Версия для печати

Ерекше балалардың тағылымды дүниесі

Пятница, 21 Декабрь 2018 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3497 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Сәт» триосын тәрбиелеген мектеп Тәуелсіздік күнін тойлады. Бұған дейін облыстық білім басқармасына қарасты Шымкенттегі көру қабілеті әлсіз балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты жақында ғана қалалық білім басқармасының қарамағына өтті.

Үміт интернаты 2

Ашылғанына 25 жыл толған мектеп-интернатта бүгінде 185 бала орта білім алуда. Мектеп директоры – Сәлім Зүлфия Алтайқызы. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен білім ошағы бұрынғыша, өзге аймақтардан да ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қабылдайды.
7-8 сынып оқушыларының «Азаттықтың ақ таңы» атты Ел тәуелсіздігіне арнаған тәрбие сағаты сонау Абылай хан туралы тарихи көрініспен басталды. Картина 1941-45 жылдың батырлары Рахымжан, Бауыржан, Әлия, Мәншүк сынды ұлы даланың рухты ұландарына арналған жыр жолдары тыңдаушының жігерін жани түседі. Ал 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен халық әлі күнге дейін көзге жас алып айтатын «Қара бауыр қасқалдақ» пен «Желтоқсан желі» ән көңілді толқытты. Жеткіншектер әсем ән, мәнді монологымен жүректің пернесін дәл басып, өнерін тамашалауға келген ата-ана, үлкендердің ойына қозғау салса, іні-қарындастарына үлгі-өнеге боларлық тағылымды дүние көрсете алды.
– Жиенім Сұлтан Манатов 7 сыныпта оқиды. Өнерге жақын. Бүгін әншілік қырын көрсетті. Ал Құранды оқығанда айнала құлаққа ұрған танадай тыйылады. Жиенімнің бойындағы осы қабілеттерін жарыққа шығаруға көмектесіп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздарына алғысым шексіз, – дейді Мухаббат Хаюмова.
Мектеп-интернатта дефектолог мамандар ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларымен «Кеңістікке бағдарлау», «Әлеуметтік тұрмысқа бағдар беру» сабақтары аясында ыждағатпен жұмыс істейді. Бұл мектеп-интернатында тәлім алған «Сәт» триосының вокалисі Сапарбай бүгінде отбасын құрып, әке атанды.
– Біз әр баламыздың Азат, Сапарбай, Тұрар («Сәт» триосы) сияқты өмірде өз орындарын тауып, шоқтығы биік тұғырдан көрінгенін тілейміз және сол тілеулестікпен жалықпай еңбек етеміз, – дейді тәрбиеші Айгүл Жарасова.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.