«ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясы он жылдан бері Шымкент мұнай өңдеу зауытына көрші орналасқан Жұлдыз ауылының тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасап келеді.
«Тәуелсіздік күнінің қарсаңында және Жаңа жыл мерекесіне орай Жұлдыз ауылының ақсақалдары және тұрғындарының өтінішін ескере отырып, компания 25 аз қамтылған отбасыға қайырымдылық жасады», - дейді «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясының қоғаммен байланыс менеджері Еркен Жумадил.
– Бұл көпбалалы және жағдайы төмен, мүгедектігі бар, аз қамтылған, қарт адамдары бар отбасылар. Біздің зауыттың ұжымы оларды қолдап, мерекеге сыйлық ретінде бірінші қажеттіліктегі азық-түлікпен қуантуға шешім қабылдады, - деп атап өтті.
Бұл күні алып кәсіпорынның өкілдері тұрғындарға бір қап ұн, 25 килограмдық күріш, өсімдік майы мен бес килограмдық шекерден тұратын әлеуметтік пакетті табыстады.
«ПКОП» компаниясы көптеген жылдар бойы шын мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Одан бөлек, Жұлдыз елдімекенінде кәсіпорынның қамқорлығындағы №94 және №99 мектептеріне жыл сайын көмек көрсетеді. Мұнай өңдеу зауытының басшылығы өзінің қайырымдылық істерінде өскелең ұрпақты қолдауға көңіл бөліп келеді.