Эпидемиологтар сақтанып жүруді ескертті Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 362 раз

Жыл басынан бері Шымкентте COVID-19 инфекциясымен 30 жағдай тіркелді. Оның бәрі де коронавирустың симптомсыз түріне шалдыққан. Олардың төртеуі – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев мәлімдеді.

akpar22

 

Департамент басшысының айтуынша, 30 науқастың ауру ошағы анықталған, оның 2-і – мекеме ұжымы, 20-сы – үйде. Осы 22 ауру ошағы бүгінде мамандар тарапынан тұрақты қадағалануда. Анықталған барлық ауру ошақтарында коронавирусқа қарсы іс-шаралар жүргізіліп, науқастармен қарым-қатынаста болған 142 адам бақылауға алынған. Олардың арасынан ауруханаға ауырып түскендер жоқ.
Сонымен қатар, биыл эпидемиологиялық кезеңнің 4-ші аптасында ЖРВИ-мен сырқаттанған 2079 жағдай тіркелсе, 5-ші аптасында бұл көрсеткіш 2318-ге жеткен.
– ЖРВИ мен тұмаудың клиникасы ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануынан ауру белгілері өте жіті басталады, тамақ қышып, мұрын бітеліп, ағза әлсіздікке ұшырайды. Дене қызуы 3-5 күн бойы 38-40 градусқа көтеріліп, түспей қояды, басты ауыртады. Демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта бөртпелер пайда болуы секілді белгілер білінеді. ЖРВИ/тұмаудың асқынуы пневмонияға, отит, гайморитке, менингит, энцефалит, септикалық асқынуларға апарып соғуы мүмкін, – деген Әбдіманап Қошқарұлы көпшілік жиналатын барлық қоғамдық орындарда бетпердемен жүру керектігін ескертті.
Ал, департамент басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова елімізде өршіп тұрған қызылша ауруына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қызылшаға қарсы вакцина үш бағытта жүргізіліп жатыр.
– ҚР ұлттық күнтізбесіне сай 1 жас 3 айлық сәбиден 6 жасқа дейінгі балалар жоспарлы түрде егулерін алуы керек. Сонымен қатар ауру ошағы анықталса, бұрын вакцина қабылдамаған, қызылшамен ауырмаған 30 жасқа дейінгі азаматтар 72 сағаттың ішінде егуді алуы керек, – деді ол.
СЭБД басшысының тағы бір орынбасары Алдарқұл Ахметов денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция мен дератизация қызметтерін көрсетуге лицензия беру тәртібі өзгергенін жеткізді.
– 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсететін жеке және заңды тұлғалар осы қызмет түрін лицензия болған жағдайда ғана жүзеге асыра алатын нормативтік-құқықтық актілер күшіне енеді. Қазіргі уақытта қызметтің бұл түрімен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына сәйкес мамандандырылған ұйымдар айналысады, - деді ол.
Брифингте нысандарға санитарлық бақылау жүргізудің жарты жылдық тізімі жасалғаны, департамент тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері мен қызмет алу мерзімі, қоршаған ортаға зиян келтіру жағдайларында қолданылатын шаралар туралы да айтылды.

Өзипа Мақұлбекқызы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.