ОҚПУ-ДЕ БІР ҚЫЗ БАР БАЛНҰР АТТЫ Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2023 03:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 809 раз

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің физика-математика факультетіне биыл Балнұр Нұран атты ару оқуға түсті. Мақсаты – мұғалім болу. Балнұр жылқы баптап, көкпар шабады. Иә, көкпар шабады! Алты жастан аттың құлағында ойнаған ару Шардара қаласының Қызылқұм ауылында туған. Кішкентайынан ата-әжесінің бауырында өскен Балнұрды атқа көкелері баулыпты. Қаншама рет жылқы теуіп, құласа да ол төрт түліктің төресінен алыстаған жоқ. Керісінше өскен сайын Қамбар ата баласына үйірсек болды. Асауды ауыздықтап, жігіттерше көкпарға ат баптады.

226

 

Жылқыны жуасытып, құлады, мінді, қайта шапты. Кейде шаршады. Бірақ Балнұр ешқашан «атқа енді жоламаспын» деп ойламады. Өйткені, оның тамырында жылқықұмар қазақтың қаны бүлкілдеп, жүрегі желмен жарысқан жүйріктей тулап тұр. Бабасы Райымқұлдан дарыған шабандоздық қасиет Балнұрдың жанына, серігіне айналған. Шардараға белгілі Райымқұл атасы да қартайғанша көкпардан қалып көрмеген атақты атбегі болды. Әуелде қызының дала кезіп, жылқымен жортқанына анасы қарсылық білдіріп, сабақ оқуын талап етті. Ал, атқа мінбесе сабақ оқи алмайтын Балнұр кейде тығылып қашып кететін. Бүгінде тай көкпарлардың шаңын шығарып жүрген бойжеткеннің талабы елімізге де танылып үлгерген. Өзінің жан серігіне айналған Ақдауыл атты меншік аты да бар.
Қазақы тәмсілде қыз баласы көкпар шаппақ тұрмақ, нәзікжандыларға жылқы додасының басына да баруға болмайды деген ұғым бар. Бұл ұғымнан қазақ әйелі аттай да көрмеген. Ауылда халық тәрбиесіне қанығып өскен қыз: «тай көкпарлар болмаса, үлкен додаларға кірмеймін ғой» деп назарын төмен салды. «Егер қыз баласына көкпар тартуға болса, бас тартпас па едің?» деген сұрағымызға Балнұр «Иә!» деп жоғары қарағанда жанарынан ұшқын жарқ етті! Атбегі арудың жылқыға қаншалықты құштарлығын осы жарқылдан-ақ білуге болатындай.
Бүгінде ата-анасы Балнұрмен мақтанады. Әкесі тіпті, қайда барса да, үйге кім келсе де қызының жетістіктерін телефоннан көрсетіп мәз болады. Мектепті үздік оқыған мақтанышымыз қызыл аттестатпен аяқтаған.
Біз Балнұрдан «ОҚМПУ-ді неге таңдадың? « деп сұрадық. «Таныс, достарымнан сұрастырғанымда көбісі осы университеттің білімі жүйелі, талабы оңды екенін айтты. Мұнда білімді студенттің болашағына ешқандай тосқауыл жоқ. ОҚМПУ нағыз педагогтар даярлайтын оқу орны деп ойладым, дейді студентіміз.
Осы демалыста Балнұр ауылына барып, Ақдауылды суытып келді. «Жылқыны күнде суытып тұрмаса, бабы келмейді. Мен оқуда жүргенде көкелерім баптайды. Оның күтімі сәбидей бөлек. Тіпті, көз тиіп қалуы да лезде. Ақдауылға адамдар сәл тамсана қараса болды, ауыра қалады. Сондықтан ел назарынан сақтап, «сүт беріп, сұлы беріп» баптағандай ерекше қараймын» дейді.
Балнұр қазір ауылды, Ақдауылды сағынып жүр. Жатақхана бөлмесіне Ақдауылмен түскен портретін үлкен қылып шығарып іліп қойған. ОҚМПУ-ге қазақтың жанын, қанын ала келген қаршадай қызымыз міне, осындай! Қызылқұмның барханындай асау, биік əрі нəзік!

Л.ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.