Версия для печати

Алғашқы жарнаға – 1 миллион теңге Избранное

Среда, 28 Июль 2021 03:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1414 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте баспана мәселесі оңтайлы шешімін табуда. Шаһардағы мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау басталды. Биыл 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарына жалпы 500 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.

546

 

Спикердің айтуынша, құжат қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ www.kezekte.kz сайты арқылы 130 адамнан өтінім түскен. Тұрғын үй сертификатына құжаттар тек онлайн жүйеде қабылданатынын атап өту керек.
– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспаналы болуға ниет білдірген азамат төлем қабілеттілігін растау туралы банктің хаты және соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы шекті мөлшерден аспаған жағдайда (оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаса) тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады. Өтініштер 3 жұмыс күні ішінде басқармамен тиісті талаптарға сәйкестігі қарауға алынып, өтінім бойынша жауап электронды түрде жеке кабинет, электронды поштасына жолданатын болады, - деді басқарма басшысы.

Абылайхан Әлібекұлының айтуынша, шаһарда тұрғын үй кезегінде 44 850 азамат (жыл басында 42 269) тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1 727, көпбалалы отбасылар – 8 093, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 15 311, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 19 692, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар саны – 27.

543


– Тұрғын үй сертификаттарын алуға құқығы бар санаттар тізбесіне үй кезегінде тұрған мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар; толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер кіреді. Айта кетейік, өтінім беруші әрбір азамат және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет, - дейді А. Балықбаев.
Спикердің айтуынша, аталған сертификатқа қол жеткізу үшін өтінім беруші нысан бойынша өтініш, өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжат; соңғы 6 (алты) ай ішіндегі еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына)); жұмыс орнынан анықтама; қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хатын сайт арқылы жолдау керек.
Баспасөз жиыны барысында Абылайхан Балықбаев биыл 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтты.
–6 айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көпбалалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілді. Бұдан бөлек ағымдағы жылдың шілде айында 74 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, қазіргі таңда заңды құжаттары дайындалуда. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуына қарай үлестірілетін болады. Ал өткен жылы жалпы саны 1596 азамат жалдамалы баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер қолданысқа берілсе, 692 пәтер тұрғын үй кезегі санаттары бойынша азаматтарға табысталды, - деді ол.
Ал «Отбасы банк» АҚ директорының орынбасары Еркін Ахыншаев отбасының жиынтық табысы ретінде – отбасы мүшелерінің расталған кіріс табысы есептелетінін айтты.