Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық төртінші сессиясы өтті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қатысуымен өткен сессия отырысында «Шымкент қаласының басқару схемасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мəселесі қаралды.
Шымкент қаласы əкім аппаратының басшысы Е.Əлімқұлов қалалық мəслихат депутаттарының назарына үш басқарманың атауын редакциялауды ұсынды.
– Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 22 маусымдағы шешіміне сәйкес «Шымкент қаласының басқару схемасы» 22 басқарма болып бекітілген болатын.
Бүгінгі таңда аталған схемаға бірқатар өзгеріс енгізу қажеттілігі туындап отыр. Елбасының тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Ағымдағы жылы «ақылды технологиялар» 12 саланы қамтиды және 20-дан астам жоба іске аспақ. Осыған байланысты бөлек профильді басқарма құру қажеттігі туындады. Қазірдің өзінде еліміздің 8 өңірінде цифрландыруды жүргізетін басқармалар құрылған, – деді Еркеғали Амантайұлы.
Сондай-ақ, Аппарат басшысының айтуынша, Шымкент қаласының Туризм жəне сыртқы байланыстар басқармасы қызмет көрсетудегі негізгі басымдықты қаладағы туристік әлеуеттің дамуына ықпал етуге және инфрақұрылымдық жағдайдың жақсаруына бағыттауы тиіс.
Сыртқы байланыстар функциясын Шымкент қаласы әкімінің аппаратына беріп, басқарма атауын өзгертуді ұсынды.
Аппарат басшысының ұсынысын Шымкент қаласы мəслихатының депутаттары бірауыздан қолдады.
Шымкент қаласының басқару схемасының:
«Туризм жəне сыртқы байланыстар басқармасы» деген жолы «Туризм басқармасы» болып;
«Мəдениет жəне тілдерді дамыту басқармасы» деген жолы «Шымкент қаласының мəдениет, тілдерді дамыту жəне архивтер басқармасы» болып;
«Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету жəне архивтер басқармасы» деген жолы «Цифрландыру басқармасы» болып, өзгерту енгізілді.