыландырылады деп күтілуде.