49 миллион 900 мың теңгенiң мүлкi жария етiлдi

Пятница, 23 Январь 2015 05:53 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4357 раз

Өткен жылдың бірінші қыркүйектен бастап Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша  елімізде мүлікті жария ету  науқаны басталғаны белгілі. Қолданысқа енген заң бар мүлікті жария етіп, заңдастыруға мүмкіндік береді. Елімізде үшінші рет өткізіліп отырған бұл шараның экономикалық тиімді тұстары жөнінде айтқан болатынбыз. Мамандар осыған дейінгі мүлікті жария ету шарасында жіберілген олқылықтарды қайталамау үшін халықты мүлікті жария етуге мүмкіндік беретін заңнамалық талаптарды тыңғылықты түсініп алуға шақыруда. Осыған орай, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрманов Серік Шермаханбетұлынан мүлікті заңдастыру жұмыстары жайлы сұхбаттасқан едік.

IMG 4325– Серік Шермаханбетұлы, аудан әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссиялар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Науқан басталғалы бері тұрғындардан қанша өтініш қабылданып, оның нешесінен бас тартылды?
– Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты жанынан құрылған мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияның қарауына науқан басталған күннен бүгінгі таңға дейін 630 аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі  таңға барлығы 28 өтініш (мүліктің соммасы – 492 513 000 теңге) қабылданды. Мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссия 17 өтінішке (мүліктің соммасы – 417 303 000 теңге) жария етуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Ал, 1 өтініш иесінің құжаттары талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты кері қайтарылды (мүліктің соммасы –  2 500 000 теңге). Қазіргі таңда 5 өтініш комиссияның шешімімен жария етілді (мүліктің соммасы – 49 900 000 теңге). Қалған 5 өтініш белгіленген тәртіппен комиссия тарапынан қаралуда (мүліктің соммасы – 24 110 000 теңге).
– Өзіңіз айтқандай, 17 өтініштен бас тартылған. Оның себептері қандай?
– Комиссия жылжымайтын мүлікті жария етуден бас тартудың себептері, қаланың бас жоспарына сәйкес келмеуі, құрылыс регламенттеріне сай болмауына байланысты. Заңдастыруға келген тұрғындардың басым бөлігінде құжаттар толық емес. Осыған орай, біз олардың әрқайсысына заңдастырудың жолдарын жіті түсіндірудеміз. Айта кетейік, заңнамада мүлік жөнінде ұсынылатын мәліметтердің толықтығы мен анықтығы үшін азаматтардың жауапкершілігіне басымдық берілген. Мүлікті жария ету жөніндегі комиссия заң талаптарына сәйкес, мүлікті жария ету субъектісінің өтінішін берген күннен бастап 30 күн ішінде қарап, шешім қабылдайды.  
– Мүлікті заңдастыруға қатысты қай шағынаудандардан өтініш көп түсуде?
– Бұл ретте аудан аумағына жаңадан қосылған «Тассай», «Достық», «Таскен», «Мәртөбе» елді мекендерінің, «Бозарық» шағынауданының  тұрғындары көптеп келуде. Олар тарапынан бізге қойылатын сауалдар аз емес. Жалпы, жұртшылықтың көбі жеке тұрғын үйін  және баспанасының  қасында салынған дүкен, гараж сынды қосалқы ғимараттарды заңдастыру мәселесімен келіп жатыр. Жалға алынған жер теліміне салынған ғимараттарды заңдастырмақ болғандар да бар. Біз оларға тек жеке меншігіне тиесілі жер телімінде тұрған жылжымайтын мүлік жария етуге жататындығын айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.
– Мүлікті заңдастыру үшін қандай құжаттар керек екенін айтып өтсеңіз.
– Өтініш-2 дана, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, мүліктің техникалық паспорты, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан техникалық тексеруді жүзеге асыратын сарапшының қорытындысы қажет. Бұл үшін бірнеше органға барып, табан тоздырудың қажеті жоқ. Әл-Фараби ауданы әкімдігіне келіп, құжат өткізу жеткілікті.

Последнее изменение Пятница, 23 Январь 2015 06:06
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.