СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛАДЫ!

Среда, 22 Май 2024 05:05 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1890 раз

Мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау – ең маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі. Елде орын алған су тасқынына байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі биыл сәуір айында мектептерде соңғы қоңырау соғылмайтынын, 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта сынып сағаты ұйымдастырылатынын хабарлаған еді.

SongiKon

 

– Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта өтеді, – деген болатын.
Бұл хабар оқушылар мен ата-аналарды алаңдатқаны рас. Әлеуметтік желілерде де бұл жағдайға қатысты түрлі пікірлер жазылды.
Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев соңғы қоңырауға қатысты мәселенің нүктесін қойды. Министр 25 мамырда соңғы қоңырау соғылатынын хабарлады.
–Бұл салтанатты жиынды биылғы мектеп түлектері жоғары мәдениетпен, ысырапсыз, даңғазасыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізеді деп сенеміз. Ал, бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз, – деді министр.
Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков аппарат мәжілісінде соңғы қоңырау күні тәртіп сақшыларына күшейтілген режимде, ал білім басқармасының басшысына тәртіп сақшыларымен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
Енді Шымкентте жалпы білім беру ұйымдарында, ойын-сауық, жастар көп шоғырланатын орындарда қоғамдық тәртіп күшейтіледі. Білім басқармасы тапсырма бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті.
– 25 мамырда Шымкенттегі барлық мектепте «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылады. Іс-шараны мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен өткізу қажет. Түлектер жиынын сынып жетекшілері, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары ұйымдастырады. Мектеп әкімшілігі іс-шараның құрметті қонақтары ретінде ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелерін, 10, 20 жылдық мектеп түлектерін, ардагер ұстаздарды, еңбек ардагерлерін, қаланың құрметті тұрғындарын, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, демеушілерді қатыстыруға ерікті.
Мектеп бітірушілер үшін салтанатты іс-шараны міндетті түрде мектеп қабырғасында өткізу міндеттеледі. Соңғы қоңырауды әр мектеп креативті идеяларымен ерекше форматта өткізу ұсынылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция қызметкерлерін тарта отырып, барлық үй-жайларда және мектеп аумағында кезекшілікті, қауіпсіздік шараларын сақтауды және төтенше жағдайлар кезінде эвакуациялауды қамтамасыз ету мектеп басшылығына міндеттеледі, – дейді Білім басқармасының басшысы Н.Шәмшиева.
Айта кетейік, Шымкентте 13 289 түлек мектеп бітіреді.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл бітіру кешін ұйымдастыруға рұқсат берілмеген. Мерекелік шараларға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарқанды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойына экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.