ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕЙСМИКАЛЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТТІ Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1209 раз

Шымкент қаласында ҚР ТЖ министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық екі күндік оқу-жаттығуы өтті. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдары, қаланың азаматтық қорғау қызметтері, №35748, 6506, 10216 әскери бөлімдерінің, ТЖ департаментінің күштері мен құралдары атсалысты.

316

 

Негізгі оқу-жаттығу Қаратау ауданы Нұртас шағынауданындағы «Аман» тұрғын үй кешенінде өтті. Шартты түрдегі табиғи апатқа байланысты жедел штаб құрылып, оның жұмысына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жетекшілік етті. Қала аумағында сағат 10.00-де қалалық құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментіне шартты түрде қуаттылығы 7 балдық жер сілкінісі болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Дер кезінде тұрғындарды қауіпсіз жерге шығару және өртті сөндіру, адамдарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Жалпы 100 адам эвакуацияланып, зардап шеккен 10 адамға медициналық көмек көрсетілді.

317


Қала әкімінің бірінші орынбасары жалпықалалық сейсмикалық жаттығу аясында №129 эвакуациялық жинау пунктінде (№130 жалпы орта мектебі) зардап шеккен және үйсіз қалған тұрғындарды қабылдау бойынша практикалық іс-шаралармен танысты. Сонымен қатар, Қуаныш Жұмабекұлы Асар шағынауданында орналасқан шатырлы қалашықта болып, ондағы оқу-жаттығудың барысын аралап көрді. Мұнда қаладан эвакуацияланған тұрғындар шатырларға орналастырылып, қажетті барлық көмек түрлері ұсынылды.
Практикалық іс-шаралар бір мезетте қаланың бес ауданында жүргізілді. Сонымен бірге, қаладағы барлық мемлекеттік мекемелерде сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Жалпы шаһарда бұл бағытта 11 іс-шара бекітілген. Қала әкімінің бірінші орынбасары шатырлы қалашықта жедел штабтың отырысын өткізіп, сейсмикалық оқу-жаттығуды пысықтады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.