Қала әкімі республикадағы үшінші мегаполистің заманға лайықты кітапханасы болуы керегін, алдағы уақытта қаланың аудандарынан зағиптарға арналған кітапханалар жүйесін ашу мәселесі қаралып, әзірге жаңғыртудан өткен кітапхана қоры арнайы оқулықтармен байытылып, басқа кітапханаларға таратылатынын жеткізді.
Бұл – Шымкентте жаңғырту бағдарламасымен екінші тынысы қайта ашылған оныншы кітапхана. Бахадыр Нарымбетов кітапхананың жаңғыртылуы Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген тең қоғам құру жоспарына сәйкес іске асырылғанын атап өтті.
Жалпы, республикада көз жанарынан айрылған жандарға арналған 17 кітапхана бар. Соның ішінде соңғы үлгіде жаңғыртылған жалғыз мекеме – Шымкенттегі зағиптар кітапханасы. Зағиптар қоғамына қарасты Шымкент қалалық оқу-өндірістік кәсіп-орнының директоры Марат Пірімжанов ескі кітапхананы осынау заманауи үлгіде жаңғыртуға қол ұшын созған жергілікті әкімдікке ерекше алғысын білдірді.
Кітапхана бүгінгі таңда 7036 азаматқа қызмет көрсетеді. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде «Дыбысты кітаптар шығару» және бедерлі-нүктелі «Брайль кітаптарын басып шығару» бөлімдері толық жаңаланды. Сондай-ақ, қосымша білім алып, тынығуға арналған «Baby Books» залы, демалыс бұрыштары, музыка тыңдауға, сонымен қатар кітапхананың жанға жайлы ауласында орналасқан сахна, жазғы кітап сөрелері, ересектер мен балаларға арналған әткеншектер, заманауи капсулалар және балалар алаңшасы іске қосылды. Және заманауи интерьердің саясында отырып, кітап оқуға арналған креативті оқу бұрыштары, алуан бағыттағы көлемді, топтық, көпшілік іс-шараларды өткізетін, қажет техникамен жабдықталған конференц залы, электронды форматқа өткен каталогтар, жастардың оқып-білім алуына, келушілердің уақтылы тамақтануына арналған кофе-бар да қарастырылған.