BAL TEKSTIL кілемдеріне сұраныс жоғары Избранное

Среда, 05 Июнь 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1844 раз

Bal Tekstil кілем фабрикасы өнімдерінің нарыққа шығып жатқанына биыл – 11 жыл. Еліміздегі бірегей кілем өндіруші кәсіпорынның өнімдері экспортқа BAL CARPET брендімен танымал. Қазіргі таңда нарыққа премиум сападағы кілемдерді ұсынуда. Осы жылдар ішінде кәсіпорын 4 кезең бойынша дамыды. Бүгінде компания 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылдан-жылға өндірісті кеңейтіп, жаңа бағыттарды іске қосып келеді.

BalTek2

 

Өндірісті іске қосу, кілем тоқу, нарыққа шығару, брендті қалыптастыру, таныту оңай шаруа болған жоқ. 2013 жылы 4 станокпен басталған өндірісте қазір 16 тоқыма станогы жұмыс істеп тұр.
Бүгінде Bal Tekstil фабрикасының өнімдеріне алыс-жақын шетелден сұраныс артып келеді. Биыл жұмысты жандандыру бағытында тағы бір тоқыма станогын іске қоспақ.
Кәсіпорын директорының орынбасары Дәулет Қанашаев жаңалықтармен бөлісті.
Бүгінде өндіріс толықтай заманауи технологиямен жабдықталған. 2013 жылы ашылып, алғашқы өнімдерін нарыққа шығарған кәсіпорын жыл сайын қуаттылығын арттыруда. Өндірістің екінші кезеңінде полипропилен жібін өздері шығара бастады. Ол кілемде қолданылатын негізгі жіп болып саналады. Жіп өндіру цехын іске қосып, шикізатты терең өңдеу қолға алынды. Бұрын оған шикізатты Қытайдан, Ресейден алатын. Биылдан бастап Атыраудан тасымалдауда. Бұл шетелден алып келген тауардан 30 пайызға арзан түседі.

BalTekS


– Үшінші, төртінші кезеңде біз кілем тоқу станоктарын көбейттік. Қазіргі таңда бізде 16 кілем тоқу станогы бар. Жақында жеңіл өнеркәсіпті қолдау бағытында берілетін 3 пайызбен жеңілдетілген несие алып, 17-ші станокқа тапсырыс бердік. Біз кілем тоқу станоктарының барлығын Бельгия елінің әлемге әйгілі компаниясынан аламыз. Бастапқыда жұмысты арзан кілемдер тоқитын станокпен бастадық. Одан кейін нарыққа орташа және орташадан жоғары сапада кілем шығардық. Былтырдан бастап Қазақстан нарығындағы ең қымбат, премиум сападағы кілемдер шығаруды қолға алдық. Өткен жылы осы сапада 1 станокты іске қоссақ, биыл екіншісін іске асыру жоспарда. Жалпы, қазір нарықтағы сапа бойынша барлық кілемді өзіміз шығарамыз. Жіп өндіру цехының қуаттылығын екі есе ұлғайттық. Оған да инвестиция жасалды, – дейді Дәулет Есенбайұлы.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ден аса адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 200 мың теңгеден асады. Жыл сайын жалақыны 10-15 пайызға көтеріп тұрады. Жұмысшылар тегін тасымал, тамақтандыру, емдеу клиникасымен қамтамасыз етілген. Жұмысшыларды ынталандырудың басқа да бағдарламалары бар. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, жұмысшылар жыл сайын шетелге сауықтыру орындарына жіберіледі. Материалдық тұрғыда басқа да көмектер көрсетіледі. Мұндағы қызметкерлердің жартысынан көбі жастар. Ешқандай тәжірибесі жоқ жастарды қабілеттеріне қарай жұмысқа қабылдауға мүмкіндік жасалған.
Біз өндіріс барысын аралап көрдік. Әлемге әйгілі фирманың станоктары тоқтаусыз, зырылдап жұмыс істеп тұр. Кілем тоқу станоктары 1 шаршы метрге қанша жіп қолданылатынына қарай бөлінеді. Технолог Ерғали Әбдіғаппар бізге жұмыс барысын көрсетіп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін айтып берді. Мұнда бәрі автоматтандырылған.
Кәсіпорын қазір жылына 5 млн. шаршы метр кілем шығарады. Ал, жылына 6 мың тонна полипропилен жібін тоқиды.
Кәсіпорын орналасқан 6 га аумақтың бәрі толық игерілген. Төртінші кезең бойынша өндіріс жайы соғылып, онда 3 станок іске қосылған. Таяуда оның саны төртке жетпек.
Қазір фабрика кілемдерінің
30 пайызы экспортқа жөнелтілуде. Атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдірінен сұраныс бар.
Одан бөлек, қазіргі таңда өндіріс аймағынан «Show room» құрылысы жүргізілуде. Ол өнімдерді кеңірек таныстыру мақсатында қолға алынған. Тұтынушыларға кілемдермен толық танысуға жағдай жасалады. Заманауи үлгідегі нысан биыл іске қосылады.

BalTek3


Кәсіпті дамытқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қолдаулар жеткілікті. Салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Шикізатты шетелден алып келген жағдайда кедендік салықтан босатылған.
– Жалпы мемлекет тарапынан қолдау өте жақсы. Өндірісті кеңейту барысында жартылай өз ақшамызбен, жартылай жеңілдетілген несие алып, жұмыс істеп жатырмыз. Жеңілдетілген 3 пайыздық несиемен жаңа станоктардың қатары толықты.
Қазір біздегі үлкен мәселе – Қазақстан нарығындағы үлкен бәсекелестік. Жеңіл өнеркәсіпте бәсекелестік өте жоғары. Қазақстанға кіретін тауарларға кедендік салықтар өте төмен. Сондықтан біздің нарық шетелдік тауарларға толып қалған. Мемлекет тарапынан сыртттан келетін тауарларға аздап шектеу қойылмаса, отандық өндіріс дамымайды. Бәлкім кедендік салықтарды көтеру керек шығар. Отандық өнімдер жеткілікті деңгейде даму жолына түсіп алғанша, бізге қолдау керек, – дейді Дәулет Қанашаев.
Сапа-бақылау бөлімінің меңгерушісі Ерғали Әбдіғаппардың осында еңбек етіп жатқанына он жылдан асыпты. 2013 жылы жұмысты жас маман болып бастаған ол қазір бөлім басшысына дейін көтерілді.
– Негізгі мамандығым – дизайнер. Жұмысқа кіргеннен бері осында еңбек етіп келемін. Бұл аралықта Түркияда 6 ай тағылымдамадан өттім. Қазір жаңадан келген жас мамандарға үйретемін. Жалақы да көңілден шығады. Тек жұмыс істеу қажет, – дейді білікті маман.
Былтыр қаладағы Көрме орталығында Bal Tekstil кілем фабрикасының құрылғанына 10 жыл толуына орай форум өткен-тін. Отандық кілем өндірісінің дамуына арналған республикалық форумға 400-ден астам бизнес қауымдастық өкілі, кәсіпкерлер қатысты. Іс-шарада отандық кілем өндірісіндегі мәселелер, оны шешу жолдары талқыланды.
Сол жиында компанияның негізін қалаушы Талғат Ысқақов өнімдерді шығарумен қатар, нарыққа тарату, таныту да ауқымды жұмыс екенін атап өтіп, жұмыссыздықты жоюдың жолы отандық өндірісті дамыту дегенді айтқан-ды.
Бүгінде жергілікті компания отандық өндірісті дамытуда барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Он жылдыққа орай ребрендинг жасалып, отандық кілем өндірісін дамыту бағытында жергілікті кілемдер Bal carpet атауына ие болды. Bal carpet – отандық фабрика кілемдерінің брендтік атауы.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласында 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істесе, оның 45 пайызы тоқыма фабрикаларының үлесінде. Соңғы төрт жылда тоқыма өндірісінде өндіріс көлемі ұлғайып, инвестиция көлемі артты. Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 35 жоба іске асырылуда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.