«Қазына» Шымкентті әлемге танытып жүр

Пятница, 07 Июнь 2024 06:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 331 раз

kazyna-bi

Қазақ жұрты сахна өнері, оның ішінде би өнерін бұрыннан ерекше қошеметпен бағалаған. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса эстетикалық сезім сыйлайды. Осы орайда қазақ ұлттық би өнерін дәріптеп жүрген, қазақтың биін шет елге танытып жүрген «Қазына» халық би ансамблінің жыл басынан бері жеткен жетістіктері көп.

Биыл Өзбекстанда, Хиуа қаласында әлемнің 33 елінен 200-ден астам дарынды бишілер жиналған II Халықаралық «Лязги» байқау-фестивалі өтті. Осы фестивальде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік ететін «Қазына» халық би ансамблі 1-орынға ие болды.

Лязги – Әмудария өзенінің төменгі жағалауында тұратын хорезмдіктер жасаған көне би (ол «күн биі» деп аталады) және ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

«Қазына» халық би ансамблі Астана қаласында өткен «Наурыз-2024» ұлттық сыйлығының «Үздік ұлттық би ансамблі» марапатына ие болған. Түркіменстан Республикасының астанасы Ашхабадта өткен «Анев-2024 – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына қатысты. Ресей мемлекетіндегі Пенза қаласында 5-9 сәуір аралығында ансамбльдің солистері Владислав Мельников, Тахмина Исаева және Аделина Тұнғышбаева VIII халықаралық «Өз жұлдызыңды жандыр» хореографиялық өнер байқау-фестивалінің Гран-при иегері атанды. Сондай ақ, Швейцария мемлекетінің Женева қаласында ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ұйымдастыруымен өткен Түркі апталығына қатысты.

«Қазына» би ансамблі 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының өнерпаз студенттерінен құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері марқұм Мұса Жарқынбеков болған. Қазіргі таңда ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Бекембайқызы. Үздік би ансамблі республикалық, шетелдік талай додаларды бағындырып, әлемге еліміздің атын паш етіп жүр.

– Мерейтойды республика көлемінде және шетелдерде де өткізу жоспарымызда бар. «Қазына» би ансамблін қалыптастырудағы мамандардың үздік іс-тәжірибесімен бөлісу, жергілікті қолөнер мен ұлттық киім тігу шеберлерінің еңбегін көпшілік назарына ұсыну – біздің басты мақсатымыз, – дейді Зәуре Бекембайқызы.

Ансамбльде бүгінде 23 әртіс жұмыс істейді. «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында ұжымның шығармашылық дамуын, би қойылымдарында тақырыпты ашу, сахналық бейнені қалыптастыруда кәсіби біліктіліктерін арттыру, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін би өнері арқылы қайта түлетуді көздей отырып, штат санын 40-қа жеткізу жоспарда бар. Осыған орай 13-14 маусымда кастинг өтеді. Жергілікті бюджет есебінен өнер ұжымына жаңа костюмдер үшін 54 млн. теңге бөлінбекші. Қазіргі уақытта ансамбль репертуарында 80-нен астам би қойылымдары бар.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.