Мұхтар ДҮЙСЕМБЕКОВ, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының басшысы: СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА ШЫМКЕНТ ЖОЛДАРЫНЫҢ САПАСЫ ЖАҚСАРДЫ Избранное

Пятница, 15 Сентябрь 2023 04:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 9377 раз

Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс екенін атап өтті. Шымкент қаласында автокөлік жолдарының құрылысы мен оның сапасын бақылау бағытында жұмыстар қарқын алған. Осыдан 4 жыл бұрын қаладағы жол құрылысында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге кеміген. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жол жөндеу жұмыстарына сараптама жасау, сынақ зертханасын жүргізу және ғылыми зерделеу, мамандар даярлау бойынша мекеме басшысы Мұхтар ДҮЙСЕМБЕКОВПЕН арнайы әңгімелескен едік.

376

 

– Мұхтар Манасұлы, қалада жол сапасын бақылайтын мекеменің құрылғанына төрт жылдан асты. Жол салушы мердігерлердің жауапкершілігі жыл сайын күшейіп келеді. Қазіргі таңда жұмыс барысында қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Шымкент қаласының «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесі 2019 жылы наурыз айында құрылып, жұмысын бастады. Мекеме жол құрылысы, жол жөндеу жұмыстарына сараптама жасау, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарын сынақ зертханасынан өткізуді жүзеге асырады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да автокөлік жолдарының құрылысында сапаға көңіл бөлу керек екенін нақтылап айтты. Біз де соған сай жұмысты күшейтіп жатырмыз. Жұмысты негізінен 2020 жылы бастадық. Салыстырып қарағанда, жол сапасына қатысты талаптар қазір мүлдем бөлек. Жұмысты жандандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Енді осы жөнінде айтып өтсем.
Әрине, қазіргі таңда жол сапасына қатысты ақаулар саны азайды. Бұрын тексеріс барысында бордюрлердің беріктігінің сапасы, бетонның сапасы, жол белгілерінің сәйкес келмейтіні, жалпы осындай мыңнан астам ақаулықтар анықталып жататын. Қазір бұл көрсеткіш 3-4 есе төмендеді. Былтырдан бері біз жол құрылысына пайдаланатын материалдарды құрылысқа келмей жатып тексеруді қолға алдық. Яғни, мекеме мамандары жол сапасын бақылап қана қоймай, темір-бетон бұйымдары, бордюрлер, жол жиегіне қойылатын лотоктар, жол белгілері, плита, тағы басқа құрылыс материалдарының сапасын сараптайды. Жол белгілері де біздің тексеруімізден өткеннен кейін қойылуда.
Бүгінде елдімекен көшелері, қаланың ішіндегі орам көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары ведомстволық сараптамадан өтуде. Биыл қалада 297 нысан құрылыс-монтаж жұмыстарымен қамтылса, соның ішінде орташа жөндеуден өткен 209 көшені ведомстволық сараптамадан өткіздік. Анықталған ақаулар 200-дің төңірегінде боп тұр. Олардың дені жұмыс барысында шешілетін ақаулар. Жолға келіп жатқан материалдарды қадағалаудан бірқатар кемшіліктер табылды. 11 нысанда өрескел ақау, яғни нығыздау коэффициенті дұрыс келмейтіні анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша мердігерге, тапсырыс берушіге, техникалық қадағалаушыға сараптама жазылады. Техникалық қадағалаушы мердігер мекемеге ақауларды жөндеткеннен кейін, актіге қол қойып, бізге тапсырады. Ақауларды тек қана анықтап қоймай, оның ретке келтіруін де қадағалаймыз.

374


Сонымен қатар, жолға пайдаланып жатқан материалдар құрамының нормаға сәйкестігі, асфальтқа пайдаланатын қоспалар, битум мөлшері, солардың сәйкестігін тексереміз. Одан кейін әр материалдың қыстың күнгі суыққа төзімділігін, суға қанықтырылуы да сынақтан өтеді. Жалпы айтқанда қараша айында тексеру, бақылау бойынша толық қорытынды нәтижелер айтылады. Жол сапасын арттыру бағытында жұмыс жанданды деп айтуға болады.
Жол құрылысы саласында кадрлар даярлау мәселесі әлі де өзекті. Білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын даярлау мақсатында 2020 жылдан бастап кәсіби бағдар беру жұмыстарын тұрақты атқарылып келеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Жол-көлік колледжінің студенттеріне, болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзілген. Сонымен қатар, болашақ жол-құрылысы мамандарын даярлау мақсатында мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Шымкент қаласындағы барлық мектептердің жоғары сыныптарына түсіндіру, бағдар беру жұмыстары жүзеге асырылды. Біздің мамандар университет, колледждерге барып шәкірттерге дәріс оқыды. Бірқатар жас мамандар біздің мекемеде өндірістік тәжірибеден өтті. Соның 2-3-і қазір бізге жұмысқа орналасты.

– Қазіргі уақытта мекеменің тексеру құрал-жабдықтарының әлеуеті қандай? Цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтсеңіз...

– Республикада ең жаңа жабдықтар, ең жаңа заманауи зертхана бізде деп айтсақ болады. Тексеру құрылғылары былтыр алынды. Кейбір құрылғыларды дер кезінде ауыстырып отырамыз. Керекті құрал-жабдықтар бізде толығымен бар. Цифрландыру бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынды. Инженерлер жолға тексеріске шыққан кезде оның қорытындысын жолдың басында жазып, базаға енгізеді. Оны тиісті мекемелер көріп отыратындықтан, оған ешқандай өзгеріс енгізе алмайсыз. Сонымен бірге, қазір зертханада бейнебақылау камерасынан бөлек, материалдың бәрі бірден базаға түсетін жағдай жасалды. Оны да ешкім өзгерте алмайды. Одан кейін жол белгілерінің жарық қайтарғышын анықтайтын құрал алынған. Жол белгілерін дайындаушылар да қазір бізге тексертіп алатын болды. Жол белгілерінің жарқырап тұрғаны жалпы жол-көлік оқиғасының шығынын азайтады.
Соңғы 4 жылда біздің мамандар 1159 рет тексеріске шықты. Жаңадан салынған немесе күрделі және орта жөндеуден өткен 714 нысан құрылысы қадағаланып, 4480 сынама алынған. Нәтижесінде 2587 ақау мен кемшілік анықталды.
2018 жылы Шымкент үшінші мегаполис болған кезде жақсы, қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 50 пайызға жетпейтін. Ал енді биыл мұндай жолдардың үлесі 72 пайызға жетпек. Соңғы жылдары қала жолдарының сапасы жақсарып келеді. Бұл қала әкімдігі, басқарма, біздің мекеменің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп айтар едік.

– Енді жол салушы мердігерлердің қаншалықты жауапкершілігі күшейді?

– Әрине, мердігерлердің жауапкершілігі жылдан-жылдап артып келеді. Қазір талап күшейген. Жауапты мердігер компаниялардың жұмысы қабылданбаса, олар жолды қайтадан салуы керек. Жыл сайын айыппұл арқалап, шығынға ұшырағаннан кейін әрине, олар сапалы істеуге тырысады. Қазір олар бізге алдын ала тексертуге келетін болды. Өйткені, негізі тексерілмей асфальт салынбайды. Бірінші қабат асфальт салынды ма, оны тексермей екіншісіне өтпейді. Біз соған жеттік. Бірінші кезекте біз мердігерлерге басты талап сапа екенін ұқтырдық.
Одан кейін, енді диагностикалау бойынша да жұмысты бастаймыз. Әдетте қала тұрғындарының, азаматтардың «жап-жақсы жолды бұзып жатсыңдар, жол жоқ жерге неге салмайсыңдар» деген сындары айтылып жатады. Бұл негізсіз. Диагностика бойынша жолдың қанша уақытқа жарамдылығы, сапасы тексеріледі. Мәселен, ұсақ жарылулар, басқалары бар, тозығы жетке көшені жөндемесең, екі жылдан кейін ол жерде шұңқыр пайда болады. Жол бұзыла бастайды. Қыстың күні жарылған жол жол-көлік оқиғасына алып келеді. Адам шығын болады. Соны болдырмау үшін алдын-ала диагностика жасаудың маңызы зор. Қаладағы жолдарға диагностика жасау енді енгізіледі. Бұл жұмыстардың басталуы қаражатқа байланысты.

375


Мемлекет басшысы Жолдауынан кейін жаңадан Көлік министрлігі құрылды. Бұл да дер кезінде жасалған шешім деп ойлаймын. Енді министрлік тарапынан сапаға көңіл бөлу, қадағалау күшейеді. Бұл біздің жұмысымызға зор серпін берді.
Үшінші мегаполис қалада жолдардың сапасы жоғары болуы керек. Қалада жол инфрақұрылымын дамытуда құрылыс жұмыстары қарқынды. Ендігі ретте жолдардың сапасын бақылау басты назарда тұр.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.