Тау тұлғалы ғалым

Пятница, 19 Апрель 2024 06:42 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1314 раз

bolat-korganbekov

Өмір жолыңда өзің өнеге тұтқан, жанашырлығы мен жақсылығын көп көрген адам туралы жақсылап бір жазғың келеді, бірақ неден бастарыңды, қалай бастарыңды білмейсің. Мұндай әрі-cәрі сезім жазу-сызуға ебі бар елдің көбінде кездеседі деп білемін. Осындай ойлардың жетегінде жүргенімде ойыма қазақтың қара өлеңі сап ете қалды.

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды. Осы өлең жолдарының ғибратты ғалым Болат Қорғанбеков ағайыма да тікелей қатысы бар деп білемін. Әрине, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры, ғылымның қай саласында да жетістіктерге жетіп жатқан жандар баршылық. Бірақ сол қандай жетістіктерге қол жеткізсе де қызылды-жасылды дүниенің арбауына түспей, адамгершілік қасиетін берік сақтаған жандардың көп еместігі тағы да рас.

Болат ағаймен Түркістан қаласына ғылыми зерттеу тақырыбын бекіту үшін жолаушылап барып-келіп жүргенімде таныстым. Ғылыми жетекшім академик Рахманқұл Бердібай әңгімелерінің арасында Болат Қорғанбеков деген ағаң бар деп жиі айтып отыратын. Екі мыңыншы жылдары Түркістан қаласындағы диссертациялық ғылыми кеңестің атақ-даңқы, абырой-беделі өте биік деңгейде болды. Әрбір қорғаудың жоғары талаппен, ғылыми қызу тартыспен өтетіндігін құлағымыз шалып жүретін. Тіпті Түркістанда қорғағаннан Алматыда қорғаған жеңілірек деген де салыстырулар болып жататын. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасында кілең ,сен тұр, мен атайын, дейтін мүйізі қарағайдай ғалымдар келген жұмысты жапатармағай оқып, қажетті сын-пікірлерін айтып, жұмыстың қорғауға дейін сапалы жазылып бітуі үшін білгендерімен бөлісетін. Қазіргі күннің көзқарасымен алып қарайтын болсақ, ол да бір қасиетті Түркістан қаласындағы ғылыми орта қалыптастыру жолындағы алғашқы баспалдақтар болған екен-ау деп бағамдаймын.

Араға біраз уақыт салып, Болат ағайымыз Шымкент қаласына қоныс аударды. Бұрынғы АИУ, қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке келді. Бізге бұрын аты-жөнін, ғылым жолындағы атқарып жатқан тірліктерін сырттай ғана естіп жүретін ағайымызбен етене араласудың сәті түсті. Болат ағай кафедраға келген сәттен-ақ түрлі жиналыстарда, аракідік шай үстіндегі әңгімелерімен-ақ өзінің көп білетіндігін, дәріс жүргізуде студенттеріне жоғары талап қоятындығын байқатып үлгерді.

Бірде мектеп оқушысы кезінен-ақ түрлі жарыстарға қатысып жүретін, оқуға түсуіне қолдан келгенше септігіміз тиген бір студенттің бағасының ағай жүргізетін пәннен төмендеу болып тұрғанын жеткіздім. Мүмкіндік болып жатса қосымша тапсырма беріп, жоғары көтеруге болмас па екен деп өтініш айттым. Күнделікті сәлеміміз түзу, қарындасым деп жүретін ағай «мақұл, мақұл» деп келісе кететін шығар деген ой да болды. Бірақ ағайым мен ойлағандай мақұлдап, кеңдікке салып келісе кеткен жоқ. Керісінше ол студенттің сабаққа дұрыс көңіл бөлмейтіндігін, өзін түрлі шараларға қатысатындықтан «жұлдыз» санап кеткендігін айтты. Мен ол студенттің ата-анасы балаларының үнемі сабақ оқудан, кітапханаға барудан қолы босамайтындығын, біз оны үй ішімізбен «профессор» деп айтамыз дейтіндігін жеткіздім. Осы сөзден кейін ағайым тіпті ашуға мінді, онда оны құртып жүрген өзінің ата-анасы екен ғой, қандай профессор, қарапайым тапсырманың өзін дұрыс түсінбейді де, орындамайды да. Ол студент көбіне сабақ уақытында көшеде қыдырып жүреді деп үдете түсті. Бәріңізге белгілі жағдай, ағайымды ашуландырып, сабаққа қарық қылып қатыспай жүрген студентке баға сұрағаныма өзім ұялып кеттім. Келешекте ғылым жолына түсетін сабырлы студентті де, жылтырақ жеңіл шаралармен өзін де, өзгені де алдаусыратып жүретін студентті де Күреңбай сыншы сияқты тап басып танитын ағайымның сыншылық қасиеті де бар.

Шынында кейде кейбір студенттердің белсенділік қабілетін көріп, бастапқы ынта-ықыласына сеніп, көзсіз жақсы көріп кетеміз. Өкінішке қарай, көпшілік іс-шараға белсенді студенттердің келе-келе сабаққа көңіл бөлмей кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Болат ағай сабақ беретін топ студенттерінің көпшілігі қайткенде осы пәннен дұрыс баға аламыз деп жатпай-тұрмай, жапатармағай сабақтан бас алмайтын. Сондай тұстарда басшылық құрам мамандықтың, факультеттің оқу үлгерім көрсеткіші төмендеп кететін болды деп алаңдайтын. «Болаттың осындайы қиын екен. Студенттердің бағасын сонша төмендетеді, ондай болса, Алматы, Астанадағы ұлттық университеттерге барып сабақ бермей ме» деп әріптестеріміз бағаны төмен қоятындығын жаратпай жататын. Қалай болғанда да сөзде құдіретті күштің бар екендігіне шек келтіре амайсың. Оқып-тоқудан жалықпайтын, үздіксіз ғылыми ізденісте жүретін Болат ағайым шынында да қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің белді ғалымы, студенттердің абыройлы да айбынды ағайы.

Саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, қазақ әдебиеті ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Рахманқұл Бердібай ағайымның кандидаттық жұмысымызға жетекшілік жасау бақыты бұйырғандардың бірімін. Мұндай сөзді қазіргі кезде ғана сағынышпен, үлкен құрметпен айтып отырмыз. Ал сол кездері, ғылыми жұмыспен шұғылданып жүрген кезеңдерде осындай көп білетін, көп талап қоятын ғалымның жетекшілігіне қайдан ғана тап болдым деп ойланған сәттер де жоқ емес. Өйткені, Рахманқұл ағайдың айтқандарын кейде түсінесің, кейде түсініп тұрып, бойыңа сіңіре алмай қалатын тұстар да болатын. Мынаны оқы, сосын мынаны оқы деп зерттеу еңбектерді бірінен кейін бірін айтып жатады. Бірінің авторын ұмытып, кейде кітаптың атын ұмытып қалатын жағдайлар да ұшырасатын. Сондай кездерде ең бірінші «жедел жәрдемге» Болат ағайым келетін. Ее, Рахаң мынаны айтқан ғой, былай деген ғой деп әңгіменің басын бастағаннан-ақ аяғын лезде тауып, таудай мәселені тарыдай қылып кішірейтіп, тез шешілуіне қолдан келгенше көмегін аямайтын. Кандидаттық диссертацияны бітіріп, Алматыдағы ығай мен сығай ғалымдардың талқылауына ұсынып, олардың сын-пікірлерімен жұмыс істейтін кезде де Болат ағайдың талай-талай ағалық, ғалымдық көмегіне жүгіндім.

Ағаймен бірге қызмет жасап жүргенде студенттерге дипломдық жұмыстардың тақырыбын бергенде де осы жері олқылау болып тұр-ау деген күдігім болса, бірден Болат ағайымнан жәрдем сұрайтынмын. Келіспей тұрған жерді келістіріп, жетпей тұрғанды жеткізіп жіберетін қасиет ағайдың сондай бір телегей теңіз білімінің тамшыдай ғана көріністерінің бірі деп түсінемін. Ағайдың тағы бір ерекше қасиеті әдебиеттегі қай тықырыпты сұрасаң да мезетте бір нұсқамен емес, бірнеше нұсқамен жауап береді. Тек сол айтқан мәліметтерін қағып алып, бойыңа сіңіре алсаң болды. Бұл да ағайдың энциклопедиялық білім иесі екендігінің бірден-бір айғағы.

Болат ағайды аға тұтып, өзіме ұстаз санағаныма жиырма жылдан аса, отыз жылға жуық уақыт болып қалды. Ағайымның: «Сені баяғы Жетісайдағы Алпамыс батырға арналған айтыста көргенмін, сол кезде мен де айтысқа қатысқанмын» дегені бар. Бірақ сол кездерді мен оншалықты біле бермейді екенмін. Ағайдың ғалымдықтан бөлек, тамаша ақындық қарым-қабілеті де жеткілікті. Егер Болат ағайым ғылыми жұмыспен емес, біржолата ақындық өнер жолына, өлең жолына түскенде сөзсіз классик ақын болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ағайда көп адамда кездесе бермейтін елжандылық, ұлтжандылық, адамдық-адамгершілік, қанағатшылдық қасиеттері басым. Студенттік шақтардағы «Жалғыз шың» деген өлеңінің өзінде философиялық тұрғыдан ой толғағанын байқаймыз.

Найзасы сенсің бабамның,
Еңселім, көкті тіреген.
Өзіңе ұқсас қаламым
Жазып та кетті бір өлең.

Жалғыз боп келдім, мойын бұр,
Дүр сілкін, оян, енжар құз.
Саған ла ортақ ойым бұл:
Сен жалғыз және мен жалғыз.

Жырымды тоқ қып көңілге,
Фәниден мына арда өтем.
Бір туу бар да өмірде,
Бірге өлу, сірә, бар ма екен!

Ел басына күн туғанда желтоқсан көтерілісіне қатысқан желтоқсаншы ғалым. Ешқашан дүние үшін, қымбат сый-сыяпат үшін өзінің алған бағытынан, өзі дұрыс деп таныған әділет жолынан айныған емес. Ғылым жолындағы талай-талай тартысты тұстарда да дәйекті дәлелмен ақиқатты алға тартады. Адамдармен араласқанда да мынаның пайдасы бар, мынаның пайдасы жоқ деп емес, мынаның ойы дұрыс, ниеті таза деп араласатындығын әрбір ісінен аңғартып тұрады. Өмір жолында сынып кетердей сындарлы сәттерді де бастан кешірді, бірақ сынған жоқ. Қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды әрбір сынақтан ширатылып, ширығып, бүгінгі биігіне қол жеткізген тау тұлғаға айналып барады. Бірақ біз күнделікті тыныс-тіршілікте араласып-құраласып жүргендіктен тау тұлға Болат Қорғанбеков ағайымыздың биіктігін бағамдай бермейміз. Адамдық жолдан айнымай келе жатқан ұлағатты ұстазыма, ардақты ағама абыроймен жеткен алпысыңыз құтты болсын, ұлттың рухани құндылығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілектемін! Мың жасаңыз, менің Болат ағайым!

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
айтыскер ақын, ф.ғ.к.,
Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық
ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ҒЫЛЫМ – ӨМІР ШЫРАҒЫ ӘДЕБИ АВТОБУС ЖОЛҒА ШЫҚТЫ »