САПАЛЫ БІЛІМ. АДАЛ ҰРПАҚ. ТАБЫСТЫ ҰЛТ Избранное

Среда, 21 Февраль 2024 04:55 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1810 раз

басты бағыт осы болуы керек

 

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде білім беру саласы реформалардан көз ашпай келеді. Мұның бәрі, әрине, өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру үшін жасалғаны түсінікті. Мемлекеттің болашағы – бүгінгі балалар. Дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен. Қазақстан мемлекеті үшін де білім жүйесінің сапасын жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Осы орайда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дайындалған болатын. Ұлттық жоба еліміздің бүкіл білім беру саясатын көрсетеді. Бұл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, орта білім беру сапасын арттыру, өңірлер, қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, мектептерді жайлы қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыру секілді мәселелерді қамтиды.

mektep-1

 

Балабақшаны ата-ана таңдайды

Ұлттық жобаның бірінші міндеті – мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Шымкент қалалық білім басқармасының дерегіне жүгінсек, Шымкентте қазір 605 балабақша жұмыс істеп тұр, оның 71-і-мемлекеттік, 534-і —жекеменшік.
Басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиеваның мәлімлеуінше, осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдар саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы 22 жекеменшік балабақша ашылған, 2845 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде 2024 жылы қаңтар айының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 78 263 баланың 90,7%-ы, яғни 71 003 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.
—3-6 жас аралығындағы 53 984 баланың бәрі, 2-6 жас аралығындағы 73 900 баланың 67 031-і балабақшаға барып жүр, — дейді Нұргүл Ақылбекқызы.
Шымкентте 63 балабақшада эмоциялық-еркi жағынан және мінез-құлқында (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы педагог және инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.
Жобада балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыруға қойылатын талаптар күшейтілген еді. 2023 жылы Шымкентте 988 тәрбиеші біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Биыл алғаш рет озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында №56 «Тұлпар», №68 «Балауса», «Алтын шаңырақ-1 Айгерім» балабақшаларында «Құзыреттілік орталық» өз жұмысын бастады. Орталықта ата-аналарға кеңес беріледі.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан, жекелеген санаттағы 8155 бала өткен жылдан бастап тегін тамақпен қамтылған. Ал, биыл 3000 баланы ыстық тамақпен қамту үшін 389,0 млн теңге қаржы қаралған. Балалар сәуір айынан бастап тегін тамақтанатын болады.

mektep


2024 жылы ата-аналар тарапынан «Іndigo» жүйесінде балалардың балабақшаға келуін растау жүйесі әзірленіп жатыр. Осы жылы мемлекеттік білім беру ұйымдарына балалардың және қызметкерлердің келгенін фейс ІD арқылы тіркеп, ол ақпараттар интреграция арқылы табельге түседі. Білім басқармасы осы растау жүйесімен соңғы жылда айтылып жүрген «ғайып жандарды» жоюды жоспарлап отыр.
Одан бөлек, 2024 жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ваучерлік модульдік қаржыландыру жүйесі бойынша пилотқа қатысатын болады. Оның мәні неде? Бұған дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастыру білім басқармасы жанынан құрылған комиссия арқылы конкурстық түрде жүзеге асырылып келді. Алдағы уақытта ата-аналар білім беру ұйымының сандық және сапалық көрсеткішіне қарап, балаларын қай балабақшаға беретіндерін өздері шешеді. Мұны басқарма басшысы «Бәсеке арқылы сапаны көтеру көрсеткішіне қол жеткізетін боламыз» деп түсіндірді.

«Әлеуметтік әмиян» оқушының жүріс-тұрысын бақылайды

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жүктеген тағы бір міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Қазір Шымкент қаласында 272 мектепте 259 065 оқушы (мемлекеттік 150 мектепте – 207 192 оқушы, жекеменшік 122 мектепте – 51 873 оқушы) білім алуда. Өткен жылы мектеп жасындағы балалардың 85,5 пайызы қосымша білім берумен қамтылды. Біліктілікті арттыру курстарынан 2023 жылы 8763 педагог өтсе, биыл 7742 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтетін болады.
– Ұлттық жоба орталықтың ғылыми-әдістемелік кеңесінде қаралып, арнайы бұйрықпен 14 жетекші мектеп командалық жұмысты бастады. Бұл мектептер өзге мектептерге әдістемелік көмек көрсету арқылы өздерінің деңгейіне жеткізуі тиіс, - дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, білім сапасын арттыру бағытында «Мобильді мұғалім», «Үздік кәсіптік бағдар беру», «Жетекші мектеп» жобалары мен «Бейіндік сынып» пилоттық жобасы, «Сауаттылық – сапалы білім негізі» жобасы жүзеге асырылуда.
«Білім берудегі 1000 көшбасшы» орта білім беру ұйымдары басшыларының кадрлық резервіне Шымкент қаласының білім беру ұйымдарынан 666 үміткер тіркелген екен. Оның ішінде 20 үміткер оза шығып, кадрлар резервіне алынды. Осы жеңімпаздардың ішінен 5-і мемлекеттік мектептерге конкурстан тыс тағайындалған. Басқарма басшысының айтуынша, резервтегі азаматтар алдағы уақытта мектептерге басшылық лауазымға барады.
Бала сапалы білім алуы үшін оған жайлы мектеп керек. Жайлы мектеп деген – барлық жағдайы жасалған ғана емес, оқушылар сыныпта қысылып-қымтырылмай еркін отыратындай мектеп. Ал, Шымкентте әлі 21 мектепте оқушылар толымдылығы жоғары болып тұр.
2023 жылы 23 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесі толығымен шешімін тапқан. Сонымен қатар қаладағы мектептерде сапалы білім алу үшін жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес 2028 жылға дейін қуаттылығы 50240 орынға арналған 57 мектеп құрылысын салу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында шаһарда былтыр 17 300 орынды 12 мектептің құрылысы басталды. Ал, – 10 700 орынды 6 мектептің құрылысы биыл басталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, 2023 жылы 9 білім мекемесінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. 2025 жылға дейін 30 білім беру ұйымының ғимаратына күрделі жөндеу қажет. Былтыр
4 мектепке спорт алаңы салынды, осы жылы 3 мекемеге спорт алаңын салуға қаржы қаралған.
Жаңа модификацияланған кабинетпен қамту мақсатында 2023 жылы 105 кабинет орнатылған. Одан бөлек, 48 кабинет алғашқы әскери дайындық және логопед кабинеттері жасақталып, 299 интерактивті панель, кітапханаға қосымша көркем әдебиеттер сатып алынды. Ал, биыл 214 кабинет және 831 интерактивті панель және 210 компьютер мен 513 принтер, 4697 парта, 3536 орындық, 7 кітапхана сөрелерін орнату жоспарлануда.

mektep-2


Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Н.Шәмшиеваның мәлімдеуінше, балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік мектептерің барлығында арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары орнатылған. Биыл тағы да қосымша қаржы қаралып, 34 балабақшаға 1005 бейнебақылау камерасы, 44 балабақшаға турникет, 43 балабақшаға дабыл батырмасы орнатылады.
Мұндай талаптар жекеменшік мектептерде де сақталуы тиіс. Қаладағы 122 жекеменшік мектептің 91-інің (75%) бейнебақылау жүйелері ПД Жедел басқару орталығына қосылған.
Орта мектеп бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бекітілген «Әлеуметтік әмиян» деген жоба жүзеге асырылып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында әр балаға білім беру ұйымында өзінің жеке төлем картасы болуын айтқан болатын. Яғни бала сол картамен үйінен шыққаннан кейін қоғамдық көліктерге мінген кезде жолақысын төлейді, мектепке кіргенін растайды. Сабақта үзілісте асханада төлем жасайды, кітапханаға барған кезде де керекті кітабын осы төлем карточкасымен алады.
– Қазір осы Әлеуметтік әмиян жобасын мемлекеттік мектептерде «Төлем» фирмасы пилоттық түрде жүзеге асырып отыр, – дейді Н.Шәмшиева.
2023 жылы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 13 млн. 364 мың теңге қаралды. Бұл қаражатқа 134 228 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. 53 893 балаға 2 млн. 209 мың теңгеге мектеп формасы алынған. Көп балалы немесе тұрмысы төмен, отбасылардың балаларына немесе жетім, жартылай жетім балаларға жазғы лагерьге 7241 жолдама берілді. 10 мыңға жуық бала демеушілердің есебінен демалып қайтқан.
Басқарма басшысы оқушылар арасында құқық бұзушылық фактілері көбейіп отырғанын жасырған жоқ.
– Бұл мәселе бізге жұмыс форматымызды өзгертуді талап етіп отыр. Өткен жылы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 297 іс-шара өткізілген. Онда оқушылармен тәрбие сағаттарын, «дөңгелек үстел» мәжілістері, құзырлы органдар мамандарымен кездесулер ұйымдастырылса да, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Сол себепті, жаңа жоба әзірлеуге кірістік, —деді басқарма басшысы Н.Шәмшиева.

Сұранысқа ие мамандарды даярлайды

Қазақстанда еңбек нарығына талдау жүргізіліп, техникалық және кәсіптік салада тапшы мамандықтар тізімі жасалған. Шымкентте 39 кәсіптік-техникалық колледжде 49 348 студент білім алып жатыр. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі соңғы 2 жылда 10%-ға өскен. 2023-2024 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 11250 орын бөлінсе, оның 85%-ы — техникалық, технологиялық және қызмет көрсету салаларының үлесінде.
2022-2023 оқу жылдары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін техникалық кәсіптік біліммен қамтылған 9-сынып оқушыларының үлесі 66%-ды құраса (7 827 орын), 2023 жылы 80%-ға дейін артып, 9 мыңға жетті.
Шымкент қаласындағы 11 мемлекеттік колледждің 8-і техникалық және технологиялық бағытта кадрлар даярлаумен айналысады. Колледждерде кадрлар даярлау өңір экономикасының маңызды салалары бойынша 75 мамандық және 166 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Қазір кәсіпорындардың сұранысы негізінде нысаналы тапсырыспен 1380 маман білім алуда.
- Академиялық дербестік аясында 24 колледжде дуальды оқыту форматы жүзеге асырылады. Студенттердің 25%-ы дуальды оқытумен қамтылған. Түлектерді жұмыспен қамту үшін 18 колледж 28 кәсіпорынның қамқорлығына алынған. Сонымен қатар, 150 кәсіпорынмен келісім жасалған, соның шеңберінде түлектер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағлымдамадан өтеді, - деді Нұргүл Ақылбекқызы.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Последнее изменение Среда, 21 Февраль 2024 04:58
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.