Ұранды елдің – ұрпағы қайсар Избранное

Пятница, 07 Июнь 2024 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 320 раз

urandy-el

Еліміздің батысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы механикаландырылған бригадасының әскери қызметшілері мен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Шымкентке оралды.

 

Антқа адалдығы үшін алғыс айтты

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 300 әскери қызметшісі мен 17 техникасы бар әскери эшелон Бадам ауылына оралды. Жеке құрамды теміржол станциясында бригада командирі полковник Әмірқожа Айтқожин қарсы алды.

Әскери қызметшілерді әріптестері, ата-аналары мен отбасы мүшелері қошеметпен қарсы алды.

Саптық алаңда біріккен жасақтың командирі подполковник Айбар Абайұлы бөлім командиріне 55 күндік іссапардың қорытындысы туралы баяндады.

Бөлімше Махамбет ауданының орталығы мен Есбол, Еңбекшіл, Ақжайық, Ақтоғай, Талдыкөл және Жалғантай ауылдарын тасқын судан қорғауға қатысты. Осы уақыт ішінде механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері ұзындығы 90 шақырымдық жағалауды нығайтатын құрылыстар салып, құм салынған миллионнан астам қап дайындап, төседі.

Полковник Әмірқожа Айтқожин әрбір әскери қызметшіге жанқиярлық еңбегі, ерлігі және антқа адалдығы үшін алғысын білдірді.

– Апат аймағында жұмыс істеу сіздерден күш-қуат, төзімділік қана емес, жоғары жауапкершілікті де талап етті. Ауылдарды тасқын судан қорғауға және одан келетін шығынды азайтуға тырысып, сіздер ерекше батылдық пен табандылық таныттыңыздар, – деп атап өтті командир.

Іс-шара соңында ерекше көзге түскен әскери қызметшілер төсбелгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

 

Олар батыста ерліктің үлгісін көрсетті

Атырау облысына су тасқынын жоюға аттанған шымкенттік құтқарушылар да өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап, үйлеріне оралды. Оларды әріптестері мен туыстары салтанатпен күтіп алды.

Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ.Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен   күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.

Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Атырау облысындағы су тасқынына қарыс іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 13 сәуірден бастап Атырау облысының Құлсары қаласы, Алмалы, Ақжар, Индербор, Махамбет аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 60 мың қап төседі, сондай-ақ 323 236 текше метр су сорды. Тұрғындарының атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс айтылып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Еске сала кетейік, Атырау облысына Шымкент қаласы ТЖД 47 жеке құрам, 6 техника, 15 мотопомпа, 2 қайық жіберілген болатын.

«ШК» – ақпарат

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.