Қазақстан футбол федерациясы мен «Ордабасы» футбол клубы арасында футбол алаңдарын жаңарту жөнінде қайырымдылық келісім жасалған еді. «Алаң» жобасы бойынша ескі алаң қайта жаңғыртудан өтті. Итальяндық үлгіде газон төселіп, сертификатталған алюминий қақпалар орнатылды. Құрылыс жұмыстары жалпы бір айдың ішінде аяқталды.
Қала әкімі шаһарда халықтың денсаулығын жақсарту, бұқаралық спортты қолдау бағытында жұмыстар жалғасын табатынын мәлімдеді.
– Қалада халықтың денсаулығын жақсарту, жасөспірімдер спортын дамыту, спорттық инфрақұрылымды жақсарту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бүгін тағы бір спорт нысаны ел игілігіне берілді. Қайырымдылық істің бастамашысы болған ҚФФ президентіне өз алғысымды білдіремін. Осы нысанда жаттығатын жастарымыз әлемдік деңгейге шыға берсін. Бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасай береміз, – деді қала әкімі.
ҚФФ президенті Ә.Барменқұлов бұқаралық футболды дамытуда әлі бірқатар жобалар іске асатынын айтып, жаңа алаңнан болашақ футбол жұлдыздары шыға беруіне тілектестігін білдірді.
Ең соңғы үлгіде жабдықталған футбол алаңында қазіргі уақытта 250-ге жуық жасөспірім жаттығады. «Алаң» жобасы аясында биыл елімізде 4 футбол алаңын салу жоспарланған. Мінекей, жаңа нысанның бірі Шымкент қаласында іске асырылды.