Версия для печати

SHYMKENTTE ІРІ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ Избранное

Среда, 30 Январь 2019 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3843 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі Ж.Адырбеков көшесінің Т.Рысқұлов көшесі мен Ж.Алдияров көшесіне дейінгі 2 жолақты аралығы 4 жолақты болып қайта құрылады. А.Байтұрсынов көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары да 2019 жылы аяқталады. Сондай-ақ, көптен күткен Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу, Қарабастау елдімекеніндегі «Бадам» өзенінен өтетін көпірді жаңарту жобаларына да биыл қаражат қаралды.

DSC 0133

«Қорғас – Алматы – Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» А-2 автомобиль жолының 674-705+621 шақырымын, яғни қала сыртындағы айналма жолды қайта құру VІІІ кезеңді қамтып отыр. Аталған жобалармен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов танысып, ондағы жол құрылысына кедергі келтіретін өзекті мәселелерді мердігер мекеме басшыларымен талқылады.

Құрылыс басталған көшелердегі көшпелі жиынға шаһар басшысымен бірге қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нұртай, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов, Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қ.Жұматаев, мердігер компания басшылары қатысты.Жол құрылысы жұмыстарын таныстырған Қуатжан Жұматаев Адырбеков көшесін кеңейту барысында 65 жер телімі мемлекет меншігіне алынатынын мәлімдеді.

– Адырбеков көшесіндегі құрылыс жұмыстары 5 кезеңге бөлініп жобаланған. Жол құрылысына жауапты мердігер – «Kaz Construction» ЖШС. Екі бағыттағы көшені жаңарту барысында жолдың екі шеті де жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен толығып, абаттандырылады. Адырбеков көшесінің бүгінгі көлік өткізу қабілеті тәулігіне 13 450 көлікті көрсетіп отыр. Соның салдарынан көлік кептелістері орын алуда. Қайта құру жұмыстарынан кейін көше 4 жолақты болады және бұл көлік қозғалысына да оңтайлы болмақ, – деді басқарма басшысы.

ЖОЛ ЖАБЫЛМАЙДЫ

DSC 0024

Адырбеков көшесіндегі жол құрылысына «Kaz Construction»ЖШС жауапты. Мердігер қала әкіміне «Жұмысшылар екі кезеңмен, күндіз және түнде істейді. Техникалық жағынан да сақадай саймыз. Жер мен коммуналдық сұрақтар тез шешімін тапса, біз де жол құрылысын ерте аяқтауға күш саламыз» деді. Қайта құру жұмыстары 2019-2021 жылдар аралығын қамтиды деп жоспарланған.

– Біз әкімдік тарапынан шешілетін сұрақтардың бәрін қолға аламыз. Бастысы, құрылыс сапалы болсын, – деп тапсырды Ғабидолла Рахматоллұлы.
Қала әкімі, сонымен бірге, жол құрылысына байланысты қалалық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына тапсырма берілетінін айтып, Қ.Жұматаевқа аталған көшенің қайта құру жобасына велосипед жолағын қосуды ескертті.

Қ.Жұматаевтың айтуы бойынша, жол құрылысына байланысты Ж.Адырбеков көшесі жабылмайды. Көшенің 3,7 шақырымын қайта құру жұмыстары 5 кезеңге бөлінген. Əр кезеңде əуелі 2 жолақтың құрылысы аяқталып, келесі 2 жолаққа содан соң өтеді.

– Жобаға сəйкес, Адырбеков көшесі 4 жолақты, 2 шетінен жаяу жүргіншілерге тротуар, қала əкімінің тапсырмасына орай веложол қаралады. Сондай-ақ, көше бойын толық абаттандырамыз. Алдымен 4 жолақтың екеуін салмайынша, ескі жолға тиіспейміз. Көлік жолдың сол бөлігімен қатынай береді. Сосын, құрылысшылар көшенің келесі 2 жолағына кіріскенде жолдың жаңарған жағымен жолаушыларға жүре береді, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

МАҚСАТ – ЖОЛ КЕПТЕЛІСІН АЗАЙТУ

Шымкент қаласынан Ташкентке жол жүру үшін Республика даңғылымен өтетін көлік саны тәулігіне 55 600-ді құрап отыр. Әрине, бұл көлік кептелісін туындатады. Бұл мәселені шешудің жолы Шымкент қаласының Бас жоспарында қаралған. Бас жоспарға сәйкес, Қонаев көшесінің жалғасы Түркістан көшесінен басталады. Теміржолға дейінгі аралық 0,58 шақырымды құрайды. Бұл аралықта 77 жер телімі түскен. Бүгінде оның 47-сі мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарылды. Ал 25 жер теліміне төлемақы төлеу, ғимараттарды бұзу жұмыстары атқарылуда. Дәл осы жұмыстар қалған 5 жер телімі бойынша да атқарылады. «Үлкен қаланың күре тамыры» атанған жолдың құрылысын «ОтауСтрой» ЖШС жүргізеді.

ҮШ КӨПІР

Шымкент қаласында ірі жол құрылыстарынан бөлек көпір салу, ескі көпірді қайта құру да қарқын алды. Ең әуелі Қарабастау елдімекеніндегі Бадам өзенінен өтетін көпір жаңарады. Тозығы жеткен көпірдің жайы туралы Қарабастау, Жұлдыз, Текесу елдімекенінің тұрғындары қала әкіміне арызданған болатын. Бүгінде мердігер анықталды. Қаржы бөлінді. Ұзындығы 132 метр өткелдің құрылысын «АРТ-Құрылыс» ЖШС жүргізеді.

Мақаламыздың басында атап өткен Шымкент қаласының айналма жолы – А-2 автомобиль жолының 698+450 шақырымында тағы бір көпір бар. Мұнда да Бадам өзенінің үстінен өтетін көпірді қайта құру жұмысы 2018 жылы басталған. Қолданыстағы көпірдің бүгінгі ені – 11 метр. Құрылыс жұмыстарынан кейін көпір ұзындығы – 144 м, ені 28,2 метр болады. Жауапты мердігер «ЖБИ-С» ЖШС нысанды жоспар бойынша 2020 жылдың мамырында тапсыруы тиіс.
Үшінші көпір жаңадан салынады. Автокөпір Шымкент қаласының оңтүстік жағынан айналып өтетін жол бойында орналасады. Көпірдің ұзындығы – 222 метр. Мердігер – «Корпорация Береке А» ЖШС.

ҮЛГІЛІ КӨШЕНІҢ БІРІНЕ АЙНАЛАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Əбдірахымов бастаған жұмысшы топ бұдан кейін А.Байтұрсынов көшесін аралады. Ондағы бастапқы үлгілермен танысып, тротуар дизайнына таңдау жасады.
– Мегаполис атанған соң қала барлық жағынан сол атауға сай болуы тиіс. Сондықтан біз Шымкент қаласының негізгі көшелерін де еуростандартқа сай жаңартуды қолға алып отырмыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. –А.Байтұрсынов көшесі қаладағы үлгілі көшенің біріне айналады. Жолдың екі шеті біркелкі əдемі тротуармен толықса, велосипед айдаушыларға қосымша жолақ салынады. Ал ағаштар қырқылмайды, түбіне таудың тасы төселеді. Сонда көше шаң-тозаңнан таза болады.

DSC 0229

Ғ.Әбдірахымов жобаларды талдап, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының тұсында алдын ала дайындалған тротуар үлгілеріне таңдау жасады.
Қала әкімі айтқандай, А.Байтұрсынов көшесі – қаладағы маңызды көшелердің бірі. Бұл көшеде оқу орындары, мектеп, балабақша көп. Елімізге белгілі қонақ үй, мұз сарайы, іргелі оқу орындары да бар. Көшеде тәулік бойы қозғалыс үзілмейді десек те болғандай. Халық тығыз орналасқан. Қоғамдық көліктің көбі осы көшенің бойымен өтеді.

Бұған дейін Байтұрсынов көшесінің бойындағы құбырлар жаңартылып, жолды жөндеу жұмыстары кейінге жоспарланған болатын.
– Шымкент республикалық маңызы бар қала атанды. Енді қалада стратегиялық маңызы бар ірі құрылыс жұмыстары қарқын алады. Көптеген тұрғын үйлер салынады. Ірі жолдар түсіп, жаңа нысандар бой көтереді. Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес ауқымды жобаларды Елбасымыз Н.Назарбаев өзі қолдап, республикалық бюджеттен қаражат бөлді. Қазіргі таңда аталған құрылыс нысандары бойынша жұмысын бастаған мердігерлердің тəжірибесі де зор.

Ал құрылыс заттарына отандық өнімді таңдадық. Енді жол құрылысын жүргізу барысында орын алуы ықтимал уақытша жайсыздықтар үшін жергілікті тұрғындар мен жолаушылардан қала əкімдігі атынан кешірім сұрап, түсіністік танытуын сұраймын. Халық қолдап тұрса, біз бірігіп, аталған жобаларды тез əрі сапалы етіп аяқтаймыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Айта кетейік, А.Байтұрсынов көшесіндегі ағаштар қырқылмайды. Ал Адырбеков көшесінің бойына жаңа көшеттер отырғызу жоспарланған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.