ОМБУДСМЕН ИНСТИТУТЫ – АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ Избранное

Пятница, 25 Август 2023 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 990 раз

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің ғана емес, бүкіл мемлекеттілігіміздің негіздерінің бірі. Сол себепті 30 тамызда аталып өтілетін мерекені бүкілхалықтық мереке деп айтуға әбден болады.

178

 

Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың 6 маусымында бүкілхалықтық референдум өтіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Референдумның нәтижесінде билік тармақтарының құзіреті мен өкілеттіліктері қайта бөліну арқылы саяси жүйе жаңғырып қана қоймай, сонымен қатар Ата Заңдағы адам құқықтарын қорғауға бағытталған тетіктер күшейтіле түсті. Атап айтар болсақ, Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының өкілеттілігі мен рөлі айқындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілге заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігіне қарау үшін Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру қажеттігін атап айтқан болатын.
Осыған орай, өткен жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы жария түрде 6 конституциялық заңға қол қойды. Олардың қатарында «Конституциялық Сот» туралы конституциялық заң; «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы» туралы конституциялық заң; «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заң және Қазақстан Республикасының Конституциялық заңнамаларға өзгерістермен толықтыру енгізу туралы үш конституциялық заң бар.
Осылайша, еліміздің құқықтық даму тарихында алғаш рет Омбудсмен институтының, яғни, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің мәртебесі, құзыреті, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында (83-1 бабы) айқындалып, тайға таңба басқандай етіп жазылды.
Сарапшылар Ата Заңға осындай норманың енгізілуін елімізді одан әрі демократияландыру және адам құқығын қорғау мәселесіндегі аса маңызды қадам ретінде бағалады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл – адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам.
Азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерлетуге ықпал ету – Уәкілдің негізгі міндеті боп саналады. Ол өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға, еліміздің өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық шарттарына және өзге де міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырады.
Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, жариялылық пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алады. Сонымен қатар Уәкіл тәуелсіз және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Ол нормативтік құқықтық актілердің Ата Заңға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіне алады.
Азаматтар өздерінің немесе өзге адамдардың құқықтарының бұзылуына әкеп соққан лауазымды адамдар мен ұйымдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағыммен Уәкілге жүгіне алады. Азаматтың құқықтарын қорғау мақсатында оның жазбаша келісімімен қоғамдық бірлестіктер де Уәкілге жүгінуіне болады. Уәкіл бұл шағымдарды он бес жұмыс күні ішінде өз құзыреті шегінде қарайды.
Уәкіл шағымды қағидаларға сәйкес қарауға қабылдайды, түсіндіреді немесе құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы жолданымдар жібереді.
Шағымды қарау мерзімі Уәкілдің шешімімен екі айға ұзартылуы мүмкін, бұл туралы өтініш берішуге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күн ішінде хабарланады.
Уәкілдің атына түскен шағымдар мен өтініштер Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық арқылы қаралады. Яғни, бұл орталық Уәкіл қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ететін орталық болып белгіленген.
Өтінішті «е-өтініш» порталы, пошта арқылы (Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 15-кіреберіс) немесе қолма-қол (Кеңсе № 74-05-48) тапсыруға болады.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша Уәкіл сотқа талап арызбен жүгінуі немесе Үкіметке, мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуі мүмкін.
Сонымен қатар, Уәкіл бас бостандығынан айырылған азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін «Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы Ұлттық алдын алу тетігінің» қатысушыларының жұмысын үйлестіреді.
Бұл құзіреттегі азамат мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар немесе өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауды шешу үшін қоғамдық диалогқа да қатыса алады. Мұның өзі билік пен халықтың өзара бірлескен іс-қимылын нығайтуға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Уәкілге мұндай құқықтардың берілуі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтардың қорғауға мемлекеттік кепілдіктің қамтамасыз ету тиімділігін арттырады.
Уәкілдің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өкілдері бар. Ол Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің атынан және оның тапсырмасы бойынша өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бүгінде мен Уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі және Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы ретінде қызмет атқарып келемін. (Өкілдік Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, 16 үй мекенжайында Шымкент қаласы әділет департаменті ғимаратында орналасқан. Байланыс нөмері: 8 (7252) 77-65-68, 8 (7252) 77-39-41)
Біз азаматтардың өтініштерімен ғана жұмыс жасамай, заңдар мен мемлекеттік органдар тәжірибесін өзгерту арқылы адам құқықтарын қорғаудың жүйелі шаралары бойынша ұсыныстар енгізу жүйесін құруды жоспарлап отырмыз.
Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс - әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен және аймағымыздағы қоғамдық ұйымдар мен сарапшылармен тығыз жұмыс жасайтын боламыз.
Біздің жұмысымыз Конституциямыздың 1 бабында көрсетілген адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы деген мақсатқа сай болуы тиіс.

Нұржан АБДЕЗОВ,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.