Шымкент қаласындағы «А-2» аталып кеткен «Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолындағы Бадам өзеніне екі бағытты көпір салынуда. Жалпы ені 28,2 метрді құрайтын көпірдің бүгінде бір бағыты аяқталып, жолаушыларға пайдалануға берілді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрханов көпірдің 2020 жылы пайдалануға берілетінін айтты.
– Бұл көпірдің тұрғанына елу жылдан асты. Әбден ескіргені бар, апатты жағдайда деп танылған. Сондай-ақ, қазір 50 жыл бұрынғыдай емес, халық та, көлік те көбейді. Сондықтан көпірдің екі бағытты әрі кең болуы жолаушыларға жасалған жайлы жағдай болмақ. Бадам өзенінен өтетін бұл көпірдің құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған, – дейді А.Тұрханов.
Бүгінгі таңда Шымкенттегі А-2 автомобиль жолын қайта құру жұмыстары 8 кезеңге бөлініп, оның төрт кезеңінде құрылыс жүріп жатыр. Ал қалған 4 кезеңге жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, Бадам өзенінің бұл тұстағы көпірінің жалпы ұзындығы – 144 метр, жүріс бөлігінің ені 11,5 метр болады.