Кәрім МӘСІМОВ: «Өңiрдiң аграрлық әлеуетi жоғары»

Среда, 24 Август 2016 05:52 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4882 раз

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Үкімет басшысы өңірдегі өнеркәсіптік, тарихи-мәдени нысандарды аралап, маңызды мәселелерді талқылау үшін қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Премьер-Министр іссапарын алдымен Шымкент халықаралық әуежайының, темір жол вокзалының және автовокзалының қауіпсіздік жүйесімен танысудан бастады. «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы М. Шыныбаевтың айтуынша, Ақтөбедегі оқиғадан кейін Шымкент әуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларына көшкен. Күнделікті жолаушылар ағыны 1 мыңнан астам адамға жетіп отыр. Олардың бәрі аэровокзал ғимаратының кіре берісіндегі қосымша тексеріс орнынан өтеді.

Сонымен қатар, «Вокзал Қызмет» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Е.Шынтеков және «Самал» халықаралық автовокзалының директоры А.Шалабаев теміржол мен автовокзалдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы туралы мәліметтерден құлағдар етті. 

Одан әрі Премьер-министрдің сапары Түркістанда жалғасты. Үкімет басшысы «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-мұражайының тыныс-тiршiлiгiмен танысып, зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу өткiздi. Жиында негізінен үш мәселе – туризмдi дамыту, тұрғындарды қолжетiмдi баспанамен қамтамасыз ету және қаланы газдандыру мәселелері талқыланды.

Соңғы жылдары облыста агроөнеркәсіп кешенінің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсу байқалып отыр. Премьер-Министрмен кездесуде аграрлық сектор өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және сақтауға, сондай-ақ көлік тарифтеріне қатысты мәселелерді көтерді. Ауыл шаруашылығын өңдеушілер сапалы шикізат тапшылығының кесірінен аймақтағы көптеген кәсіп-орындар толық қуаттылықта жұмыс істей алмай отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Б. Атамқұловтың мәліметінше, қазіргі уақытта Шымкентте халықаралық стандарттар бойынша көлік-логистикалық орталық құрылысы бойынша жоба әзірленуде. 

– Бүгінде аталған бағдарламаның тиімділігіне ауыл xалқы көз жеткізе бастады. Мәселен, соңғы үш жылда 10 мыңға жуық жоба іске асқан. Атап айтқанда, осы мерзім ішінде өңірімізде 8102 шағын мал бордақылау алаңы, 1768 шағын отбасылық сүт фермасы, 104 сүт қабылдау бекеті, сонымен бірге, 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Аталған жобалардың жүзеге асуына 12,2 млрд теңге бағытталған, – деді облыс әкімі Б.Атамқұлов. 

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Кәрім Мәсімов «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не болды. «Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру» жобасы 2011 жылы басталған, 2017 жылы аяқталады деп жоспарлануда. 

Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобаны жүзеге асыру барысы туралы Премьер-Министрге кәсіпорын президенті Ц.Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбеков баяндады. 2016 жылдың қаңтар-мамырында ШМӨЗ өндірген өнім көлемі 22 млрд теңгеден асыпты. АӨК өкілдерімен кездесулердің нәтижесін қорытындылай келе, Кәрім Мәсімов Оңтүстік Қазақстан облысының жоғары аграрлық әлеуетін атап өтті. Өңдеу кәсіпорындарының проблемаларын шешу үшін Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кәсіпорындардың ұсыныстарын жинап, Үкіметке қарауға енгізуді тапсырды.