Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов халықпен кездесулерде көтерілген жол, қоғамдық көлік, инфрақұрылым, көгалдандыруға қатысты мәселелердің шешімін жеткізді. Ғ.Сыздықбеков халықпен кері байланысты нығайтып, аталған проблемаларды оңтайлы шешуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ.Базарбаев су айдындарындағы қауіпсіздікті қамту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл ретте жауаптыларға қауіпті су айдындарында арнайы белгілер орнату және қала аумағындағы барлық субұрқақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында нақты тапсырмалар берілді.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Мекамбаев кенеге қарсы санитарлық өңдеу шараларына қатысты баяндады. Сала басшысына бұл ретте саябақтарды залалсыздандыру жұмысын атқару тапсырылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясына 142 мыңнан аса адам, 962 өндірістік пен кәсіпкерлік нысан, 603 әлеуметтік нысан қатысып, 6311 бірлік техника жұмылдырылды. Науқан барысында 6 мың шақырымнан астам көше, 5 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланып, нәтижесінде 5671 тонна қоқыс шығарылды.
Қала әкімі тиісті сала басшысына тазалық жұмыстарын тоқтатпай, алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жүйелі атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне халыққа берілген барлық уәделерді дер кезінде орындау қажеттігін ескертті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі