Көрікті көргенсіз бе?

Пятница, 24 Май 2024 10:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 358 раз

Жастардың ел тарихына, тарихи жәдігерлерге деген қызығушылығы оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде өте маңызды. Тарих – біздің шеберлерімізге шабыт беретін қайнар көз.

Бүгін біз ұсталардың басты құралына айналған көрік жайлы тың деректермен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Ұсталық – ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын ұлан-ғайыр жерге иелік еткен қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан киелі өнер. Бабаларымыздың ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде пайдаланған қару-жарақтары, бейбіт күнде тұтынған тұрмыстық заттары, әшекей бұйымдары – барлығы темірден түйін түйген ұсталардың қолынан шыққан. Бұл кәсіпте шеберлерге серік болған құралдардың бірі — көрік. Алайда, бүгінде бала түгілі ересектердің өзі көрік жайлы біле бермейді. Тіпті, ғаламтор желісінде де мәлімет жоқтың қасы.

Көрік – ұста дүкеніндегі былғарыдан немесе теріден жасалған ауа үрлеуіш. Ұста, зергерлер бұл құралды түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу кезінде оттыққа жел беріп тұру үшін қолданады. Көріктің қос көрік, аспалы көрік, аяқ көрік деген түрлері бар. Оның көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Қос көрік – бір-біріне қарама-қарсы орналастырылған екі көрік. Екеуінің көмейі де бір оттыққа, яғни көріктің аузындағы от жағатын жеріне келіп тіреледі. Жеңіл-желпі жұмысты жалғыз көрікпен-ақ атқара беруге болады. Егер үлкен бұйым соққанда көріктің әлі келмесе, онда қос көрікті бірдей іске қосады.

Қол көрік дегеніміз – екі тақтайдың арасына иленген теріні керіп жасалған көрік. Оның астыңғы шанағына қайыстан бау тағылып, баудың бір ұшы көріктің бастырығына байланады. Көріктің астыңғы тақтайының ортасындағы тесікте киіз желбезегі болады, бастырықты төмен басқанда астыңғы тақтай жоғары көтеріледі. Сол кезде желбезегі жабылып, астыңғы шанақтағы жиналған ауаның жартысы көріктің көмейіне, жартысы ортаңғы тақтайдағы ашылған желбезек арқылы үстіңгі шанаққа толады. Астыңғы тақтай төмен түскен кезде бел ағаштағы желбезек жабылады да, үстіңгі шанақтағы ауа үстіңгі шанақтағы төмен түскендегі қысымымен көріктің көмейіне қарай бет алады. Осы жолмен көріктің екі шанағы да ауаны кезек-кезек үрлеп тұрғандықтан, көріктің көмейінен үздіксіз уілдеп жел ұрып тұрады. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады. Бұндай көлемді көріктер төрт өгіздің терісінен жасалады. Ел аузында «Көрігің желді болсын, көлігің жеңді болсын» деген сөз осыдан шықса керек.

Мес көрік – бұл көріктің ең қарапайым, әрі байырғы түрі. Мұндай көрікті бітеудей, жармай сыпырылған екі ешкінің терісінен жасайды. Ешкі терісін осы әдіспен сыпыруды «мес қылып сою» деп атайды. Теріні сыпырып жатқанда пышақ тигізбей, жұдырықпен іреп алу керек. Содан соң теріні тұздап, бірнеше күн малмаға салып, керіп, әбден жұмсартады. Содан соң терінің бөксе жағын тегістеп қырқып, одан екі жұқа ағаш шегелеп, ішкі жағын жұқа киізбен астарлайды. Ағаштың біреуіне бас бармақ, екіншісіне төрт саусақ еркін сыятындай қайыс бүлдіргі тағылады. Осы жолмен әзірленген екі ешкі терісінің алдыңғы пұшпақтарына ағаштан тығын кигізіп, сыртынан қайыспен мықтап байлап, қайыстың артылған ұшын қазақ бау ретінде бос қалдырады. Содан соң кепкен аша ағашын алып, әр ашасының өзегін қуалай қызған темірмен теседі де, ол тесіктер ағаш діңіндегі одан гөрі үлкенірек тесікпен жалғасып жатады. Ағаш діңіндегі тесікке темірден, қаңылтырдан жасалған көмей бекітіледі. Көрікті орнату үшін бар болғаны үш темір қазық қағылады. Оның бірі көріктің аша тұсына қағылса, екеуі екі местің пұшпағының тұсына қағылады да, пұшпақтарындағы қайыс баулармен байланады. Көшпелі өмірде, жорықта мұндай көрік өте ыңғайлы және жеңіл, қарапайым, көп орын да алмайды. Бұл көрікті басатын адам екі местің арасына отырып, көріктің бүлдіргесін саусақтарын ақыстырып алып, алақанын ашып, месті жоғары көтеріп тұрып, дереу жұма қойып, төмен басса, местің ішіне толған жел астындағы қуыс арқылы көріктің көмейіне, сол арқылы әрі қарай оттыққа беріледі. Осы әдіспен екі месті алма-кезек желге толтырып, басып отырса, көрік толассыз жұмыс істейді.

Аяқ көріктің алдыңғы көріктерден айырмашылығы – оны қолмен емес, аяқпен басады. Ол үшін дөңгелек маховиктің иінді білігіне жалғасқан педальді басып отырса болғаны. Жұмыс істеу принципі аяқ машинанікіндей. Маховиктің жетегі көріктің сыртқы қаңылтырмен қоршалған желдеткіш ебелегін айналдырады. Ебелекті қоршауымен қосып, «ұлу» деп атайды. Ертеректе көрікті жағатын көмірді қолдан әзірлеген. Оны ұсталар өздері жағып немесе көміршіге жақтыратын болған. «Темірші көміршіге үйір» деген сөз содан қалған. Көрікті   ортаға орналастырып, отты шаңырақтың астына түтін шығатын тұсын дәл келтіріп орналастырады. Көріктің оттығына жақын жерде су толтырылған ағаш немесе темір кеспек орнатылады. Көрікке таскөмір жаққанда ыс тимеу жағы да қарастырылады.

Ұсталық өнерді өзге өнер түрлерінен бөліп, жеке-дара қарауға әсте болмайды. Қазіргі кезеңде де ата-бабамыздың қасиетті жолын қуған, темірден түйін түйген ұсталар елімізде баршылық. Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Сондықтан, ең алдымен барыңды бағалап, рухани мұраларды қалдырмай жинап, сақтау қажет.

 

Г.БЕЙСЕНОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени
кешенінің кіші ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.