Осымен алтыншы жыл өткізілген байқауға білім саласында қызмет ететін, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысты. 22-30 сәуір аралығында мектептерде байқау өтіп, 11 өнерпаз ақтық сынға жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылардың өнерін бағалау кезінде ата-аналарының белсенділігі мен қатысуы айрықша ескерілген. Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар 5 кезең бойынша бақ сынаған. Әрбір мекеме «Ерте, ерте, ертеде...», «Тыйым сөздер – тәрбие көзі», «Салт-дәстүр – асыл қазына», «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды», «Өнерліге өріс кең» кезеңдері бойынша бақ сынаған.
– Байқауда ана тіліміздің, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне назар қойдық. Қазақша сайрап тұрған балалар ана тіліне деген құрмет өздерінен басталатынын дәлелдей түсті. Әрбір кезең бойынша ерекше дайындықпен келген қатысушылардың өнеріне тәнті болдық. Олардың киім үлгісі, сахнада өздерін ұстауы, белсенділігі жоғары деңгейде болды. Биылғы байқауға бір мектептен 100-ден аса оқушы қатысып, жалпы 800-ден аса бала қамтылды,– дейді қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ-нің директоры Гүлмира Жанысбекова.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені №71 жалпы орта білім беретін мектебінің қатысушылары қанжығалады. Ал үздік үштікке №83 жалпы орта білім беретін мектеп, Д.Нұрпейісова атындағы №116 жалпы орта білім беретін мектеп, Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназиясы, Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі ие болды.
Жүлделі орын алған қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Г.БАЖАҚАЙ