МӘМС: 4 айда 400 науқасқа күрделі ота жасалды

Пятница, 07 Июнь 2024 06:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 248 раз

mams-4-ai

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімдігін әлі күнге дейін халық біле бермейді. Дегенмен, МӘМС арқылы көп жағдайда тегін ем алуға мүмкіндік бар. Осы саладағы оң жетістіктер мен тұрғындарды сақтандыру жүйесімен қамту мәселелері туралы қор филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК айтып берді.

– Жекеменшік медициналық ұйымдар МӘМС шеңберінде халыққа қандай қызмет көрсетеді?

– МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында 2022 жылы 130 ұйым, бүгінгі таңда 190 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і – мемлекеттік, 156-сы – жекеменшік медициналық ұйымдар. Ең бастысы халықтың таңдау құқығы бар. Жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы. Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетеді.

Филиал тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізілуде. Өйткені, халықты сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамту, қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттыру – МӘМС жүйесінде медициналық қызмет берушілерге қойылатын негізгі талаптар. Былтыр, мәселен, емханалар тарапынан уақтылы медициналық қызмет көрсетілмеуіне байланысты 500-ге жуық шағым тіркелген. Азаматтардан түскен 65 шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 22-нің негізділігі анықталған.

– МӘМС инсульт алған науқастарға қалыпты өмірге оралуға қандай мүмкіндіктер беруде?

– Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде инсульт алған 700-ден астам адам медициналық оңалту шараларымен қамтылды. Науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге қайта оралулары үшін МӘМС есебінен оңалту көмегін көрсетуге 168 млн 387 мың теңге қаржы жұмсалған. Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да асқынған ауруларда отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуы оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.

Шымкентте жалпы МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артты. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Оңалту шараларының арқасында өздері жүретін жағдайға, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.

– Халықтың басым көпшілігі әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігін біле бермейді. Осы мәселені тереңірек түсіндіріңізші.

– Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны – 220 731. Қордың басты мақсаты халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту. Дегенмен, бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайы ерекше назарда. Шымкент қаласы бойынша жағдайы өте мүшкіл Е санатындағы 9555 адам тіркелген. Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды медициналық көмекпен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда барлық жауапты басқармалар тарапынан әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіптік оқыту арқылы жұмыссыз адамдарды қамту және денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіз, бірақ мүгедектік тағайындалмаған азаматтарды емдеу мекемелері медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссия қарауымен қамтамасыз ету көзделген.

– Жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?

– Шымкентте биыл 4 айда МӘМС қаражатының есебінен 400-ден астам науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Атап айтқанда, аруханаларда ми-қан тамырларының күрделі бұзылыстары, жүрек аурулары және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да аурулар бойынша қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалған. МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда. Мәселен, соңғы 4 жылда 13 науқасқа құны 77 миллион теңге тұратын жасанды жүрек отасы жасалған. Жалпы, биыл 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған.

 

Сұхбаттасқан
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.