АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

Среда, 19 Июнь 2024 07:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 362 раз

БЖЗҚ-дан жасына, мүгедектігіне және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін қалай рәсімдеуге болады?

 

         БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдар, сондай-ақ егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар БЖЗҚ-дан белгіленген зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқылы.

         БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты зейнетақы төлемдерін зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы жасына байланысты зейнетақыны жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған адамдар ала алады: ерлер 63 жасқа, әйелдер 61 жасқа толғанда. Зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Өтініш пен қажетті құжаттардың ХҚКО-да тіркелген күні өтініш берілген күн болып есептеледі (алушы зейнет жасына толған жағдайда, ал зейнет жасына толмаған болса - зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып есептеледі). Осыған байланысты ХҚКО-ға өтінішпен уақытылы жүгінуге кеңес береміз. Өйткені бұл төлемдерді бюджеттен алу үшін өте маңызды. Оны тағайындау үшін алушы ұсынған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру талап етіледі.

         Бұған қоса, телефон нөмірлері еgov мобильді азаматтар базасында тіркелген болашақ зейнеткерлерге (әлеуетті алушыларға) зейнет жасына толғанға дейін 2 ай қалғанда 1414 нөмірінен зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі қызметтерді алу үшін Мемлекеттік корпорацияның жақын жердегі бөлімшесіне уақытылы жүгіну мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберілетініне назар аударамыз. Онда egov.kz сайтындағы қажетті құжаттар тізіміне сілтеме беріледі. Яғни, мемлекеттік органдар зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде ресімдеу үшін тиісті хабарламалар жібереді. Себебі, өткізіп алған кезең үшін төлемдер тағайындалмайды.

         Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде оларға зейнетақы төлемдерін өтінішсіз-ақ аударады.

         Мерзімсіз уақытқа бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып БЖЗҚ сайтындағы (enpf.kz) немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасындағы жеке кабинет арқылы жүгіну қажет.

         БЖЗҚ-да мерзімсіз белгіленген бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін барып көрсетілетін қызмет ұйымдастырылғанына назар аударамыз. Бұл ретте алдын ала кеңес беру, оның ішінде қызметтерді қашықтан, ешқайда шықпай-ақ алу мүмкіндігіне тексеру жүргізіледі.

         Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен төлемдер алуға өтініш те БЖЗҚ-ға: enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасындағы жеке кабинетте онлайн-форматта, сондай-ақ Қордың кез келген бөлімшесінде беріледі. Естеріңізге сала кетейік, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін 50 жастан бастап, яғни жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына дейін алуға болады. Бұдан басқа, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ЕЗЖ есебінен төлемдер мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жүзеге асырылады.

        Атап кеткен жөн, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

         enpf.kz сайтындағы «Қызметтер - Алушыларға» бөлімінде зейнетақы төлемдеріне, оларды беру тәсіліне, оларды ресімдеуге қойылатын талаптарға, өтініш бланкілеріне және оларды толтыру үлгілеріне, сенімхат үлгісіне байланысты қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған. «Электрондық сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдеріне жіберілетін құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі бар.

         БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.