КӨППӘТЕРЛІ 15 ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНЕДІ Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 481 раз

Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл тамыз айында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында көппәтерлі 15 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының теңгеріміндегі коммуналдық 21 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары да қолға алынған.

311

 

Шаһарда бюджеттік кредит есебінен күрделі жөндеу жұмыстары бойынша қазіргі таңда Күншығыс шағынауданы №11,14,1 және Спорт шағынауданы №10, Ә.Жангелдин көшесі №16, Дулати көшесі №205, Әл-Фараби көшесі №21, А.Асқаров көшесі №32, Республика даңғылы №26, 36А мекенжайында орналасқан тұрғын үйлердің шатыры толығымен ауыстырылды. Мұндан бөлек, Ғ.Иляев көшесі №113/5, Әл-Фараби көшесі №21 тұрғын үйлерінің қасбеттері жаңартылуда. Аталған тұрғын үйлердің, сонымен қатар кіреберіс, кәріз және су құбырларын жөндеуден өткізу көзделген.
Көппәтерлі тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. 2022 жылы қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен. Модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес, қайтарымды қаржы негізінде атқарылуда. Қала тұрғындары қайтарымды қаражат есебінен жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне өтініш бере алады.

«Тұрғындардың көңілінен шығып отыр»

Бүгінде Әл-Фараби көшесі №21 үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Жауапты мердігер – «Шам KZ» ЖШС. Мердігер мекеме басшысының орынбасары Нұрлан Әлінің айтуынша, құрылыс жұмыстарын 10 күннің ішінде толық аяқтау жоспарда. Қазіргі уақытта шатыр толық ауыстырылып, қасбет жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа жалпы 12 адам жұмылдырылған. Тұрғындардың өтініші бойынша мердігер компания кіреберісті де реттеп бермек.
Үй комитетінің төрайымы Шарапат Жүсіпбекова мердігер мекеменің жұмысын көңілдерінен шығып жатқанын айтады. Зейнеткер 3 жылдан бері үй комиттетінің төрайымы қызметін атқарып жүр. Осы үйде 9 жылдан бері тұрады.

310


– Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындармен бірлесе 2021 жылдан әрекет жасадық. Бұл үйдің жөндеу көрмегеніне 51 жыл болған екен. «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-іне барып өтініш жаздық. Сонымен, биыл модернизацияға іліндік. Мердігер компания жұмысы тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Біздің ұсыныстарымызды, өтініштерімізді ескеріп, жұмысты сапалы атқаруда. Кіреберісімізді де ақысыз істеп бермек. Жалпы жергілікті бюджет бағдарламасы болғаннан кейін қайтарымды несие қаражатының пайызы жоқ. Осы жағы да бізге қолайлы болып отыр, – дейді 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған зейнеткер.
Көпқабатты тұрғын үйдің шатыры және артқы фасады ретке келтіріліп қойды. Енді он күннен кейін тұрғын үй жаңа кейіпке енбек. Абай ауданы әкімдігі тұрғын үйдің ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізген.
Шаһарда тозығы жеткен үйлерді жаңғырту жұмыстары осылайша кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.