Шымкенттіктер Түркия Республикасының жастар саясаты саласындағы мамандар мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінен құралған делегаттарды қарсы алды.
— Былтыр Түркия елі дәл осы жоба аясында Қазақ жастарын қабылдаған болатын. Биыл қазақстандықтар бауырлас халқымызға еліміздің тарихи-мәдени жерін аралатып, жылы шыраймен қарсы алды. Мұнда екі ел жастары бір-бірімен араласып, пікір алмасып үлгерді. Бір қызығы Түркия елінен келген жастардың арасында қазақ тілін зерттеп, оқып, қызығушылық танытып жүргендер кездеседі. Сондықтан, бізде оларға қазақтың ұлттық нақыштарын, мәдениетін көрсетіп, таныстырудамыз, – деді Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Мансия Есекеева.
Делегаттар «Оқушылар сарайында» қонақта болып, қолөнершілердің қолынан шыққан туындыларымен танысты, талантты балалардың өнерін тамашалады. Қонақтар Шымкент қаласының қонақжайлығына жылы лебіздерін жеткізді.
—Ең үлкен арманым Қазақстанды көру болатын. Арманым міне, бүгін орындалды. Осында келу үшін қазақ тілін меңгеріп, қазақша әндерді тыңдап өзімді осы деңгейге жеткіздім. Шымкенттіктер бізді жақсы қарсы алды. Маған қымызы мен шұбаты, бауырсағы ұнады, – деді түрік қызы Елиф Кара.