Мазмұндық мәні терең, тағылымға толы кеш қамал қақпасынан тұрғындарды батырлардың қарсы алуы рәсімімен басталды. Іс-шара әдеттегіден өте ерекше форматта өтті. Мұнда келген көрермен құдды бір орта ғасырларға тап болғандай әсер алды. Ұлттық киім киген бұрынғының батыры да, саудасын дөңгелеткен көпесі мен жоғын түгелдеген жарлысы да – бәрі осында. Жиында жергілікті театр мамандары ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабиді, қазақтың үш биінің және Қошқар атаның да кейпін керемет сомдады. Мұнымен қоса, келген көрермендер мұнда қыш құмыра жасау жолдарын үйреніп, өз бейімдерін байқап көруге мүмкіндік алды.
Бағдарлама аясында «Ой-сана» интеллектуалдық клубының тұсауы кесіліп, онда «Қылует» этнографиялық мұражайының негізін қалаушы Кендебай Қарабдалов қонақ болды.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар біздің орта ғасырлық қала Цитадель, Шахристан және Рабат сынды бөліктерден тұрады. Өкініштісі сол, қала тұрғындарының басым көпшілігі көне шаһардың тарихынан бейхабар. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру, яғни тұрғындарды өз қаласының тарихымен таныстыру, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешені директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мажитов.
Кеш соңында цирк қызметкерлері келушілерге от шашу бағдарламасын ұсынды.