Жетпіс төртінші жылдың ақпан айында ауданнан аттай қалап шақыртқан. Әмірсейіт Әлиев қабылдап, сөйлескен. «Келесің бе бізге? Жазуың ұнайды. Ауызша аудара беретін мықты тәржіман екенсің. Керексің», - деді жаңа шығатын нөмірден жанарларын әзер айырып. «Ойланайын», - дедім. «Бізге бүгін-ақ келуге таласып, таныстарын салып жатқандар аз емес. Біз өзіңді қалап отырмыз. Үйден қиналмайсың. Ары кетсе, бір жылда аласың», - деді редактор. Ол кезде басшыны редактор дейтін. «Бас» кейін қосылды ғой.
Наурыздың он үшінен жұмысқа кірістік. Бір жылда аласың деген пәтер бес жылға созылып, тамыр-таныстық дегеннің кесірі тисе де, бөлім меңгерушілігін көпке дейін қимай қойса да, өкінген емен ешқашан. Қаламыма сүйендім. Ақ қағазға сендім. Қарашаңыраққа өліп-талып қызмет еттік. Қамқоршылар, тілеулестер аз емес-ті. Әмірсейіт Әлиевтің өзі де жалқы рет жекіген емес. «Мәдениет және әдебиет бөліміне рақмет!» - деп отыратын. Бұл бөлім бөлекше-тұғын. Астанамыз Алматыдан келетін және жергілікті ығай-сығай ақын-жазушылар бірінші біздің бөлімге сәлем беретін. Классик қаламгер Тәкен
Әлімқұлов тозығы жеткен қызыл креслода отырып, көз шырымын алатын. Ай, заман-ай...
«Әдебиет және өнер» беті сенбі сайын, «Көңіл ашар» сәрсенбі сайын, «Қақпан» жұма сайын шығатын. Мәдениет, тұрмыс, білім, т.т. салаларды бұрқыратып жазатынбыз. Бірер бөлімдердің басшылары: «Әдебиет газеті емес, тым көбейтіп жібердік әдебиетті. Қою керек!» - деп жиналыста шатақ шығарды. Әбекең: «Жігіттер, жан-жақты ойланып айтсаңдаршы. «Оңтүстік Қазақстан» – әдебиет газеті емес. Бірақ, әдебиетшіл газет! Солай бола береді», - деді. Жымиыңқырап, бізге қарағандай сезілген сонда. «Ақтолғай» атты кітабымда: «Қалайынша риза болмайсың?! Үйсіз-күйсіз-ақ өтуге барсың! Бөлім меңгерушісі болмай-ақ кетуге құмбылсың!» - деп жазғанбыз.
Қаламымызға қанат бітірген, мәністі мектеп мәнзелдес Қарашаңырақтың қадірін бір кісідей білеміз. Тоқсан бес жылдық торқалы тойына қатты қуанамыз. Бүгінгі таңдағы ұжымына, оқырмандарына бақ-береке, бірлік пен ынтымақ тілейміз!
Мархабат Байғұт,
жазушы-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлықтарының лауреаты