Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 ақын қатысып, 7 жұп болып айтысты. Яғни, Шымкенттегі айтысқа Аян Ниязбек, Айым Асылбекқызы, Ердәулет Ыбыраев, Нұрбол Жауынбаев, Дәурен Ысқақ, Жандос Мырзабеков, Нұрдәулет Өмірбеков, Мейіржан Жарылқап, Нұрмахан Жақыпбек, Әсет Ақылжанов, Мейірбек Жақсылықов, Ахметрасул Баянбай, Даниял Болысбек, Сұлтан Сәуірхан сияқты бүгінгі айтыстың жас жүйрігінен хас жүйрікке айналып келе жатқан таланттар қатысты.
Айтыстың шымылдығын Ердәулет пен Нұрдәулет ақындардың жұбы ашты. Алғашында іркіліп барып басталған сөз додасы қыза келе нағыз шарықтау шыңына көтерілді. Орамды ой, құнарлы шумақтар ақындардың аузынан алтын болып ақтарылып, көрермендер қошеметіне бөленді.
Айтысты «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізді. Ауқымды шараның өтуіне университет проректоры Баршагүл Исабек, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев, «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия және мәдениет бөлімі ерекше атсалысты. Тартысты айтысты көрермендер университеттің ютуб арнасынан және әлеуметтік желі парақшаларынан тікелей эфирден тамашалады.
Айтыскерлердің өнеріне Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, Қажымұқан Абзалов сынды белгілі айтыс ақындары мен университеттегі Ө.Жәнібеков атындағы орталықтың басшысы Эльмира Оразбаева төрелік етті.
Әділ қазылардың шешімімен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа бас жүлде — 1 000 000 теңге бұйырды. Ал 1-орынды иеленген Нұрмахан Жақыпбек 700 000 теңге жүлдемен марапатталды. Екі бірдей 2-орынды Жандос Мырзабеков пен Сұлтан Сәуірхан (400 000 теңгеден), екі бірдей 3-орынды Ахметрасул Баянбай мен Айым Асылбекқызы (250 000 теңгеден) жеңіп алды.
Қалған 8 ақынға «Майлықожа», «Құлыншақ Кемелұлы», «Көпбай Омаров», «Тәушен Әбуова», «Қаныбек Сарыбаев», «Әселхан Қалыбекова», «Оразалы Досбосынов», «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлделер (150 000 теңгеден) табыс етілді.
Айта етейік, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ жас ақындар айтысын бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Оқу орны бүгінде айтыстың ақ ордасына айналған. Осы жылдарда қаншама жас ақын жыр аламанына қосылып, жүйріктер қатарына ілікті. ОҚПУ сахнасы танытқан таланттардың қатарында Біржан Байтуовтан бастап, Дәурен Ақсақалов, Нұрғали Әнапия, Аян Ниязбек сынды көптеген сөз мергендері бар.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА