Шымкенттiң кереметi

Среда, 24 Февраль 2016 06:05

♦ «Отырар» кiтапханасында бүгiнде 350 мыңнан астам кiтап қоры бар ♦

otrar kirapkhana-1

Шымкент қаласындағы облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебеп кітапханасының табалдырығынан аттағаннан-ақ ерекше бір жылылық шуағы сезіледі. Өйткені, білім мен ғылымның кені, рухани мекен, құтты орда бұл.  Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта алғаш боп қабырғасы қаланған, сәні мен салтанаты келіскен еңселі ғимараттың ішінде «ізденемін», «оқимын» деген талапты жанға керектінің бәрі бар. Кітапхана директорының орынбасары Асылзат Арыстанова 2014 жылдың 30 қазанынан бері қала, облыс тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқандарын жеткізді. Сөйтті де әр бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар ету үшін жол бастады.

1824 жылдары басылып шыққан

otrar kirapkhana-3Өңіріміздегі 423 кітапханаға ғылыми-әдістемелік көмек көрсететін бұл орталық кітапхана қорында бүгінде 350 мыңнан астам кітап қоры мен 14 бөлім бар. Мерзімді басылымдар секторында 1935 жылдан бергі құнды өлкетану мұрағаты мен газет-журналдардың тігінділері сақталған. Ал кітап қорын сақтау бөлімі арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл бөлімдегі кітаптар қысы-жазы 18 градус жылылықта тұрады. Кітаптар күн көзінен, ылғалдан сақтандырылған. 

– Кітаптар дымқыл жерде тұрса, бүлінеді. Сондықтан да ерекше күтімді қажет етеді, ал біздің кітап қорын сақтау бөлімінде олардың еркін «тыныс алуы» үшін барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді Асылзат Арыстанова. Ал кітап қорын толықтыру бөлімі қызметкерлері облыс көлеміндегі 423 кітапханаға мемлекеттік тапсырыспен түскен кітаптарды таратумен қоса кітапхана қорына түрлі жолмен түскен кітаптарды қабылдаумен айналысады.
«Сирек қор бөліміне» кіргенімізде кез келген жанның үйінен табылып, қолына түсе бермейтін, яғни, сирек кездесетін үш мыңнан астам кітап сөреде тізіліп тұр. Мұндағы ең көне кітаптың бірі 1824 жылдары баспадан шыққан. Олар арнайы шыны сөрелерде орнатылған, сондай-ақ, электронды нұсқада да оқуға оқырмандардың мүмкіндігі бар. Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға, ізденушілерге қомақты, салмақты дүниелер ұсыну үшін құнды кітаптарды жан-жақтан жинақтап жатыр. Облыс көлемінде үйді-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын қолға алған.
– Әр үйдің кебежесінде, сандығында ата-бабасынан мұраға қалған көне кітаптар сақталуы мүмкін. Бірақ бізде көп адамдардың түйсігінде «ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл кітаптарды беріп жіберсек, ата-бабамыздың әруағына қиянат жасағандай боламыз» деген ой тұрады. Сол себепті де кей азаматтар сандықтың түбінде жата бергенін жөн көреді. Тілін түсінбегесін ешкім парақтамайды. Жарамсыз күйге түссе ешкімге қажеті болмай қалады. Бізге өткізсе, кітапты шынымен жауып, қасына кімнің тапсырғанын жазып қоямыз. Арнайы температурада сақталады. Ізгі шараға қолдау көрсетіп, парсы, шағатай, араб тілдеріндегі кітаптарды әкеліп беріп жатқандар бар, – дейді сирек кітаптар қорының бөлім меңгерушісі Жәмила Қожанқызы. Бұдан бөлек өткен жылы 21 сирек кітап пен 92 газет сандық форматқа көшірілген. Электрондық мәліметтер базасының қоры да жыл сайын өсіп келеді екен. 2014 жылы 3 мыңнан астам мәлімет болса, былтыр 5 мыңнан астам мәлімет енгізіліпті.

Оқырман игiлiгi үшiн...

otrar kirapkhana-4«Кітап қорын қайтсек арттырамыз?» деген сауал әрбір кітапхана қызметкерін мазалайды. Сол себепті олар әртүрлі акциялар мен іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Қайбір жылы өткізілген «Кітап қазынасы – Отырарға» атты акция аясында Түркістан ауданы 7 мың дана, Отырар ауданы 2 мың дана кітап сыйға тартыпты. Ал облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы – 700 дана, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева – 107 дана, «Атамұра» баспасы – 115 дана, ақын Баян Бекетова – 60 дана кітап тарту етсе, ақын Әбілда Аймақ ағамыз өмірден озарынан 1-2 апта бұрын 456 кітабын осы кітапханаға тапсырып кетіпті.
– Тек мемлекеттік тапсырысқа иек артпай, осындай шын жанашыр оқырмандарымыздың арқасында кітап қорымыз молайып жатқан жайы бар. Әрине, үйде сөреде шаң басып тұрғаннан гөрі, көптің қажетіне жарағанын құп көретіндердің қатары артып келе жатқаны қуантады, – дейді кітапхана директоры Закира Парымбекова.
Кітапханада оқырмандардың қызығушылығы мен танымдық қабілетін арттыратын түрлі клубтар жұмыс істейді. Айталық, «Ғасырлар мұрасы», «Жас түлек», «Дидарласу», «Шамшырақ», Libclab «Әлем әдебиеті», тағы басқа. Әр клуб мүшелерінің өзіндік ұстанымы, ұраны бар. Олар жиі бас қосып, оқыған кітаптарын бірге талқылайды, іс-шараларға белсенді қатысады. – Бұлардың ішінде «Оқырмандар отауы» әдеби бірлестігінің жөні бөлек. Өйткені биыл бұл бірлестіктің құрылғанына 11 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында олардың қатысуымен әдебиетке құштар қаншама талантты жастың тұсауы кесілді. Атап айтсақ, Мархабат Байғұт, Мекемтас Мырзахметов, Еркінбек Тұрысов, Бақытжан Алдияр, Нұрбибі Омар, Зылиқа Жантасова, тағы басқа ақын-жазушылар, оқытушылар мен журналистер оқырмандар арасынан жиі табылады, – дейді көпшілік іс-шаралар секторының меңгерушісі Әйгерім Алдабергенова.

Кәсiбiн сүйген кiтапханашылар

otrar kirapkhana-2«Отырар» кітапханасында бүгінде 90-нан астам қызметкер бар. Оның 53-і кітапханашы. Білім мен тәрбиенің, ғылым мен өнердің белгілі сатыға дамуына және оқу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етіп келеді олар. Нәтижелі жұмыстарының арқасында былтырғы жылы кітапханаға келушілердің саны 133 мыңнан асқан.
Тәуелсіздіктен кейінгі қиын-қыстау кезде ауылдық жердегі кітапханалар бірінен-кейін бірі жабылып жатты. Бірақ кітапханашылар кітап қорын талан-таражға түсірмеді. Үйлерінің төрінен оқырманға орын ұсынды. Тиын-тебен сұрамады. Олар өйткені өз мамандықтарын сүйетін еді. Ел еңсесін тіктегеннен кейін кітапханалар қайта есігін ашты. Кітапханашылар озық ойлы, мәдениетті оқырман тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін салуда.
Сананы тұрмыс билеп, күйбең тірліктің көшіне ілесе бермей, бір сәт болсын, өзіңіздің рухани дамуыңызға да күш жұмсаңыз. Кең де жарық, жылы да шуақты мекенде отырып, кітап пен газет-журналды парақтағанға не жетсін?! Ол үшін жеке куәлігіңізді алып орталық кітапханаға барсаңыз болғаны.

Аула клубтары шақырады

Среда, 24 Февраль 2016 05:15

Шымкенттегі «Оқушылар сарайына» енгенімізде жас жеткіншектер қазақтың күйімен қарсы алды. Ал бір топ бала асық, тоғызқұмалақ, шахмат ойнап, енді бірі ағаштан ою ойып, қолөнер бұйымдарын жасап жатты. Бұл талантты балалар облыстық «Мүмкіндіктер калейдоскопы» атты аула клубтары арасында ұйымдастырылған фестивальға жиналған.

aula club– Бұл фестиваль ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсатымыз – аула клубтарының жұмысын насихаттау, балалардың бос уақытын қызықты ұйымдастыруға ықпал ету. Биылғы оқу жылында қалалық білім бөліміне қарасты 13 аула клубы жұмыс істеп жатыр. Ондағы үйірмелер спорттық және көркемдік эстетикалық бағытта жұмыс жүргізеді, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Әшірбек Әдиев.
Фестивальде «Жастық» аула клубының ұл-қыздары «Менің атым Қожа» фильмінен қойылым қойса, «Шұғыла» аула клубының спортшылары шығыс жекпе-жек өнерін көрсетті. «Жас қанат», «Бәйшешек», «Бозторғай», «Алпамыс», «Денсаулық», тағы басқа аула клубтарының қатысушылары да өз өнерлерін ортаға салып, үздіктер арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, бүгінде екі жарым мыңнан астам оқушы аула клубтарындағы түрлі үйірмелерге қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр.

Жүргiзушi, жол бер!

Пятница, 19 Февраль 2016 06:12

daniar meirkhanШымкент қаласының жергілікті полиция қызметі әлеуметтік желідегі парақшаларында бейнеролик жариялаған еді. Аз ғана уақыттың ішінде желі қолданушылардың қызығушылығын тудырған бұл бейнероликте қаладағы көлік жүргізушілерге жедел жәрдем көлігіне жол беруге үндейді.


«Біз әрбіріміз уақытты өздігімізше түсінеміз және бағалаймыз. Дегенмен уақыт адам өмірін арашалап алу сәтінде аса теңдессіз бағаға ие. Күн сайын, әрбір сәтте жедел жәрдем көрсету қызметі қалалық тұрғындардың шақыруына дер кезінде жетуге асығады. Осындай тәжірибеден нәтиже шығарып, өз өмірімізді қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге тырысайық», – деген үндеуде.
«Жол ережесін сақта!», «Жол бер!», «Мейірімді бол!», «Өйткені, көмек күткен сенің туысың болуы мүмкін!» деген бейнероликтегі әрбір сөз көрерменге ой салары анық. Қала тұрғындары бұл бейнероликті «Фейсбук» әлеуметтік желісінде бөлісіп, тәртіп пен мәдениетті нығайту жөніндегі бастамаға қызу қолдау білдіруде.

2-12Бұдан бөлек, қаланы терезелері күңгірттелген көліктерден тазарту мақсатында қолға алынған шараны да құптағандар көп. Ол үшін арнайы эстафетаны бастап та кетті. Видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жария етуде.

Бұл бастамаға қолдау танытқандарға Шымкент қаласының Жергілікті полиция қызметі алғысын білдірді.

– Бұл бейнероликті жүздеген адам түрлі желілерде талқыға салып, бөлісіп жатыр. Қалыс қалмай көлік иелерін осындай бастаманы қолдау танытуға шақырған барша азаматтарға жеке ризашылығымды білдіремін. Келешекте қаламыздың мүддесіне орай біздің бірлескен әрекетіміз жалғасын табады деген үміттеміз, – дейді Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің бастығы, подполковник Данияр Мейірхан.

 

«Ауру – астан...» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметі бойынша, халықтың өлім-жітімінің 60 пай-ызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады екен. Тиімді тамақтану – орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартудың, денсаулықты нығайтудың, жұмыс қабілетін арттырудың негізі. Біз қандай өнімді көбірек тұтынып, қандай өнімнен бас тартқанымыз жөн? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Шымкенттегі Ұлттық салауатты тамақтану орталығының басшысы Меруерт Тайжанованы әңгімеге тартқан едік.

 MG 1963– Меруерт Аюбекқызы, сіздердің орталықтарыңыз қашан құрылды? Бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Бұл орталық 2011 жылы құрылды. Бүгінде бес адам жұмыс істейді. Ал өзім үш жылдан бері қызмет атқарып келемін. Біз мектеп пен балабақша ұжымына, оқушыларға, ата-аналар мен мекеме қызметкерлеріне, қала тұрғындарына дұрыс тамақтану жайлы насихат жұмыстарын жүргіземіз. «Салауатты таңғы ас», «Организмге қандай өнімдер қажет?», «Дәрумендердің көздері», «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі», «Семіздіктің алдын алу үшін не істеу қажет?», «Жүкті әйелдер қалай тамақтану керек?» тағы басқа мәселелер төңірегінде ой қозғаған парақшаларды тегін таратамыз. Сауалнама жасаймыз. Сосын Төрегелді Шарманов басшылық ететін Қазақ тағамтану академиясына жолдаймыз. Олар зерттеу жасап, қорытындысын жариялайды. Халық тұтынатын өнімдердің құрамын жіті тексеріп, зиянды тұстарын көрсетеді. Былтыр Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацефтика академиясының «Гигиена 1» кафедрасымен бірлесіп қаладағы 20 мектептің оқушыларына дәріс оқыдық, зерттеу көрсеткендей 7-8 сыныптың оқушылары фаст-фуд өнімдерін көп тұтынады екен.

– Айтқандай, фаст-фуд өнімдерін тек оқушылар ғана емес, жасы үлкен адамдардың да жиі тұтынатынын байқап жүрміз. Зияндылығына ешкім бас ауыртпайтын сияқты...

– Иә, қазір шаурма, сэндвич, пицца, чипсы, қуырылған картоп, дөнер дайындайтын орындар көп, бірақ олардың сапасы мен зияндылығына көпшілігі назар аудара бермейді. Бұлар өте жоғары температурада дайындалатын тағамдар. Май мен консерванттар құрамы өте көп, дәрумендерден ада. Дәл осы тағамдарды ұзақ күнделікті пайдалану салдарынан асқазан жарасы, созылмалы гастрит, жүрек, қан тамыр аурулары мен семіздік пайда болады. Безеулер шығып, тері кеуіп және шаш түседі. Иммунитет төмендеп, ішкі ағзалардың түрлі аурулары бас көтереді. Сондықтан, фаст-фуд өнімдерінен бас тартқан дұрыс. Бұдан бөлек оларды «Кока-кола», «Пепси», «Спраит», «Макси шай» т.б. газдалған сусындарды сатып алып, екі есе өз денсаулығымызға немқұрайлы қарап жүрміз. Олардың ішіндегі әртүрлі химиялық қоспалар орталық жүйке жүйесі, жүрек, қан тамырлары ауруларына шалдықтырады. Шетелдік ғалымдар «Кока-коланың» ағзада калий жетіспеушілігін тудыратынын анықтады. Ал калий жетіспеушілігі ұзаққа созылса, сал ауруына, яғни мүгедектікке апарады. Бұдан бөлек энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, жоғары дәрежедегі невроз, күйзеліс сияқты ауыр дерттерге душар ететіндігі ғылыми тұрғыда анықталған. Сондықтан, фаст-фуд өнімдері мен сусындарға үйір болмауға шақыру, түсіндіру, насихаттау, қадағалау баршамыздың міндетіміз деп ойлаймын. Өйткені ертең бізге елдің тұтқасы болар дені сау ұрпақ қажет.

– Соңғы жылдары мамандар семіздікке душар болған адамдардың қатары көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады. Онымен күресудің жолдары қандай?

– Иә, семіздікпен күрес бас ауыртар мәселенің біріне айналды. Шектен тыс салмақ жинаудың тоқсан пайызы дұрыс тамақтанбағанның себебінен. Сондай-ақ, бүгінде адамдар күні бойы компьютер алдында телміріп отырады, қимыз-қозғалыс аз. Тез әзірлеуге арналған жартылай дайын өнімдерді кез келген жерден сатып алып жей салады. Ал олардың құрамындағы дәмдеуіштер мен майлы қоспалар адам ағзасындағы қалың ішек бойында, қарын, бөксе мен мықынында жиналып, осылайша денеге артық салмақ қосылады. Семіздік адамның өмір сүру мерзімін қысқартып, ауруды асқындырады. Сондықтан спортпен шұғылданып, жаттығу жасап, дәруменге бай көкөніс, жеміс-жидек пен пайдалы тағамдарды көбірек тұтынған жөн.

– «Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерін жемеңдер», «газдалған сусынға жоламаңдар» деп күресіп жатырсыздар? Нәтижесі қалай енді?

– Осы жұмысты қолға алып, ең бірінші насихат жмыстарын жүргізгенде халық аңтарыла қарайтын. Балалары «фаст-фудсыз, кока-коласыз өмір сүре алмаймын десе», ата-анасы «балам үшін өмір сүріп, жұмыс істеп жүрмін ғой, қалағанын алып жесін, іше берсін» дейтін. Ал қазір адамдардың көзқарасы 50 пайыздан жоғары өзгерді. Денсаулыққа зияндылығын түсініп, бас тарта бастады. Қазір мектептерге барғанда анасы дайындап берген шырынды ішіп, бәліш жеп жүрген балаларды жиі көремін. Өткенде бір әйел айтады: «Балам достарымен «Лаваш» дайындайтын орталықтарда жиі кездесетін еді. Соңғы кездері фаст-фуд өнімдеріне құмарлығы артып бара жатқанын байқадым. Содан кейін одан да достарыңды үйге ертіп әкел, мен сендерге жақсылап ет асып беремін дейтін болдым». Әр ата-ана ұл-қызының құлағына олардың зияндылығын құйып, денсаулықтарын бірге талқылап отырса, абзалырақ болар еді.

– Деніміз сау болуы үшін қалай тамақтанғанымыз дұрыс? Нені тұтынып, неден бас тартқанымыз жөн?

– Ең алдымен тұтынып отырған тағамымыздың құрамында ақуыз, май, көмірқышқылының қанша мөлшерде екеніне жіті назар аударуымыз керек. Мысалы, біз калорияны 100 пайыз деп алатын болсақ, ақуыз 11-12 пайыздан аспауы қажет, 30 пайыз май қышқылынан тұрса, 60 пайыз көмірқышқылымен толығуы керек. Күнделікті тамақтану барысында осы ұстанымды басшылыққа алған дұрыс. Бүгінгі таңда асқынып кеткен қант диабеті, жүрек, қан тамырлары, қатерлі ісік тағы басқа ауру-сырқауға төтеп беру үшін көкөністер мен жеміс-жидекті көбірек тұтынып, майлы, тез қорытылатын, ақуызға бай тағамның мөлшерін азайту керек. Сондай-ақ халық, сапалы әрі қауіпсіз түрде тамақтануға ұмтылу қажет.

– Мектеп асханасындағы өнімдерге көңіліңіз тола ма?

– Өзімнің екі ұлым А. Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда оқиды. Жиі барып, олардың не жеп жүргендерін сырттай бақылап тұрамын. Көңілім толады. Жақында облыстық білім басқармасы мамандарынан хат алдым. Онда оқушыларға мектеп асханасында берілетін ыстық тамақтың, өзге де өнімдердің сапасын бақылайтын «Ведомствоаралық сарапшы тобы» құрылатынын, соған біздің мекемеден бір адам комиссия құрамына енетінін айтыпты. Сарапшы топ қажетіне қарай мектеп асханаларындағы тағамдарды бақылап отыратын болады.

– Көктемнің шығуына да аз қалды. Мұндайда кейбір нәзікжандылар арықтауға кіріседі. Бірі диета ұстайды, бірі дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінеді. Жалпы көктемде арып-азимын деп тырмысу дұрыс па?

– Көктем мезгілінде азуға болмайды. Өйткені қыстан кейін ағза әлсірейді, тұтынатын тағамдарымызда да қыстан қалған көкөністер дәрумендерін жоғалтқан. Сол себепті әр адам көктемде денсаулыққа мұқият қарағандары жөн. Диета ұстаймын деп, мүлдем тамақтанбай қоюға болмайды, асқазан бос болмауы керек. Мөлшерімен тамақтанып, сүт өнімдерін көбірек тұтынып, сәбіз, орамжапырақ сынды көкөністерді жиі жеген дұрыс. Сосын сорпа жиі ішу қажет.

– Өзіңіздің ас мәзіріңіз қандай?

– Таңғы уақытта жұмыртқа жегенді жақсы көремін, сүт ішемін. Түсте міндетті түрде сұйық, қою тамақтар жеймін. Кешкісін сорпа қайнатамын. Сәбізден, қызылшадан жасалынған салаттарды күнделікті тұтынамын.

– «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына кеңесіңіз, тілегіңіз...

– Әр адам дұрыс тамақтануды өзінен бастаса екен. Тамақтану кезінде калорияға мән беру керек. Тоңазтқыштағы майонез, кетчуптың орнына айран тұтынсын, газдалған су ішкенше шырын жасасын, шұжықтың орнына, малдың жүрегін, бауырын, өкпесін пісіріп қойсын, әсіп жасасын. Әр әйел отбасын, балаларын жақсы көрсе, тоңазтқыштағы адам ағзасына зиянды тағамдарды, пайдалы аспен алмастырса екен. Салауатты тамақтануға ұмтылыңыздар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім Бегімбет

Клининг – елімізде енді дамып келе жатқан қызмет түрі. Клинингтік компания өкілдеріне қоңырау шалып, шақырсаңыз болғаны, үйіңіздің іші-сыртын айнадай етіп жуып, кілеміңізді қағып, басқа да шаруаларыңызды тап-тұйнақтай тындырып береді. Соңғы кездері бұл қызметке жүгінетіндердің қатары артып, баяу болса да дамып келеді. Шымкенттік Әйгерім Исрайл осындай қызмет көрсететін «ШымКлинингСервис» ЖШС-ін ашып, сапалы қызмет көрсетуді қолға алды. Қаршадай қыздың бір сүрлеуге түспей, өзінше жол салғысы келгеніне сүйсініп, сұхбат құруға асықтық.

 MG 1865Әйгерім Ж. Жабаев атындағы №26 мектеп-гимназияның түлегі екен. Кейін «Авиценна» медицина колледжінде «медбике» мамандығында оқиды. Жеке кәсіппен айналысу – бала күннен бергі арманы. Қалайда ашамын деп мақсат қойған ол түрлі шаруаның басын қайырады. Қаржы жинайды. Сосын «Кәсіпкерлік мектебіне» оқуға шақырған хабарландыруды көзі шалады.

– «Кәсіпкерлік мектебі» туралы естігенім болмаса, жол түспеген еді. Оқуға шақырған хабарландыруды көре сала барып жазылдым. Екі апта кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтым. Білім ала жүріп клинингтік компания ашу туралы ой келді. «Кәсіпкерлік мектебінің» қызметкерлері жобамды талқылап, құжат жинауға көмектесті. Осылайша «ШымкентКлинингСервис» ЖШС-і құрылды, – дейді жас кәсіпкер.
Ресми деректерге сүйенсек, біздің елімізде жеке тұрғын үйлер мен кеңселерді, биік ғимараттарды кәсіби тазалаумен айналысатын 200-ге жуық клинингтік компания бар екен. Оның жетеуі Шымкентте.
Әйгерім еліміздегі клинингтік компанияларға зерттеу жүргізіп көріпті. Бұл қызмет көрсету саласы бойынша 24 пайызбен Алматы қаласы көш бастаса, Астана екінші, Қарағанды үшінші орында, ал біздің Оңтүстік Қазақстан облысы алты пайызбен, төрттікті түйіндеп тұр. Бұл клинингтік сала баяу болса да дамып келеді деген сөз.
– Біздің мекемемізде он қызметкер бар. Тазалау, жуу аппараттарын Германия мен Польша елінен арнайы алдырттық. Мысалы, кілемді тазалайтын, жуатын, адамның қолы жетпейтін шаңды сүртетін бір ғана шаңсорғыштың бағасы 700 мыңнан асады. Басқа да қажетті құрылғылар, қоспалар зерттеуден өткен, сапалы шетелдік компаниялардың өнімі. Менің мақсатым – қызметкерлерге ауыр жұмыс істеткізбеу, – дейді Әйгерім.
Жас кәсіпкер ең бірінші қызметкерлерден адалдықты, жауапкершілікті, өз мамандығына құрметпен қарауды талап етеді. Бұл туралы мекеме қызметкері Раушан Әйтенова бізбен әңгімесінде айтып берді. Ол бұған дейін дәл осындай қызмет көрсететін басқа компанияда қызмет атқарыпты. Қысқартылғаннан кейін, жұмыс іздеп жүріп осы «ШымкентКлинингСервистің» хабарландыруына кез болған.
– Жас болса да Әйгерімнің арманы асқақ. Шыны керек, бұрын біз тапсырыспен барған жеке үйлерді, кеңселерді қолымызға сыпыртқы, шүберек пен шаң-тозаңға қарсы қоспаны алып, қолмен жуып-тазалап шығатынбыз. Саусақпен тексергенде шаң жұқпаса болды деп ойлайтынбыз. Осы жерге жұмыс ауыстырғалы бері бағыт-бағдарым, мақсатым мүлдем өзгерді. Өйткені, тазалық жұмыстарына да білім керек екен. Терезені, есікті, еденді, жұмсақ жиһаздарды жуғанға бөлек-бөлек қоспа қосу қажет. Және қанша мөлшерде қосатыныңды білуің керек, – дейді Р. Әйтенова.
Әйгерім осы сала бойынша Алматы қаласындағы арнайы курстарда білімін жетілдірген. Барлық қызметкерін оқытуға қаржы қолбайлау болғандықтан қазір өзі сабақ өтіп жүр. Бүгінде мекеме қызметкері Алексей Герман Алматыда оқып жатыр. Ол арнайы арқан байлап, биік ғимараттардың терезесін жуып-шаяды. Өндіріс альпинисінің арнайы аттестатына қол жеткізгеннен кейін, қабырға бояп, әйнек орнатып, шатырды қар мен қатқан мұздан тазалайды. «Техниканың мүмкіндігі жоқ жұмысты ертең біздің қызметкеріміз атқаратын болады», – дейді.
– Жаңадан ашылған кезде аялдамаларға жарнама жабыстырып жүре беріппіз. Бір күні бір апай қоңырау шалып, шақырды. Біз дайын емес едік. Базарға барып, қажетті затымызды сатып алып, айтқан мекен-жайға бардық. Сөйтіп сол үйде ыдыс-аяғынан бастап, кілеміне дейін екі күн қона-жатып, жуғанбыз. Ол апай риза болып, қолымызға 18 мың теңге ұстатты. Одан кейін оқыдық, іздендік. Алдағы уақытта клинингтік компания қызметін халықаралық деңгейге көтерсем деген мақсатым бар. Сол арқылы қала тұрғындарының тазалыққа деген ойларын өзгертіп, «еден жуушы екен» деген менсінбеушілік көзқарасты жойғым келеді, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіби клининг алғаш Ұлыбританияда пайда болған. 19 ғасырдың басында ағылшын елінде түрлі ғимараттарды жинастыратын мамандандырылған компаниялар ашыла бастаған. Содан кейін Британ институты құрылып, 1834 жылдан бастап «ғимараттарды тазалау, жинастыру» мамандығы бойынша маман дайындала бастайды. Бұл сала жедел дамып, үлкен индустрияға айналды.

Суреттерi «сөйлейдi»

Пятница, 05 Февраль 2016 10:16

Шымкенттегі Бейнелеу өнері мұражайында белгілі қылқалам шебері, ҚР Мәдениет және өнер қайраткері Әнуарбек Айдосовтың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жеке көрмесі өтті. Көрменің ашылу салтанатына суретшінің әріптестері, шәкірттері, өнерсүйер қауым қатысты.

 MG 1622   MG 1629 

 

Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан еліміздің мәдениеті мен ұлттық өнерін, оның ішінде бейнелеу өнерін насихаттап, халқымыздың рухани байлығын молайтуға қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Өзге суретшілер де Әнуарбек Айдосовтың туындыларының жас ұрпақ тәрбиесіне берері көп, тарихи маңызының ерекше екеніне тоқталып өтті. Көрмеге қойылған туындылардың тақырыптары сан алуан. «Ұлы дала», «Күй қобыз», «Бозторғай», «Таң», «Философ», «Ғасыр үні», тағы басқа жалғасып кете береді. Көрмеге келушілердің қызығушылығын тудырып, сан ойға жетеледі.
Әнуарбек Айдосов бірнеше республикалық, халықаралық суретшілер көрмесіне қатысып жеңімпаз атанған. Шығармашылық жұмыстары ҚР Өнер мұражайында, ҚР Мәдениет Министрлігінде, Өзбекстан мен Ресей суретшілер одағында, Гамбург, Сеул қаласындағы өнер мұражайларында және жеке қорларында сақтаулы тұр. Қылқалам шебері бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚПУ-нің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасында шәкірт тәрбиелеп, суретшіліктің қыр-сырын үйретуде.

Iсмерлiгiмен танылған Ғани

Среда, 03 Февраль 2016 08:18

Әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білсең, ұтатын тұстары мол. Шымкенттік Ғани Кубеев те Инстаграм желісі арқылы өз туындыларын жарнамалап, ісін дөңгелетіп жүрген ісмер жігіт. Бүгінде оның парақшасына жазылушылардың саны 76 мыңнан асады. Елімізге танымал өнер жұлдыздары мен тележүргізушілер Ғанидың қолынан шыққан оюлы кеудешелерге, ұсақ тастармен безендірілген көйлектер мен әшекей бұйымдарға тапсырыс бере бастады.

1-3– Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның табалдырығын аттағаннан кейін ата-анам қосымша ән-би үйірмесіне жаздыртты. Кейін көңілім көркемсуретті қалады, – дейді Ғани. – Өзімнің әжем де, нағашы әжем де қолөнер шеберлері, керемет құрақшы болған. Анам да өнерден алыс емес. Солардан дарыған болуы керек, кішкентайымнан іс тіккенге құмар болдым. Алғашқы «Бақыт құсы» атты картинамды да 7-сынып оқып жүргенде көрмеге қойып, 100 АҚШ долларына бағаланған болатын. Бұл мені ынталандыра түсті.
9-сыныпты бітіргеннен кейін Ә. Қастеев атындағы Шымкент көр-кемөнер және дизайн колледжіне құжат тапсырған Ғани «ди¬зайнер-интерьер» мамандығын бітіріп шыққан.

«Ең бiрiншi қолдаған – әкем»

Ине сабақтап, тігіс тігу жігіттерге жат қылық, қол емес деп санайтындар арамызда баршылық. Ғаниға да алғашқыда «туған-туысқандарым қалай қарайды?», «ата-анам не дер екен?», «достарым күлетін шығар?» деген ойлар маза бермепті. Бірақ оны ең бірінші әкесі қолдады. «Жүрегің қалаған дүниені жаса, көңілің сүйген іспен айналыс, еліңе қызмет жасайтын саналы ұл бол» деген ата-анасы барынша демеу болды.
– Шыны керек, тігін саласында жүрген жігіттерге, достарыма о баста ата-атасы мен туыстары қарсы шыққан. Өздерін мойындатқаннан кейін ғана құп көрген. Ал менің ата-анам бұл іске қызығушылығым пайда болғаннан-ақ керек-жарағымды түгендеп, байқауларға апарып, қолдау танытты. Басқалар күлетін шығар, мазақтайтын болар деген ойларымды жоққа шығарды. Жігер берді, жанымнан табылды. Олардың артқан сенімдерін, үкілі үміттерін ақтау мақсатында, оларға қуаныш-шаттық сыйлау үшін ерінбей еңбек етемін, осы саланың үздігі болу үшін аянбай тер төгемін, – дейді Ғани.
Ғаниға тапсырыс берушілердің дені – Батыс Қазақстан облысы мен Астана, Алматы қалаларынан. Сондай-ақ, Қытай, Еуропа елдерінен де ұсыныс айтқандар табылыпты. Көбі Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы біліп, сол арқылы ою-өрнектермен бедерленген сәукеле, ұлттық көйлек пен әшекей бұйымдарға тапсырыс беретін көрінеді.
– Кей дизайнерлер уақыт үнемдеу үшін киімге, бас киімдерге, әшекей бұйымдарға моншақтарды желіммен жабыстырады. Ал желіммен жабыстырылған моншақ үш-төрт рет киілгеннен кейін түсіп қалады. Ал мен уақытым қанша тығыз болса да әрбір моншақты ерінбей қолмен тігіп шығамын. Қомақты ақшаға сатып алғаннан кейін ризашылығын айтып, кисе деймін. Сосын жалықпас үшін үш-төрт жұмысты бірге бастаймын, – дейді ол.

Шетелдiк мамандар жоғары бағалаған

1-4Жақында Ғани Шымкентте өткен дизайнерлердің халықаралық фестивалі мен жәрмеңкесіне қатысып, бағын сынады. Алғаш рет өз киім топтамасын ұсынды. Өзге әріптестері таңдай қағып, жоғары баға берді. Әсіресе шетелден келген дизайнерлер ұлттық ою-өрнектерімізге қатты қызығыпты.
– Бұл фестивальде алғаш рет өз топтамамды алып шықтым. Қобалжығаным рас. Осы саланың үздіктері бас қосқан үш күндік фестиваль маған керемет көңіл күй, қуаныш сыйлады. Әріптестерім үздік деп бағалады, кемшін тұстарын толықтырды, – дейді ол.
Ал бір киімді жасап шығуға кететін уақыт пен олардың бағасын сұрағанымызда «Оюлы кеудешені тіккенге екі күн кетеді, бірінші күні оюын ойып, келесі күні тігемін. Ал сәукелені кемінде он күнде жасап шығамын. Біздің адамдардың ұлттық өрнекпен бедерленген киімдер кигісі-ақ келеді. Бірақ бағасы қымбат, кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Өйткені біз шикізатты шетелден алдыртамыз. Көз майыңды тауысып жасаған еңбегің лайықты бағасын алса дейсің. Болашақта өзімнің сән үйімнің болғанын қалаймын, шәкірт тәрбиелесем», – деп жауап берді.
«Жігітке жеті өнер де аз» дейтін мәтелді мықтап ойға түйген Ғани тігіс тігуден бөлек қабырғаға сурет салу өнерін де шебер меңгерген. Түрлі бояуларды үйлестірген ол Астана, Алматы, Көкшетау, Павлодар қалаларында бой көтерген мешіттердің күмбезін, қас бетін әрлеп, қолтаңбасын қалдырған.
Ғани бізбен әңгімесінің соңында көңіл түкпірінде жатқан ойларымен бөлісті. «Қазір мектеп оқушыларының көбі бос уақытын компьютер алдында өткізеді. Атыс-шабыс ойындарына құмар. Асыл уақыттарын ұрлатып ғана қоймай, саналарын да улайды. Өз-өздеріне қол жұмсайтындардың, аяусыз соққыға жығатындардың көбейгенінің бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. Сол себепті ата-ана баланы кішкентайынан көркемсурет мектептеріне, спорттық үйірмелерге, музыкаға жетелеп апарса деймін», – дейді жас шебер.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Ғаниға сән әлемінде өзіндік есімі мен қолтаңбасын қалдырып, алға қойған мақсат-мұраттарына сүрінбей жетсін деп тіледік.

Сайрамдағы облыстық өзбек драма театрында бір жылдан бері «қалалық» атанған тұрғындар Қаратау ауданы әкімі Ғалым Исмаиловтың қорытынды жылдық есебін тыңдап, түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерін ортаға салды. Басқосуға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Бүгінде бұл ауданға енген 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алапта 213 мыңнан астам халық тұрады. Олардың коммуналдық салаға қатысты өзекті мәселелері жеткілікті.

esep qaratauАлдымен аудан әкімі Ғ.Исмаилов қой жылында жүзеге асқан тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық пен инфрақұрылым мәселелеріне жан-жақты талдау жасады.
– Былтыр «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Ақжайық», «Нұртас» шағынауданы мен Сайрам тұрғын алабында ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталса, «Қайтпас», «Мирас» шағынаудандарында жұмыс жалғасып жатыр. Көп ұзамай тұрғындардың таза ауыз суға қолы жетеді. Ал табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ақжайық» шағынауданында ішкі орамдық газ жүйелері жүргізілді. Сондай-ақ, Таскен тұрғын алабы мен «Мирас» шағынауданын табиғи газбен қамтуға бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда, Ал «Қайнарбұлақ» саяжайына электр бағаналары орнатылып, желілер тартылса, «Ақжайық», «Қайтпас», «Достық-2» шағынаудандарында жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұл ауылдарда жарық мәселесі толықтай шешіледі, – дейді Ғалым Исмаилов.

Бұдан бөлек аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қазына қаржысына қарап отырмай, күрделі мәселелерді шешуге демеушілерді тартуға кіріскен. Осылайша олар Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аумағына екі трансформаторды орнатып берсе, аудан аумағындағы 10 шақырымға жуық жолға шағал тас та демеушілердің есебінен төселген.

Бұдан бөлек «Нұрсәт» шағынауданындағы жарамсыз күйге түскен 110 ойын алаңшасының 88-і кәсіпкердің қолдауымен қайта қалпына келтірілген. Сонымен қатар аудан құрылғанға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемемен тұрғындардың 25 пайызы ғана келісім-шартқа тұрған екен. Ал қалған ауыл тұрғындары сай-сала, шұңқырларға қоқыс төгіп, табиғатқа өлшеусіз зиян тигізіп келген. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 86 пайызға жетіп, бей-берекет тасталатын қоқыстардан айнала түгел тазартылып, тұрғындар өз ауылдарына жанашырлықпен қарай бастапты.

esep qaratau-1Қалаға қосылған елді мекендердегі тағы бір басты мәселе – мектеп пен балабақша тапшылығы. Бүгінде ауданға қарасты 45 балабақшада 8 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде екен. Ғалым Ыбырайұлы қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен «Бозарық» шағынауданында 320 орынды балабақша құрылысы, қалалық бюджеттің есебінен «Нұртас» шағынауданындағы 320 орынды балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әкімнің баяндамасынан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Р.Омаров, №4 облыстық балалар үйінің директоры Н.Тастыбаева, Сайрам тұрғын алабының төбе биі Қ.Шәмшимедов жарыссөзге шығып, ойларын ортаға салды.

Ал Б.Садықов атындағы №112 негізгі орта мектебінің директоры С. Ярметов спорт залы мен асхана салып беруін өтінсе, Испиджаб ауылының тұрғыны С. Айтметов ауылдарына «Қазпошта» мекемесі керек екенін айтты. Сауал қоюға шыққан адамдардың өтінішінің дені инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселесі, жер құжатын рәсімдеу туралы болды.

Есеп беру кездесуінде сөз алған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласынан төртінші аудан құру – бұл Елбасының шешімі. Аудандағы өзекті мәселелер біздің назарымызда. Қазына қаржысы шектеулі болғандықтан бәрін жоспар бойынша, рет-ретімен шешіп жатырмыз. Болашақта бәрі болады, сәл шыдам керек, сабыр керек», – деді.

Жиын қорытындысында өзекті мәселелер кезең-кезеңімен 2018-2019 жылға дейін шешілетіндігі айтылды. Аудан әкімі Ғалым Исмаиловтың жұмысына тұрғындар оң баға берді.

Страница 11 из 15