Барша жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтаған қала әкімі Көрісу күнінің мағынасына тоқталып өтті.
– Қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-біріне қонаққа барып, хал-жағдай сұрасып, бір-бірімен көріскен екен. Бұл дәстүр
Қазақстанның батыс аймақтарында жақсы сақталған. Биыл елімізде Наурыз мейрамын атап өтудің концепциясы әзірленіп, мерекені 14 наурыздан 24 наурызға дейін, 10 күн қатарынан атап өтеміз. Қазақстандағы ең жылы қала – шырайлы Шымкентіміз биылғы Наурызға ерекше дайындалуда. «Наурыз Шымкенттен басталады» ұранының аясында бұл мерекені жылда жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімі, сонымен қатар, Наурызды Шымкентте халықаралық деңгейде жыл сайын атап өтілетін, оған әлемнен туристер ағылатын мерекеге айналдыру мақсаты тұрғанын жеткізді.
Іс-шара барысында Наурыз туралы деректі фильм көрсетіліп, «Көрісу» атты театрландырылған көрініс болды. Көрісу рәсімі кезінде санитарлық талаптар сақталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.