«ҚАЗАҚ БАУЫРЛАРЫМА МЫҢ АЛҒЫС» Избранное

Пятница, 09 Июнь 2023 04:58 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2857 раз

Аспан асты елінен келген қандасымыз осылай дейді

Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионаты тарихи жеңіс сыйлағаны мәлім. Сырт елде жүрген қазақ ұландары өзге елдің туын көтеріп, Әнұранын шырқатты. Әлемнің қай қиырында жүрсе де олар біздің бауырларымыз. Жанкүйерлердің де керемет қолдауына куә болдық. 80 келідегі бәсекеде қос қазақ алтын жүлдеге таласқаны да жанкүйерлердің делебесін қоздырды-ақ. Соңында екеуі жеңімпаздар тұғырында қатар тұрды. Иә, көңіл сүйсінетін жағдай.

334

 

12 мамыр. Хумо-Арена. Қытай еліндегі қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанға жартылай финал бәсекесінде қалың қазақ жанкүйерлері зор қолдау көрсетті. «Тоқтарбек, Тоқтарбек» деп кейбіреулері ұрандатады. Тоқтарбек әуелде армениялық қарсыласын 5:0 есебімен, одан кейін марокколық Мұхаммед Ассагирді, египеттік Абделрахман Орабиді уақытынан бұрын жеңді. Ал ширек финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, кубалық Арлен Лопезді сан соқтырып кетті.
Жанкүйерлердің таңданатынындай бар еді. Екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазын жарыс жолынан шығару оңай емес. Сондықтан да қолдау зор болды. Жартылай финалда испаниялық Газимагомед Жалидовпен жолы түйісті. Ол Токио Олимпиадасына қатысқан, кәсіпқой бокста да бақ сынап жүрген тәжірибелі боксшылардың бірі. Қазақ бауырларының залдың ішін жаңғырта жанкүйерлік еткенінен арқаланған Тоқтарбек шаршы алаңда еркін ойқастады. Қарсыласын ұпай санымен жеңіп, финалға шықты. Сөйтті де, трибунадағы бауырларының құшағына барып кірді. Әрбірі де естелік фотоға түсуге құмбыл. Жеңістен буыны босап тұрған Тоқтарбек барша Қазақ еліне алғысын айтты.
Иә, әлемдік сайыстың финалында тек қана өзінің атажұрттағы бауыры Нұрбек Оралбайға есе жіберді. Қытай елінде бұған дейін қазақ жігіттерінен Қанат Ислам әлем чемпионатының (2007 жылы) қола жүлдесін олжалаған-тын. Одан бері ол биік тұғырға ешкімнің қолы жетпей жүрді. Қытай құрамасы сапында жалғыз жүлде олжалаған да осы біздің бауырымыз.
Әрине, бұл жеңіс кездейсоқ емес. Қытай еліндегі бокстың дамуына қазақ бапкерлері көп үлес қосты. Бір кездері белгілі бокс маманы Нұрғали Сафиуллин, інісі Шамиль Сафиуллин, Ғалым Кенжебаев қызмет етіп қайтты. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, табаны күректей 5 жыл ұлттық құраманың бас бапкері болған Дамир Буданбеков те сол елде бапкерлік қызметін өткерді. Тыңнан түрен салып, қаншама шәкірттер тәрбиелеуге үлес қосты.
Осы орайда аз-кем тарихқа көз салсақ. 2015 жылы қараша айында Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Шымкентте Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған 36-шы халықаралық турнир өтті. Жеңіл атлетикалық манежде 9 елдің өрендері күш сынасқан-тын. Осы жарысқа Қытай құрамасын Дамир Буданбеков бастап келді. Жарыстың алдында Шымкент қаласы құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын да өткізді. Бұл келістің өзіндік себебі бар. Қарашаның ортасына қарай Қытайдың ішкі чемпионаты басталмақ екен. Қытай құрамасы осы жарыс алдында қазақ боксшыларымен тәжірибе алмасуды қолай көріпті. Белгілі бапкермен әңгімелестік. Үрімшідегі бокстың дамуы, бокстың мәселелері, Қытайдағы қазақ жігіттерінің қауқары қаншалықты екенін сұрадық.
– Қытайдың ішкі чемпионатына тыңғылықты дайындалу үшін Шымкентке келдік. Мұнда жоғары спорт шеберлігі мектебінің, Орталық стадионның залдары бәрі көңілден шықты. Мұнда 1-2 жекпе-жек өткізіп, ары қарай Үрімшіге жолға шығамыз. Биыл наурыз айынан бері Үрімшіде қызметтемін. Жергілікті бокс федерациясы басшылары шәкірттерді дайындасаңыз деп өтініш жасағаннан кейін жоқ дей алмадым. Онда ересектер, жастар, жасөспірімдер командасына жауаптымын, – деді есімі елге мәшһүр бапкер.
Дамир Буданбеков сөз ыңғайында Қ.Әбдәлиев турниріне келу себебін айтып, әңгімесін одан әрі жалғады.
– Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы маған бөтен жер емес. 1990 жылы осы өңірдің боксшыларын дайындауға үлес қостым. Ұйғыр автономиясының бірінші чемпионатын да өткізген мен. Сол кезде аса ауыр салмақта Әбдішүкір деген жігітті тәрбиеледім. 1992 жылдан кейін ол ұлттық құрамаға алынып, біршама жетістікке жетті. Қытайдың жеті дүркін жеңімпазы. Қытай халық спартакиадасын да жеңді. 1999 жылы қайта барғанымда да бірталай жас дарындардың талабын ұштауға жердемім тиді. Әбдірахман деген шәкіртім (75 келі) 1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Бірақ Сидней ойындарында жолы болған жоқ. Бейжің ойындарының және әлем біріншілігінің жүлдегері Қанат Ислам да менің шәкірттерімнің бірі. Ол екі жыл менің қоластымда жаттығып, жастар арасында чемпион болды. Қазір ол жердегі бапкерлердің бәрі менің оқушыларым. Бірі федерацияның вице-президенті, бірі бапкер дегендей. «Аға, көмектесіңіз» деп шақырғаннан кейін бардым, – дейді қазақ бапкері.
– Қанаттың ізін басар жігіттер бар ма екен?
– Бар. Дарынды боксшылар өте көп. Көбісі он сегіз, он тоғыз жастағы жігіттер. Қанаттың ізін басар жасөспірімдердің талабын көріп, қуанамын. Азия чемпионы, екі рет Олимпиадаға қатысқан Мәмет Тұрсын әлі де құраманы өрге сүйреп жүр. Артында біршоғыр жас тұрғанда оның әсте босаңсуына жол жоқ, Айбын Қанат, Серік Төлеутай, Тоқтарбек Таңатқан, Ердәулет деген жастар өкшелеп келеді. Айбын биыл 23 жасқа дейінгі Қытайдың чемпионатында жеңімпаз атанды. Әрбірінің де болашағы зор. Әрі қарай тәжірибе жинауы өздеріне байланысты. Қанаттай болғылары келсе, ерінбей тер төгу керек. Екі ай бұрын Санкт-Петербургте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне біздің өңірден 5 бала қатысты. Оның екеуі қазақ. Тұнық деген қызымыз таяуда Талдықорғанда өткен жастар арасындағы Жетісу кубогында жүлде алды. Осындай шәкірттер ғой. Талантты жігіттер әр жерден табылады. Тек бапкерлер солардың көзін ашып, бабын келтіре білсе.
Д.Буданбеков ол елде боксқа да көзқарас дұрыс екенін, заманауи спорт кешендері соғылып, ғылым дамып кеткенін әңгімелеп берді. Барлық өңірде боксты дамытуда жүйелді жұмыс жолға қойылыпты. Иә, мұның бәрі тарих. Естен кетпес оқиғалар.

«Қанат ағамызды үлгі тұттық»

Рас, миллиардтан асқан қытайдың арасынан озып шыққан Қанат Ислам сырттағы қаншама қандас бауырдың көкейіне сәуле ұялатты. Біріне жол сілтер аға болса, біріне пана болды. Қанат Исламнан кейін Қытай елінде Айбын Қанатұлы, Серік Төлеутай сынды қазақ жастары бой көрсетті. Қос боксшы WSB сериясында «Қытай айдаһарлары» клубына да алынды. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Серік Төлеутай бақ сынады.
2015 жылы Қарақозы Әбдәлиев мемориалына келген Айбын Қанатұлымен де аз-кем сұқбаттасқан едік. Айбын – 2015 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған 23 жасқа дейінгі Қытай чемпионатының жеңімпазы. «Шымкентке бұған дейін, 2012 жылы сәуір айында табаным тиген. Сол жолы жастар арасындағы турнирде күміс жүлде олжаладым. Финалда Алматы облысы боксшысының бағы жанып кетті. Шымқала одан бері ажарланып, дами түсіпті. Көрікті жерлері көп», – дейді Айбын алдымен күнгей өңірге қалай келгенін түсіндіріп. Қонақжайлығымызға дән риза.
«Мен дүние келген өңір – Тарбағатайдың Шәуешек қаласы. Бәріміз де Қанат Ислам, Мәмет Тұрсын сынды ағаларымыздың өнеріне сүйсініп, осы кісілердей болсақ деген арманмен жүрміз. Боксты 2008 жылы бастаған кезімде Қанат Исламның атағы дүрілдеп тұрған. Қанат аға ересектер сапында жүргендіктен үнемі жанымызда бола бермейтін. Оқу-жаттығу жиындарында жолығып қалсақ, айтқан ақыл-кеңесін құлағымызға құйып аламыз. Барлық құрдастарыма бірдей көңіл бөліп, теңдей тәрбиелейтін. Бейжің ойындарынан кейін ол кісіге деген құрметіміз, тіпті, артты». Жас дарын осылай сыр шертті.
Міне, жүйелі жұмыстың нәтижесінде жеңісті дәстүр жалғасып, тағы бір талапты жас озып шықты. Тоқтарбек Таңатқан – болашағынан зор үміт күттіретін жас дарын. Токио олимпиадасында 75 келіде бәсеке көрігін қыздырды. Алайда алғашқы Олимпиадасында жүлдеге жете алмады.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламның тұғырда бірге тұрғаны көпшілікті тәнті еткен еді. Араға он бес жыл салып, Ташкенттегі әлемдік сайыста Нұрбек Оралбай мен Тоқтарбек Таңатқан алтын, күміс жүлделерді өзара бөлісті.

Бәрі де Шымкент шаршы алаңында шыңдалды

Иә, бәрі де Шымкент шаршы алаңында шыңдалды. Мегаполис шаһарда халықаралық турнирлер көктем, күз айларында іркес-тіркес өтіп жатады. Қала әкімінің кубогы, қазақ боксының аңызы Әбдісалан Нұрмаханов, Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнир, Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған халықаралық бәсеке бар. Тәжірибе алаңына айналған турнирлер бәрі де. Қазір осы сайыстардың ауқымын кеңейту жұмыстары да қолға алынып жатыр.
Қала әкімінің кубогы жастар арасында Қазақстан чемпионаты ретінде де ұйымдастырылды. М.Ділдәбеков турнирінің де жыл өткен сайын беделі артып келеді. Азия чемпионатына іріктеу турнирі ретінде де өтті.
Ташкентте әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан, күміс жүлдегер Дулат Бекбауов та аталған турнирлерде шыңдалды. 2016 жылы Қ.Әбдәлиев мемориалында Асланбек Шымбергенов 69 келіде бақ сынап, екінші орынға ие болған.
«Ұрпақтар сабақтастығы» деген осы шығар. Шымкент қаласының әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы шаһарда бокс өнерін дамытуға жеткілікті қолдау көрсетуде. Әрине, осындай қолдаудың арқасында жеңісті дәстүрміз жалғаса бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.