«ХАЛЫҚ ГУБЕРНАТОРЫ» Избранное

Среда, 22 Май 2024 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 320 раз

Ресейдің ірі аймақтарының бірі – көмірлі Кемерово облысын 20 жылдам астам уақыт басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Төлеев көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, сексеннің сеңгіріне бірнеше айлар қалғанда дүниеден озды. Биік мансап пен биліктің дәмін татып жүрсе де, қоғамдағы өзгерістерге, әділетсіздікке бой бермей, тік мінезділігінің арқасында сонау Ресейдің Думасында сөз сөйлеп, мемлекетті дұрыс басқара алмай, олигархтардың жетегінде кеткен Президент Б.Ельциннің саясатына қарсы шығып, қателіктерін бетіне басқан санаулы азаматтардың бірі.

kitap-1

 

Биліктің қас-қабағына қарап, қай жерде көзге түсіп, қай жерде бұғып қалуды меңгеріп алған «тәртіпті» шенеунік емес еді ол. Азаматтық мінезімен қалың елге тұлға болып танылған Аман Төлеевтің 80 жылдығына арналған екі күндік ауқымды іс-шара Шымкентте өткізілді. Бұған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев бастамашы болды. «Дөңгелек үстел» мәжілісімен басталып, ғылыми конференцияға ұласқан іс-шарада А.Төлеевтің өткен жолы мен өміріне шолу жасалды.
– Шымкент төрінде қазақтың біртуар азаматы, сонау ормандай орысты мойындатқан, Кемеровода 20 жыл губернаторлық жасаған Аман Төлеев ағамыздың мерейтойы өтіп отыр. Жиында Аман Төлеев туралы шыққан кітаптардың тұсауы кесілді. Бір өзі бір дәуірді иығына көтерген баяғы біздің Толағай батырымыз сияқты тұлға. Мен 1993 жылы Сарыағаш шипажайында Аман ағамызбен бірге демалған болатынмын. Сол жылы Аман ағамызға өз пәтерінде шабуыл жасалған, яғни оқ атқан. Өзінің айтуынша, тура маңдайдан дәлдеп атылған оқтан аман қалған. Себебі, қастандық болатынын сезіп, есіктен сәл қиыс тұрған екен. Сол шабуылдан кейін «мен өз Қазақстанымда болсам осылай оққа ұшар ма едім» деген ой келеді. Содан ол жұбайымен елге келіп, билікке өзінің қызмет таңдамайтынын айтып, қандай қызмет болсада істеуге дайын екендігін жеткізген. Өкінішке қарай, сол уақытта біздің биліктен еш хабар болмаған соң ол қайта Ресейге оралады. Сондай ақкөңіл, ашық жарқын, ешкімді жатсынбайтын мінезімен ол орыс халқының құрметіне бөленді деп ойлаймын. Осындай арда азаматты біздің жастарымыз білуі тиіс. Тағы бір айта кететін жайт, Аман Төлеев сол орыстың жерінде 21 мешіт салғызды. Бұдан біз ол кісінің асыл дінімізге немқұрайлы қарамағандығын көре аламыз. Сол себепті де бүгінгі іс-шараның маңызы зор, – деді ақын Ханбибі Есенқарақызы.
Амангелді Төлеев Ресейдің Президент сайлауына үш рет түскен.

kitap


20 жылдан астам уақыт Ресейдің күрделі өңірі Кузбасты басқарған. Ресейдің үш Президенті тағайындаған, халық үш рет сайлап, «Халық губернаторы» атанған саяси феномен А.Төлеев 2023 жылы қарашада дүниеден озды. Қаралы хабардан кейін ел азаматтары Кузбасқа арнайы барып, ақтық сапарға шығарып салған болатын. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында құран бағышталды. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен Аман Төлеевтің Шымкентте 80 жылдық мерейтойын атап өту қолға алынып, іске асты. Ауқымды іс-шара неге Шымкенттен бастау алды деген сұрақтың мәнісін Б.Тұрғараев былай түсіндіріп берді:
– Аман Төлеевтің әкесі Молдағазы Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданында туғанымен, саналы ғұмырының бір кезеңінде біздің өңірде қызмет істеген. Төлеевтер отбасының арғы тарихы да біздің өңірмен байланысты. Аман Төлеевтің әкесі ғана емес, аталары Шардарада тұрған. Қайтыс болғаннан кейін қаладағы «Мүлкі ата» зиратында жерленген. Оның осы өлкені туған жеріндей көргенін, Қазақстанға сапарында көңілін сергіткен даласы, жанына жалау іздегенде тыныштық табатын ортасы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ажалдан шет болып, 80 жылдық мерейтойын атап өту бұйырса да, ол осы оңтүстік өңірін таңдаған болар еді. Төлеевті тану біздің бүгінгі ұрпағымызға қажет. Өйткені ол Қазақстаннан шалғай жүрсе де, ақыл-парасатымен, болмыс-бітімімен ұлтының мерейін өсіріп, ата-жұртының абыройын асқақтатқан атпал азамат, – деді Б.Тұрғараев.
«Дөңгелек үстел» мәжілісінде Жұмабек Мұқановтың «Губернатор Аман Төлеев» атты кітабының тұсаукесері өтіп, оқырманға таныстырылды. Кітапта тегеурінді тұлғаның туғаннан ақтық сапарға аттанғанға дейінгі жүріп өткен жолы түгел қамтылған. Сондай-ақ, бұл күні «Жизнь замечательных людей» атты кітабының Аман Төлеевке арналған сериясы мен «Алдаспан ғұмыр» журналының да тұсаукесері өтті. Игі іс-шараның соңы үлкен асқа ұласып, екінші күні ғылыми конференциямен жалғасты.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, елге белгілі ақын жазушылар, студенттер, сондай-ақ Ресей Федерациясы Кемерово облысынан келген арнайы қонақтар, дінбасылары қатысты. Конференцияның модераторы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек спикерлер мен қонақтарға сөз беріп, қалың жұртшылық біртуар тұлғаның өткен өмірінің өнегесіне қанық болды.
Жиында елге белгілі ұлт зиялылары Тоқтар Әубәкіров, Өмірзақ Озғанбаев, Зауытбек Тұрысбеков, Амалбек Тшанов, Светлана Жалмағанбетова, Шыңғыс Мұқан сынды спикерлер сөз сөйлеп, Амангелді Төлеевтің өмірімен, естеліктерімен, елге жасаған жақсылықтарымен бөлісті. Көп көкейінде осындай біртуар азаматтың өз елінде басшы болмағанына өкініш тұрды. Шымкентте өткен осынау іс-шара жас буынға қазақтан шыққан өр мінезді тұлғаны жан-жақты таныстыра білді.
Амангелді Төлеевті мәңгілік сапарға шығарып салу рәсімінде сөз сөйлеген өңірдің жаңа губернаторы Сергей Цивилев Кузбастың тұтас тарихы Амангелді Төлеевпен байланысты болғанын, оның аймақты қиын-қыстау кезеңде басқарып, сол кездегі дағдарыстан шығара білгенін айырықша атап өтті. Күрделі кезеңде бүкіл ел ереуілге шыққанда, облыс билігін өз қолына алып, Ресейдегі ең мықты басшылардың біріне айналған Кузбасс губернаторы А.Төлеевтің есіл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ресей мемлекетіне сіңірген еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. 1999 жылы Б.Ельциннің Жарлығымен орденмен марапатталды. Бірақ, елді қайыршылыққа ұшыратқан үкіметтің саясатына қарсылығын білдіріп, орденнен бас тартты. Сондай-ақ ол Моңғолия Ғылым академиясының Ұлан-Батор университетінің құрметті профессоры, халықаралық ақпараттандыру академиясының және халықаралық инженерлік академиясының толық мүшесі.
Ел басқару – биік өнер. Амангелді Төлеев сол биік шыңды бағындырған тұлға. Ол кезінде Үндістан Премьер-министрі Р.Гандидің: «Үндістанда бір баланың қарны ашса, оған мен кінәлімін» деген ұстаныммен өмір сүрді. Оның Кемероводағы апатқа өзін кінәлі санауы нағыз халықшылдығы еді. Көмірлі аймақтың халқы оны осы қасиеті үшін төбесіне көтеріп, әулиедей көрді. Конференция мінберінен елімізге танымал ғалымдар мен саясаткерлер, қоғамдық ұйымдардың көрнекті тұлғалары мазмұнды баяндамалар жасап, А.Төлеевтің жарқын бейнесіне лайықты бағасын берді.
Аман Төлеев қайда жүрсе де өзінің елін ұмытқан емес. 2010 жылы Шымкент қаласында «Ел иесі, жер киесі – Пір Бекет» халықаралық ғылыми конференцияның өтетінін естіген кезде ұйымдастыру комитетінің төрағасы Б.Тұрғараевқа жеделхат жолдап, тілектестігін білдірген болатын. Осылайша арадағы ағайындық жылы қарым-қатынас 13 жыл бұрын басталған-ды. Әділдікті ту еткен, парасат биігінен ауытқымаған Аман Молдағазыұлының рухына бағышталған барлық іс-шара ұрпаққа өнеге екені даусыз.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.