Шымкент қаласының спортшылары өткен жылғы Жазғы Спартакиада ойындарында екінші орын алған болатын. Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласынан кейінгі орынды иелендік. Алда – Олимпиада ойындары. Кімге үміт артамыз? Жолдама һәм жүлде алар споршылар бар ма? Бұл – ойлантарлық мәселе. Бір айта кетерлігі, жыл басынан Олимпиада жолдамалары сарапқа салынуда.
Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылуына санаулы уақыт қалды. Төртжылдықтың басты бәсекесі 24 шілде мен 9 тамыз аралығына жоспарланған. Қазірдің өзінде ел қоржынында спорттың 14 түрі бойынша 27 олимпиада лицензиясы бар. Екі жолдама Шымкент қаласы спортшыларына тиесілі.
Таяуда ғана Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысты жиналыс өткізді.
– Токиодағы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Олимпиада лицензиясына таласып жатқан спортшылардың ғана емес, құрама команда дайындығын қадағалайтын топтың да жауапкершілігі артатын кезең келді. Ұйымдастыруға қатысты сұрақтардың барлығы ҰОК-те жұмыс істейтіндерге тікелей байланысты. Оның ішінде, спорттық бағыт, халықаралық бағыт, антидопинг мәселесі – барлығы да бар. Олар біздің күн сайынғы бақылауымызды талап етеді. Біздің бірлескен жұмысымызға спортшылардың табысы да байланысты екенін ұмытпау керек, – деді Тимур Құлыбаев.
Биыл отандық спортшылар екі лицензиялық әлем чемпионаты, 12 әлемдік іріктеу турнирі, 22 әлем кубогінің кезеңі, 30 Гран-При кезеңі мен халықаралық рейтингілік турнирлерге қатысады.
Басты мақсат – 10-ға жуық жолдама алу
Шымкент қаласының қоржынындағы екі жолдаманың иесі – Юрий Юрков пен Сәрсенкүл Рысбекова. Былтыр қарашада Дохада (Катар) өткен Азия чемпионатында оқ атудан Ю. Юрков және стенд атудан С. Рысбекова Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған еді.
Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, лицензия алуда жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспарланған. Аға жаттықтырушылармен үміткер спортшыларға арнайы жеке жоспары түзілген.
– Токио Олимпиадасы және Паралимпиада ойындарына 17 спорт түрінен 55 үміткер спортшымыздың дайындығын әрдайым бақылауда ұстап отырмыз. Басқарма тарапынан оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық, рейтингілік жарыстарға қатысу үшін барлық жағдай қарастырылуда. Қазіргі таңда үміткер спортшыларымыз Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде бірлескен оқу-жаттығу жиындарында қызу дайындықта. Жалпы, байдарка және каноэде есу, оқ ату, бокс, күрес, каратэ, таэквондо, семсерлесу, дзюдо және т.б., спорт түрлерінен жолдама алу мақсаты тұр.
ҚР бесінші Жазғы Спартакиадасы қорытындысы бойынша өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінде өңірімізден 500 ге жуық спортшы еліміздің ұлттық құрама сапында Олимпиадаға үміткер ретінде тіркелген. Оңтүстік өңірі бұған дейін 20-ға жуық жолдамаға иелік етіп жүретін. Енді дербес команда ретінде екі өңірге бөлінгендіктен, біз 10-ға жуық жолдама алу мақсатын қойып отырмыз. Әрине, әр Олимпиада ойындары жаңа жұлдызды шығаратынын білеміз. Токио ойындарында бұйырса, медальдан үміттіміз. Жақсы нәтиже көрсету үшін барлық мүмкіндік бар, – дейді басқарма басшысы.
Асаділов – әлем үздігі!
Жалпы 10 жолдама алуға мүмкіндігіміз қалай? Оқ ату және стенд атудан алғашқы жолдамалар уысымызда. Әр спорт түріндегі мүмкіндіктерімізді саралап көрейік.
Ең алдымен карате спортындағы елеулі жетістікті атап өткенді жөн көрдік. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енгізілген каратеден Шымкент қаласының атағы аспандап тұр. Бүгінде қалалық №1 спорт мектебінің шәкірті Дархан Асаділов әлемдік және Олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұр. Таяуда ғана Париждегі Премьер-Лига бәсекесінде 60 келі салмақ дәрежесінде Дархан Асаділов күміс жүлде жеңіп алды. Асаділов осы турнирден кейін де Олимпиадалық рейтингтегі көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Аталған жарыста жинаған ұпай сандары оған қарсыластарынан көш ілгерілеп кетуге мүмкіндік берді. Осы жарыс барысында WKF (Дүниежүзілік карате федерациясы) басшылары өткен жылғы әлем үздіктерін марпаттады. Отандасымыз Дархан Асаділов 60 келіде 2019 жылғы әлемнің ең үздік татами шебері болып танылды. Бұл марапатты Дүниежүзілік федерация президенті Антонио Еспиноздың өзі табыс етті.
Бірінші орында тұрған Д. Асаділовтың рейтингтегі жинаған ұпайы – 10 365. Екінші орында тұрған түркиялық Эрай Самдан 9217.50 ұпайға ие. Үшінші орындағы бразилиялық Дуглас Броуздың 5355.00 ұпайы бар. Енді жағдайды ойша сараптай беріңіз.
Тағы бір шымкенттік ару София Берульцева + 68 келіде әлемдік рейтингте 7 орында келеді. 4665 ұпаймен. Аталған каратешілеріміз алда лиценизиялық Мадрид, Рабат, Токио Премьер-Лига жарыстарына қатысып, ұпайларын молайта түспек.
Дзюдо спортында да жағдайымыз тәп-тәуір. Рио ойындарының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах ең жеңіл салмақта олимпиадалық рейтингте 9 сатыда тұр. 3193 ұпаймен. Яғни, тәжірибелі балуан әзірге жолдама иегері. 33 орынға жайғасқан Севара Нышанбаева (57 келі) да лицензияға жақын тұр. Ол құрлықтық квотаны алуға мүмкіндігі бар. Егер алдағы рейтингілік турнирлерде жақсы нәтиже көрсетсе. Олимпиадалық рейтинг 30 мамыр күні жаңарады. Міне, сол кезде қатысушылар тізімі ресми түрде анықталады.
Келесі үміткер – таеквондо тарланы Смайыл Дүйсебай. Қазір бұл спортшы (аса ауыр салмақ) әлемдік рейтингте 234,5 ұпаймен 10 орында. Дүниежүзілік Универсиада ойындарының күміс жүлдегері С. Дүйсебай да жолдамаға жақындап келеді. Лицензияға ресми түрде қол жеткізу үшін рейтингілік турнирлерде жүлделі орындардан көрінуі тиіс.
Боксшыларға артар сенім зор. 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин (63 келі), әлем чемпинатының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова (51 келі), халықаралық турнирлердің жеңімпазы Ангелина Лукас (51 келі) ұлттық құрама сапында тер төгуде. Бапкерлер сенім артса, олардың да жолдаманы қоржынға салар әлеуеттері бар.
Сондай-ақ, байдарка және каноеде есу спортында Сергей, Тимофей Емельяновтар, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Стелла Суханова Токиоға баруға бар күшін салуда. Олар наурыз айының 22-30 аралығында Таиландтың Паттайя қаласында өтетін лицензиялық турнирге қатысады.
Көркем гимнастикадан жеңісті жолымыз жалғасын табуы тиіс. Азия ойындарының чемпионы Алина Әділханова сәуір айында өтетін Гран-При турнирінедайындық жүргізуде. Осы сында үздік үштіктің қатарына ілінсе, лицензияға қол жеткізеді. Одан бөлек, Әділханова үшін 08-10 мамыр аралығында Токиода өтетін Азия чемпионаты бар.
Оқ атудан Юрий Юрковтан бөлек, Рашид Юнусметов, Елизавета Король, Александр Ермаков, Зәуреш Байбосынова да лицензияға таласып көрмек. Стенд атудан Мария Дмитриенко, Анастасия Давыдова да өз бақтарын сынап көрмек.
Сондай-ақ, садақ ату, семсерлесу, ауыр атлетика, грек-рим күресі, жеңіл атлетика, батутта секіру спортынан да жолдама алу мүмкіндігі бар. Яғни, басқарма басшысының айтқан межеден шығуға мүмкіндігіміз жетерлік.
Жаңа жұлдыздың есімі кім?
Еселі еңбектің қайтарымы – нәтиже. Ел спортшыларының, қала берді Шымкент қаласы спортшыларының 2020 жылдағы басты мақсаты – Олимпиада ойындарына жолдама алып, табысты нәтиже көрсету. Әлем спортшылары қаңтар айынан бастап жолдама жолында тер төгуде.
Айта кетсек, қала спортшылары 2019 жылы Азия чемпионаттары мен кубоктарында 62 алтын, 34 күміс және 43 қола медальге қол жеткізсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 20 алтын, 13 күміс және 22 қола медальге ие болды. 1 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 121 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 391 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Бұл – былтырғы нәтиже. Биылғы басты меже – Олимпиада ойындары. Мақсат – оған қатысып қана қоймай, жүлде алу.
Токио ойындары қыр астында тұр. Басқарма басшысының, спорт жанкүйерлерінің пайымынша, жаңа жұлдызды споршыны шығаруға әлеуетіміз жетеді. Ол кім болмақ? Ол – уақыт еншісінде.