Дегенмен, бөлім басшысы қаланың бірқатар гимназиялары тестілеу нәтижесінде жай мектептерден төмен көрсеткіш көрсеткенін жасырмады. Әсіресе, Қазақстан тарихы, география, биология, дүниежүзі тарихы пәндерінен білім сапасы айтарлықтай төмендегені байқалған. Сондай-ақ, қаланың 2 мектебінде ҰБТ тапсырған оқушыларының 25 пайызы шектік деңгейге жетпеген. «Алтын белгіге» үміткер 183 түлектің 96-сы ғана ұстаздарының күткен үмітін ақтап шығыпты.
Осы орайда, қала әкімі гимназия және лицей дәрежесіне ие бола отырып, білім деңгейінің төмендігін байқатқан мектеп мұғалімдерінің біліктілігіне сараптама жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Ғ.Әбдірахымов ата-аналар мен ұстаздар қауымын жоғары нәтижеге қол жеткізе алмаған балаларды моральдық жағынан кінәламауға шақырды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.