ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялап, Жол картасын бекітті. Министрлік бекіткен Жол картасы аясында өңірімізде үш жақты комиссияның келісімімен 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жол картасы əзірленген.
Бұл туралы Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы өткізген брифингте басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов мəлімдеді.
Қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, 2018 жылы Шымкент қаласында жұмыс кезінде 62 жазатайым оқиға орын алып, одан 72 адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің 13-і қайтыс болған.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, технологиялық процестердің бұзылуы, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау жəне белгіленген еңбек режимінің бұзылуы. Басқа себептер де бар.
2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін басқармаға жеке азаматтар мен мекемелерден 359 арыз-шағым түссе, биыл жыл басынан 1 наурызға дейінгі шағым саны 238-ге жеткен.
2019 жылы «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізу жөнінде дайындалған Жол картасы аясында аясында атқарылатын іс-шаралар үш бағытта жүреді.
Мұндағы мақсат – өндірістік жарақаттану мен зиянды еңбек жағдайын азайту және алдын алу, еңбекті қорғау саласында алдын алу мәдениетін көтеру.
Сондай-ақ, брифингте 6 кәсіпорынның 27 млн теңге жалақы қарыз екенін айтқан басқарма басшысы өткен жылғы көрсеткіш 192,8 млн теңгені құрағанын айтты.
Басқарма қызметкерлері жұмыс берушілерді де, жұмысшыларды да кез келген жұмысқа келісім-шарт негізінде кірісуге, тіпті сынақ мерзімін де құжат негізінде заңдастыруға шақырады.
– Қазіргі таңда азаматтығын алып үлгермеген оралмандардың да жұмысқа орналасуы қиындап тұр. Себебі «оралман» статусы 1 жылға ғана беріледі.
Белгілі себептерге орай осы уақыт аралығында азаматтық алуға құжат рәсімдеп үлгермегендер үшін 6 ай тағы қосымша уақыт беріледі. Өкінішке қарай, осы уақытты да пайдаланбаған азаматтар бар.
Сондықтан, бұл азаматтарға 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін тағы да қосымша уақыт қаралып отыр. Осыны ескеріп, құжат рәсімдеу жұмыстарын ертерек аяқтауы қажет, – деді Б.Қалжанов.