«АЛАШ» ЖӘНЕ «ҚАЗАҚШЫЛДАР» ҰЙЫМЫ: ҰЛТ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?

Пятница, 01 Декабрь 2023 04:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 93 раз

Кеңестік билік қанша жерден халықтың аузын бағып, бұғауда ұстауға барын салса да қазақтың рухын баса алған жоқ. Түбінде бір теңдік алып, жеке ел боламыз деген асқақ арман жетегіне ерген жас буын өкілдері еліміздің әр өңірлерінде әр түрлі астыртын ұйым құрып, езгіге түскен елдің еңсесін көтеру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатты.

800

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Шымкент қалалық жұмыс тобының әзірлеп баспаға ұсынған «Алаш қозғалысы – Оңтүстік өңірдің архив құжаттарында» атты жинағында, түпкі идеясы «Алаш» көсемдерінің азаматтық идеясына негізделген – Қазақ жастарының «Қазақшылдар» жасырын ұйымы мүшелерінің 1928 жылы 7 мамырда Шымкент қаласында атқарған жұмыстары туралы құнды деректер келтірілген.
1928 жылдың сәуір айында Достанов Еңсеп Қызылорда қаласынан Шымкентке келіп, Базарная көшесіндегі №69 үйдегі жолдастары – Бітімбаев, Досов және Жүзбаевтың пәтерінде тұрады.
Бірте-бірте бұл адамдармен, сондай-ақ ауылшаруашылық техникумының студенттері Молдабеков және Манасбаевпен әңгімелесу барысында Достанов «Қазақшылдар» ұлтшыл контрреволюциялық астыртын ұйымының тапсырмасымен Шымкент қаласына астыртын жұмыстарға келгенін аңғартады. Содан кейін ол Манасбаев, Бітімбаев және Молдабековпен жоғарыдағы ұйым атынан қазақ халқына Үндеу шығару қажеттігі туралы сөйлесіп, Үндеу шығаруға тікелей қатысу үшін сөз байласуға кіріседі.
Үндеуді дайындауға Бітімбаев, Молдабеков, Манасбаев және Достановтың өзі қатысқан, ал Достанов пен Бітімбаев Үндеу мәтінін дауыстап айтып тұрған, Манасбаев бұл үндеуді жазған. Үндеу редакциясы Бітімбаевқа тиесілі. Осылайша 6 данасы жасалды.
Үндеуге қажет қағазды «Знание» дүкенінен сатып алған, ал бұл қағазды сатып алу үшін ақшаны Достанов Досовтан алған.
Үндеуді 1928 жылдың 7 мамырына қараған түні Достанов, Молдабеков және Манасбаевтар Губерниялық атқару комитетінің, Губзу, Еңбек бөлімінің, Губсудтың, Атқару комитетінің және қалалық дәріхананың терезелеріне жабыстырған.
«Қазақшылдар» жасырын ұйымының мүшелері:
1. Досанов Еңсеп, Сырдария губерниясы, Қазалы ауданы, Қамбаш болысының №1 ауылы, қазақ, 23 жаста, бойдақ, сауатты, комсомол мүшесі, сотталмаған.
2. Бітімбаев Абдурахман – 21 жаста, қазақ,. Қазалы қ., бойдақ, сауатты, комсомол мүшесі, сотқа тартылған қызметкер, қазіргі уақытта жұмыссыз.
3. Манасбаев Қошқарәлі – 21 жаста, Әулие-Ата уезі, Қарабәкір ауданы, №7 ауылы, қазақ, бойдақ, комсомол мүшесі, Шымкент ауылшаруашылық техникумының студенті, сотталмаған. 1928 жылдың 25 мамырында ОГПУ Сырдария губерниялық бөлімі қамауға алды. Қазақстандағы ОГПУ, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабымен 3 жылға сотталды. 17 маусым 1989 жылы ақталды.
4. Молдабеков Мәулен – 22 жаста, Шымкент облысы, Түркістан уезді, №6 ауылы, қазақ, бойдақ, комсомол мүшесі, Шымкент ауыл шаруашылығы техникумының студенті, сотталмаған. 26 қазан 1928 жылы Шымкент ОГПУ қамауға алынды. 18 қыркүйек 1997 жылы ақталды.
5. Джузбаев Абдулла Тастанбекович, 1906 жылы туған, қазақ. Туған жері: Ташкент, Өзбек ауданы, «Гүзел» ауылы, бойдақ, сауатты, комсомол мүшесі, сотталмаған, кедей шаруаның баласы, дәріханада көмекші болып жұмыс істейді. 25 мамыр 1928 жылы ОГПУ Сырдария губерниялық бөлімі қамауға алады. Қазақстандағы ОГПУ 26 қыркүйек 1928 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 баптары бойынша 5 жылға еңбекпен түзеу лагерінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 17.06.1989 жылы Шымкент облысының прокуратурасы ақтады.
6. Досанов Халикул – 22 жаста, Қызылорда уезді, Қараөзек болысы, №2 ауылы, қазақ, бойдақ, комсомол мүшесі, сауатты, жалдамалы қолөнершінің отбасынан шыққан, сотталмаған.
Басыңды көтер, қазақ! (немесе оян, қазақ!) үндеу аудармасы.
«Басыңды көтер, қазақ» деген үндеуде авторлар қазақ халқын, атап айтқанда жастарды отаршыл – еуропалықтарға қарсы күреске шақырып, партия мен үкіметтің астық дайындау, жер өңдеу саласындағы саясатына тоқталады.
1. Қазан төңкерісіне және халықтардың өзін-өзі басқару құқығы берілгеніне он бір жыл өтті». Осы ұлттардың бірі Қазақ Автономиялық Республикасы, бірақ шын мәнінде ондай өзін-өзі басқару құқы жоқ, оның себебі бар: Республика болған он бір жыл ішінде оны кеңестік қарақшылар басқарды. Мақсаты – қазақ халқын мәдени-экономикалық қысымға түсіру арқылы өз саясатын жүргізу. Мұны қазақ жерінде европалық жетекші авантюристер – қарақшылардың отыруы дәлелдейді.
2. Дүниежүзілік революцияның негізі, авангарды болу мақсатымен олар Қазақстанда дәнді-дақылдарды жинау науқандарына жетекшілік етуде. Кеңестік билік езгісіне ұшыраған қазақ халқы ашкөз паразиттерге нан берудің еш қисыны жоқ, өйткені бұл саясат қарақшылар мен авантюристерден шығады.
3. Қазақстанның қуғын-сүргінге ұшырауының тағы бір себебі: (Қазақ халқы өздеріне жоба әзірледі ме? Жоқ!). Бұл европалық қарақшылар мен авантюристер қазақ халқының өз тағдырын шешу құқығын аяққа таптады.
4. Қазақ жастарын оқу орындарында тәрбиелеу оны орыс мәдениетінің ықпалына бағындыру, қазақ халқын алдап, жастарды мәдени дамудың ең төменгі деңгейіне жетелеу принципіне негізделген.
Қазақ жастары! Ұлттық ұстанымымызды ұмытпауымыз керек! «Бізді Европалық авантюристердің алып бара жатқан жолынан шығайық! Шығыңдар!».
5. Саналы қазақ еңбекшілерін өз ықпалына алу үшін европалық авантюристер «қазақтандыру» деген жалған ұранды шығарып алды, бірақ нәтижесінде олар бұл ұранды мекемелерде жүзеге асырмайды. Қазақ халқының мыңдаған тілегінің тым болмаса біреуінің жүзеге асуы қайда?
6. Николай патша саясатының кесірінен өз жерінен тау мен орманға қуылған қазақ халқы Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы реніштерін ұмытамыз деп үміттенгенімен, патша тұсындағыдан да сорақы жағдайға түскені белгілі болды.
Бұл мәселеде қазақ халқы ешқандай теңдік алған жоқ. Фактілер мыналар:
Батыс Қазақстандағы авантюристер–қарақшылар шақырған кеңестер съезінде орыстарсыз қазақтар ешқашан мәдени дами алмайды деп айтылды. Сондықтан, олар жері жоқ орыстарды Қазақстанға қоныс аударып, қазақтың ең жақсы жерлерін солардың пайдалануына беруді қажет деп тапты. Бұл кеңес авантюристерінің саясатындағы басты міндеттердің бірі.
Осындай қорлықтарды ескерген «Саналы-Алты-Алаш» өкілдері кеңес авантюристері мен оларға өзін сатып жіберген қазақ халқының өкілдеріне қарсы саяси күрес ашуға шақырады.
«Алаш» әділетті ұйымының бірлігі баянды болсын!
«Қой терісін жамылған кеңестік қанішер авантюрист-қасқырларына өлім!
«Қазақтың бірлігі аман болсын!
«Қазақшылдар!» ұйымы аман болсын!
«Қазақшылдар» ұйымы
Шымкент, 1928 жыл
1928 жыл 7 маусымда ОГПУ Сырдария аудандық бөлімінің Шығыс бөлімшесінің бастығы – Саенко, сотталушы азаматтарға қатысты №93 іс бойынша аяқталған тергеу өндірісін қарап РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 2-тармағы бойынша тұтқындау көзделген.
1929 жылдың күзінен өкіметтің солақай реформаларына қарсылық ретінде республикада халық ереуілдері басталғаны белгілі. Жоғарыда аталған үндеудің мазмұны көтерілісшілердің ұйысуына белгілі бір дәрежеде әсер етуі мүмкін.
Архив құжаттарындағы деректер осылай деді. Бұл ұйымның Қызылорда қаласында атқарған жұмыстары жеке зерттеуді қажет етеді.

Серік МАМРАЙМОВ,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушысы, тарих ғылымдарының
кандидаты, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік
комиссиясының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.