Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін, өмірдегі алғашқы қадамы сәтті болсын деген тілектен туған дәстүр. Тұсау кесу сәбидің өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасалатын ырымы.
Бұл жолғы рәсім Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Шымкент қаласының 2200 жылдық мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Онда шымкенттік 1-3 жас аралығындағы ұл балалардың тұсауы кесіліп, салт-дәстүрге сай жөн-жоралғы жасалды. Іс-шараны белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жүргізді.
Елімізге танымал зиялы қауым өкілдері Нұрбол Сүлейменов, Сәбит Әбдірайымов, Мұхан Байбосын, Мырзабай Омар және Бекайдар имам, «Жігіттер» квартетінің әншілері балғындардың тұсауын кесіп, ақ батасын берді.
Балалардың қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылып, дастархан бауырсақ, тандыр нан, сары май, қымыз, қымыран, құрт, қызыл ірімшік, қаттама, тары-талқан секілді ұлттық тағамдармен толықты.
Айта кетейік, тұсаукесер рәсім қайырымдылық бағытта өтті. Кеш соңында «Көркем әжелер» ансамблі ән шашуын арнады.