Іс-шарада жер сілкінісі орын алған жағдайда азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі даярлықтары пысықталды.
Сағат 16:00-де қалалық құлақтандыру жүйесі іске қосылып, негізгі оқу-жаттығудың бірі қала әкімдігі ғимаратында өтті. Қызметкерлерді дер кезінде қауіпсіз жерге шығару және адамдарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Зардап шеккен 1 адамға медициналық көмек көрсетілді. Оқу-жаттығуға жалпы ТЖД қызметтерінен 8 техника жұмылдырылды.
Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзевтің айтуынша, практикалық іс-шаралар қалада бір мезетте әлеуметтік нысандарда, көпшілік орындарда жүргізілді.
Аталмыш іс-шарада республикалық, өңірлік азаматтық қорғау қызметтері және жергілікті атқарушы органдар жойқын жер сілкінісі жағдайында іс-қимылдарды пысықтады. Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған лагерьлер құрылды.