Версия для печати

Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында

Среда, 22 Июнь 2016 11:55 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2606 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіргізіп, мәңігілік елге айналдыруды мақсат ете отырып, «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет” Ұлт Жоспарын жариялағаны баршамызға белгілі.
Осы Ұлт Жоспарының 2-бөлігі, яғни 16-26 қадамдары мемлекетіміздегі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған.
Бұл реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандық-тарының қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.
Жалпы алғанда, Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету аясында 2015 жылы 59 заң актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді немесе олардың кейбірі жаңадан қабылданды, оның ішінде Азаматтық процестік кодексі мен «Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне қажетті өзгертулер енгізілді.  

 

Енді солардың бірқатарына нақтырақ тоқталып өтейік.


Бірінші.  Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу.
Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мәселесі ешқашан да назардан тыс қалған емес. Азаматтар мен ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін сотпен дер кезінде қорғалып, олардың жоғары саты инстанцияларына жүгіну арқылы уақыт оздырмай, істердің үш сатылы сот инстанцияларында шешілуі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған оң қадам. Жаңа үш сатылы сот жүйесі мыналарды қамтиды: бірінші саты – аудандық, қалалық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар және кассациялық саты – Жоғары Сот. Сарапшылардың пікірінше үш сатылы жүйе халық-аралық стандарттарға дәлме-дәл болып табылады.
Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексі аталған талаптарға сай қабылданды және Қылмыстық-процестік кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне және Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық Заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, 2016 жылдан бастап сотта іс жүргізу үш сатылы жүйе бойынша іске асырылуда.
Бұл жерде көп қаралатын іс бірінші және апелляциялық саты соттарының ролі айтарлықтай күшейтілді. Мұндай қадам адамдарды әуре-сарсаңға салудың алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.


Екінші. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткер-лер соттарда стипендия төленетін  бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді.
Қазақстандық сот жүйесін реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы сот корпусын жасақтау. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 29-бабына 04.01.2015 жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша   жиырма бес жасқа толған; жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар; біліктілік емтиханын тапсырған; медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін бір жылдық тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған; полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс. Судьяларды іріктеу мен тағайындау үрдістері қоғам үшін жария және ашық болады. Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналған Жоғарғы Сот Кеңесі түбегейді реформаланды.
Судьялыққа кандидаттар негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, тұрақты негізде сотта ақы төленетін біржылдық тағылымдамадан өтеді. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.

Үшінші. Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі. Аталмыш институт Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз ететін болады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 18-бабының 7-тармағына сәйкес 2016 жылдан бастап Жоғарғы Соттың жанында Сот төрелігі академиясы жұмыс істейді.

Төртінші. Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту. Судьлардың жаңа этикалық кодексін жасау, соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатын болуы керек. Конституциялық Заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес енді судьялық жұмыста жиырма жылдан астам өтілі бар судьяларды қоспағанда, судьялар әрбір бес жыл сайын Сот жюриінде кәсіби қызметін бағалаудан өтеді.
Бұл ретте, он бес жылға дейін еңбек өтілі бар судьялардың әрбір бес жыл сайын тесттен өтуі қазіргі уақыт пен заманның талабына сай жасалған өзгеріс деп бағалаймыз. Себебі судьялардың әрбір бес жыл сайын тесттен өтіп отыруы олардың қолданыстағы заңнаманы жетік білуіне, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды дер кезінде меңгеріп отыруларына себеп болатын еді.
Сонымен қатар, Конституциялық Заңға енгізілген тағы бір жаңалық судьялардың кәсіби қызметін бағалаумен байланысты болып отыр.
Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімінің деңгейін және оны сот төрелігін іске асыру кезінде қолдана білуін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік пен адамгершілік қасиеттерін және оның осы Конституциялық заңда және Судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сай келуін бағалау танылады. Сондай-ақ, судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілікті бағалау және оның өсуін ынталандыру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауаптылықты арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында жүргізіледі. Судья лауазымындағы жұмысының бір жылдағы нәтижелері бойынша бірінші рет жүргізіледі. Кейіннен судьяның кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.
Жиырма және одан көп жыл судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады. Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастады. Соның ішінде Жоғары Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылды.
Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз шағымдарды қарайтын болады.

Бесінші. Инвеститциялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқаны ұйымдастыру.
2016 жылдан бастап Жоғарғы Сотта азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі алқалармен қатар, дауларды, оның ішінде ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған сот алқасы жұмыс істеуде. Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Алтыншы. Шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады.
Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес  Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультативтік кеңес, халықаралық кеңес және баспасөз органы құрылады.          

Серікбай ТУЛЕПБЕРГЕНОВ,
ОҚО  Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі   мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.