ҚАСИЕТТІ АЙДА ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ ІС-ШАРАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ Избранное

Пятница, 24 Март 2023 04:33 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 21822 раз

Биыл Рамазан айы 23 наурызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұндай сәйкестік 33 жылда бір келеді екен. Күн мен түн теңеліп, жұрт Ұлттық мерекені тойлаудан кейін қасиетті айдың құрметіне ауыз бекітеді. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – шарапаты мен шапағаты мол ай. Қасиетті айда жасалатын құлшылық жайлы ҚМДБ Шымкент өкілдігінің бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов пен бас имамның орынбасары Мұхамеджан Естеміров баспасөз брифингінде баяндады.

807

 

– ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 535 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Мәселен, бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4270 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8090 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3000 теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Рамазан айында Kaspi.kz қосымшасы арқылы зекет, садақа беру жолы да қаралған, - деді қаланың бас имамы.
Қасиетті айдың құрметіне қаламыздағы 45 мешітте «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылады. Одан бөлек қаладағы 5 ауданның орталық мешітінде қала әкімдігімен бірлесе ауызашар себетін үлестіру де жоспарланып отыр.
–Өткен жылы 30 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату көзделген болатын. Жомарт жандардың қайырлы істерге деген белсенділігінің арқасында 34 мыңға жуық отбасыға Рамазан себеттері үлестірілді. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарын жандандырғалы отырмыз. Халық арасында Рамазан, садақа, зекет туралы көбірек мәлімет алғысы келген жандар үшін биыл қаланың 6 жерінде «Рамазан Call-Center» қызмет көрсетеді, 8-708-478-48-72 нөмірі арқылы жамағаттың сұрақтарына жауап беріледі, - деді Б.Әбдірахманов.
Биыл ҚМДБ Шымкент өкілдігі Рамазан айы табиғат оянуымен қатар келуіне орай қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық беріпті.
–Рамазанда тек құлшылық қана емес, қоғамға оң әсерін тигізер іс-шаралар көптеп қолға алынады. Осы жылы алғаш рет «Табиғатты аяла» іс-шарасы аясында «Рамазанда бір тал ек!», жамағатты кітап оқуға баулуда «Мешітке кітап сыйла» акциясын өткізу жоспарланған. Одан бөлек, 6 орында қайырымдылық орталығын ашуды көздеп отырмыз. Осы орталық арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылады,- деді бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы.
Имамдар кәмелеттік жасқа толмағандардың ауыз бекітуі туралы да пікір білдірді. Олардың айтуынша, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес.
– ҚМДБ-ның талабы бойынша 17-18 жас – балиғат жасы болып бекітілген. Балиғатқа толмаған жас балаға ораза ұстау міндеттелмеген. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның ағзасында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Сондықтан мектеп оқушылары ораза кезінде ең алдымен сабаққа көңіл бөлуі керек, - деді қаланың бас имамы Б.Әбдірахманов.

Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

 

РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті мұсылман қауым!

Қадірлі жерлестер!
Күллі қауымды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.
Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) былай айтқан: «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласымен тарауих намазын оқыса, Алла Тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды»,- деген болатын.

Қадірлі жамағат!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!

Бақдаулет қажы Абдрахманов,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.