Балаңыз газет оқи ма? Сіз ше? Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1202 раз

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – деген екен әйгілі жазушы Максим Горький. Ал, мен...

gazet-1

 

Ауылда, қарапайым отбасыда туып-өстім. Әкем де, анам да совхозда жұмысшы еді. Бірақ, үйімізден газет-журнал үзілмейтін. «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Арай» журналдарынан бөлек, республикалық, облыстық, аудандық газеттер, балалар басылымдары толық келетін. Ауылдағы барлық үйде солай сияқты көрінетін. Осылайша біз «Балдырған», «Ақжелкен», «Ұлан» газеті сынды газет-журналдармен өстік.
Газет-журнал оқығаннан жаман болған жоқпыз. Ойымыз ұшқыр, тіліміз жатық, жазуымыз сауатты, өреміз биік боп өстік. Яғни, баспасөз біздің тәрбиемізде басты рөл атқарды.
Ал, қазір газет-журналдың не екенін білмейтін, білсе де қолына ұстап көрмеген, есесіне телефонды қолдануды іштен біліп туған ұрпақ өсіп шықты. Мұндай жағдайда баланы смартфонға тәуелділіктен арылтып, бетін кітап пен газет-журнал оқуға бұру мүмкін бе?
Шымкентте еліміздегі белгілі балалар басылымдарының редакторлары, мектеп директорлары, кітапханашылар, мұғалімдердің қатысуымен өткен «Шығармашылық интеллигенция – балаларға» тақырыбындағы басқосуда осы мәселе кеңінен талқыланды.
«Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Алан кіds» журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева және өзге де балалар басылымдарының редакторлары алқалы жиында жас оқырман мен баспасөз арасындағы байланыс алшақтап бара жатқанынына алаңдаушылықтарын білдірді.
«Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы балаларына газет-журнал оқытпайтын, жаздыртып бермейтін ата-аналар туралы нақты мәлімет айтты. Бұл санатта, ұят та болса мойындайын, өзім де бармын. Бұрындары бүкіл қазақ баласы сүйіп оқып, хат жазып, сырымен бөлісетін «Ұлан» мен «Ақ желкеннің» Шымкент қаласында 20 шақты ғана оқырманы бар екен.
– Оңтүстік өңірден мүлдем хат келмейді. Өйткені, мұндай журналдар бар екенін білмейді. Оқымағанның кесірінен шылау мен одағайды білмейтін, Мұхтар мен Оралханды танымайтын жастар өсіп келе жатыр, – деді Есей Жеңісұлы.

gazet


Ал, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулет Байтұрсынұлының пікірінше, мектеп пен балалар басылымдары арасындағы байланыстың шылбыры үзілгелі тұр.
– Үзілмелі жіп қиылып, оқырман азайса, балалар басылымдары жабылады. Қазір кез келген мектепке барсаң: «Бізді басылымға жазылуға мәжбүрлеуге ешкімнің қақысы жоқ» деген уәжді көлденең тартады. Қайда барсаң да, алдыңнан шығатыны осы. Білім ошағының басшысынан бастап, қосшысына дейін осы уәжді қалқан етеді. Мұның салқыны қатты тиді, балалар басылымы мен жас оқырман арасын алшақтатып жіберді. Оқу-ағарту министріне балалар басылымы үшін тарс жабылған мектептердің есігін қайта ашуды сұрадым, – дейді Дәулет Байтұрсынұлы.
Осы орайда, 14 қаңтарда Алматы қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі зиялы қауым өкілдері мен басылым басшыларының басын қосып, «Балалар контентін қалай дамытамыз?» деген тақырыпта жиналыс өткізген болатын.
Сол күннен бастап сірескен сең қозғалды. Әйтпесе, оған дейін Қазақстан мектептерінің көбі «мәжбүрлеуге болмайды» деген сөзді «жазылуға болмайды» деп түсініп келген болатын. Ендігі мәселе – біртұтас тәрбие тұжырымдамасымен ұлттық құндылықтар бойынша тәрбиелеу, «Оқуға құштар мектеп» жобасын атқару, балалардың қолынан телефонды алып, қағаздан оқуға қайтару. Қазір баланың, ата-ананың, отбасының жағдайына қарап, мүмкіндігі бар, қызығушылығы бар оқушыларға газет-журналдарға жазылуға болатыны насихаттала бастады.
«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді». Балалар басылымына жазылу – ұлттық идеологияның айырылмас бір бөлігі. Сондықтан балалар басылымын шығаруға бизнес деп қарауға болмайды. Ол пайдасы бүгін көріне қоймайтын, нәтижесі жылдар өте көрінетін болашақтың шаруасы.
– Баласы бар әр ата-анаға айтарым бар. Біреу бай, біреу кедей екенін білемін. Бірақ ешкім де аш-жалаңаш емес. Қарынның тоқ болуын ойлағандай, ақыл-ойдың толығуына ерте бастан мән беріп, қарекет жасауға тиістіміз. Бала оқудың дәмін ерте татып соңына түспесе, кейін пысықтығымен жақсы күнкөріс адамы болуы мүмкін, бірақ өзіндік есептен аса алмайды. Оқу, оқумен өсу деген – адамшылық, кісілік, отаншылдық, кәсібилік деңгейді өсіреді. Ал, талапты баланы оқулығына қоса, көмекші құрал, ақылшы дос, талабын танытатын «Айгөлектей» журналдың ай сайын өзін іздеп баратыны қызықтырмай қоймайды. Соны түсінетін ата-ана, мұғалім, тәрбиешілер неге қамсыз отыратынын ұқпай-ақ қойдым. Ойы мен тілі баяу баланың болашағын, обалын кім ойлайды? Балаға дайындап берген рухани байлықтан аяған ақшаларыңыз жоғалып қап жүрмесін, – дейді «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы.
Елімізде 30-ға жуық балалар басылымы жарық көреді. Мардымсыз тиражбен.
«Бәріміздің илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы. Түпкі мақсатымыз – ұрпақ тәрбиесі. Балалардың білімді болуына қаншалықты көңіл бөлсек, олардың тәрбиелі, көргенді, өнегелі, намысты болуына да соншалықты мән беруге тиіспіз. Өйткені «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін қоғам түсінуі керек» дейді басылым жанашырлары.
Көзі ашық, саналы, сауатты ұрпақ өсіргіңіз келсе, алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз. Балаңыздың оқуға құштарлығын арттырамын десеңіз, өзіңіз үлгі болыңыз!

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.