×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – басты мiндет Избранное

Пятница, 23 Январь 2015 05:57 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5237 раз

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың халық алдында есеп беру кездесуі «Қазығұрт», «Самал-3» шағынаудандары мен «Жаңаталап» тұрғын алабында болып өтті. Жиын барысында көпшілікке арнайы слайдтар арқылы соңғы бір жыл уақыт ішінде аудан аумағында атқарылған тірліктер бейнеленіп көрсетілді. Сондай-ақ, Ахмет Өтегенұлы өз баяндамасында өткен жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жарыссөзге шыққан тұрғындар аудан басшысына негізінен, коммуналдық қызмет сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көліктерге деген мұқтаждығын айта отырып, ой-ұсыныстарын аманат етіп жатты. Есепті кездесулер барысында жергілікті тұрғындар тарапынан аудан басшысының жыл бойы атқарған жұмысы «қанағаттанарлық» деп бағаланды.

Атқарылған іске тоқмейілсуге болмайды

DSC 0102«Қазығұрт» шағынауданындағы №66 орта мектебінің ғимаратында өткен аудан әкімінің есепті кездесуіне жергілікті аумақтың тұрғындары көптеп жиналды. Қараша халықтың алдында жыл қорытындысын жария еткен аудан басшысы өз есебінде оңды жетістіктерді атап өтумен қатар, өзекті мәселелер мүмкіндігінше шешімін табатынын мәлімдеді. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы ауданға 12 елді мекен қосылды. Осыған байланысты, аудан аумағының көлемі ұлғайып, атқаратын жұмыстардың ауқымы кеңейді. Халықтың саны едәуір артты. Ендігі жерде, ауданға жаңа қосылған елді мекендерді жылумен, электр қуаты, көгілдір отын және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жол құрылысын салып, көріктендіру жұмыстарын жүргізу – күн тәртібіндегі дүние. Аудан әкімі аппараты жұмысының басты мақсаты – халыққа өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасау. Баяндамасын осылай қорытқан аудан әкімінің діттеген негізгі ой-пікірі осыған саяды.  
Жарыссөзге алғаш болып шыққан облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбек бүгінгі заман талабына сай, тұрғындарды үнемшілікке шақырды.
– Қазіргі таңда, облыс бюджеті 470 миллиард теңгені еңсерді. Десек те, бүгінгі құбылмалы баға барға тоқмейілсуге мүлдем болмайтынын ұқтыратындай. Әрине, жол, жарық, көгілдір отынның қажетті деңгейде жеткізіліп, әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы – барлығымыздың көкейімізде бар дүние екені даусыз. Сол себептен де, ертелі-кеш игілігін көрсетер қайсыбір істе шыдамдылық байқатқанымыз жөн, – дейді облыстық мәслихат депутаты.
Сондай-ақ, жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Әмірбеков, Еңбек Ері Қуандық Әзжігітов, Абай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Төлеген Базарбайұлы аудан әкімдігінің толымды істеріне көңілі толатынын білдіріп, өзіндік ой-ұсыныстарын да жеткізді.

Коммуналдық қызмет сапасы толғандырады

DSC 0114«Самал-3» шағынауданындағы №97 орта мектебінде жергілікті тұрғындармен өткізген есепті кездесуінде аудан басшысына жолданған сауалдар легі аз болмады. «Шұғыла» шағынауданының ауыл биі Амантұр Бегімбетов мектепке барар жолдарға аяқжол салып беруді сұраса, «Қызылжар» елді мекенінің тұрғыны Бастархан Байжанов шағынаудан тұрғындары білім ұясына мұқтаж екендігін жеткізді. «Самал-3» шағынауданының тұрғыны Құлман Нұрсұлтан қала ішін ретсіз жатқан қоқыстардан тазартып, Арғынбеков көшесімен жалғас тармақталған көшелерге асфальт салу жайын сұранды. Жергілікті тұрғындар Гүлжахан Юсупова, Тамара Құрамысова, Нышан Темірбаев сынды тұрғындардың айтар ойы да нақ осы қыс ауасында жаяу жүргіншілер жолына зәрулігі болды. Сауалға орай, аудан басшысы Ахмет Өтегенұлы ауданда өткен жылы 190 шақырым көше жолдарына шағал тас төселгенін айта келе, қазіргі таңда әлі де 248 көше шағал тас төсеуге «сұранып» отырғанын жасырмады. Жиынды қорытындылаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бұл сауалдарға да нақты жауап берді.
– Өздеріңіз білесіздер, Шымкент қаласының 5 жылдық «Даму» бағдарламасы бойынша әлеуметтік карта сызбасы дайындалып, бұл үшін 27 миллиард теңге ұсынылған болатын. Жаһандық дағдарысқа орай, алдағы наурыз айында қала бюджеті тағы бір нақтыланып, меже-міндеттер белгіленетін болады. Сол себептен де, бастапқыда шағал тас төселуі тиіс көшелердің бірқатары жоспардан алынуы да ғажап емес, – дейді Гүлжан Мамытқызы.
Жалпы, жарыссөзге шыққан азаматтар аудан әкімінің жылдық қорытынды есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

«Қалалық» атанғандардың айтары көп

Абай ауданы әкімінің жергілікті тұрғындармен есеп беру кездесуі «Жаңаталап» тұрғын алабында орналасқан №81 орта мектебінде де болып өтті. Бұл жолғы есепті кездесуге Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Есепті кездесудің орнын белгілеу барысында Абай ауданы әкімінің мұндағы аймаққа айрықша маңыз беруінің өзіндік себебі де бар. Сайрам ауданынан жаңа қосылған, бүгінде «шымкенттіктер» атауын иеленген тұрғындардың расында, аудан басшысына айтар ой-ұсыныстары мен өзіндік мұң-мұқтаждықтары да жетерлік еді. Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың баяндамасынан соң, жарыссөзге шыққан жергілікті тұрғын Тұрғымбек Егембердиев ең алдымен, Бадам өзенінің бүгінгі хал-ахуалына алаңдаушылығын білдірді. Оның пікірінше, өзен жағалауынан қазып алынған құм мен тас «ұрлығының» салдарынан, Жаңаталап тұрғын үй алабында орнатылған алып көпір құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бүгінгі таңда күрмеуі күрделене түскен бұл сауалға толыққанды жауап берген аудан басшысы өз тарапынан құқық қорғау қызметкерлері мен жергілікті ақсақалдар алқасы, сонымен қатар, БАҚ өкілдерімен бірлесе, ендігі жерде арнайы рейд жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыратынын мәлім етті.
Сондай-ақ, жарыссөзге жазылған Абай ауданының прокуроры Әбдімүтәліп Мұстафаев бүгінгі таңда өзекті болып отырған жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесіне көпшіліктің назарын аударды. Тек өткен жылы аудан аумағында жасөспірімдердің қатысуымен 64 қылмыс орын алыпты. Осындай олқылықтардың алдын алып, қылмыс дерегін біршама төмендету мақсатында, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 19 мобильді топ құрылып, нәтижелі жұмыстың атқарылып жатқанын айтып, аудан прокуроры әкімдік қызметкерлерінің үйлесімді тірлігін жоғары бағалап өтті. Ал, жергілікті ауыл биі Арыстан Айдарқұлов осындағы орта мектептің мұң-мұқтаждығына тоқталды. Әсіресе, қыс аязында оқушыларға мектепке жеткізетін аяқжол сүрлеуі мен көше бойын жарықтандырудың қажеттілігі байқалады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының Батыры Төлеген Тәжібаевтің есімі берілген аталмыш мектептің атауы қала аумағында екінші рет қайталанып тұрғандықтан, жаңа есімді қажет етеді. Сол себептен де, жергілікті тұрғын көпшіліктің ортақ ұсынысы ретінде аталмыш білім ұясына Мангельдин атауын беруді сұрады. Өзара еркін сұрақ-жауап жағдайында өрбіген кездесуде жергілікті тұрғын Бақтыбек Балабеков қоғамдық көлік пен сапалы ауызсуға әлі күнге зәру екендігін, тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласының иелігіне ауысуы себепті, тұрғын үйінің құжаттарын түгендеу шарасы барысында бірқатар қиындықтар туындап отырғанын жеткізді. Бұл мәселеге де түсіністік танытқан аудан басшысы ендігі «шымкенттік» атанған аумақ тұрғындарына құжат дайындау ісінде лайықты жәрдем ұсынылатынын мәлім етті.
Аудан басшысының жергілікті тұрғындармен өткен есепті кездесуін Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қорытындылады.
– Жалпы, өткен жыл қала халқы үшін табысты өтті деуге негіз бар. Бүгінгі кездесуде көпшілік тарапынан қойылған сұрақтардың дені – коммуналдық қызметке қатысты болды. Бұлай болуы заңдылық та. Осы орайда, жалпы қуат күші 220 кВт-тық «Бозарық» электр станциясының құрылысы салынып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Өз кезегінде, станция іске қосылған мезетте қала тұрғындары үшін электр қуатының жеткіліксіздігі мәселе туындатпауы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі таңда, аудан әкімдіктерінің құзіреті ұлғайтылуда. Яғни, әрқайсысының өз алдына жеке бюджеті қаралатын болады. Сол үшін де, биыл қала аумағындағы құрамдас төрт ауданға 818 миллион теңге берілуде. Жалпы, қала тұрғындары тарапынан түскен сауалдар толығымен зерделеніп, лайықты жауап берілетін болады. Бұл қатарда, өткен жылы тұрғындармен есепті кездесуде маған барлығы 69 сауал келіп түскен болса, бүгінде соның 42-сі тиісті нәтижесін тапты. Қалған 27 сауал өз уақытымен орындалатын болады, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Жиылған көпшілікке алғыс сезімін білдірген шаһар басшысы аудан әкімі Ахмет Татыбаевтың өткен жылғы атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағасын берді.