Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Көркем» әжелер тобының «Әнім саған туған ел» бағдарламасы бойынша концерт өтті.
Концерттік бағдарламада «Көркем» әжелер тобының орындауында Ш. Қалдаяқовтың және қазіргі замандас компазиторлардың патриоттық әндері, халық әндері, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер көрермен назарына ұсынылды.
Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда «Көркем» ақ жаулықты әжелерден құралған топ жастармен өздерінің өмірлік тәжірибесін бөлісіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттап келеді. 2013 жылы Сайрам ауданында құрылған бұл ұжым «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің құрамында облыстық, республикалық байқауларға қатысып, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен І-Халықаралық экономикалық әйелдер форумының мәдени іс-шарасында ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, арнайы марапатқа ие болған.
«Қазақстан-Шымкент» телеарнасы және облыстық салт-дәстүр, әдет-ғұрып орталығының 20-дан астам бейнероликтерінің түсіріліміне қатысып, шаһарымыздың орталық көшелеріндегі ЛЭД экрандар мен облыстық телеарналар арқылы ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғыртып келеді.
Бибайша
НҰРЖАНҚЫЗЫ