Мүлікті сақтандыру: Көзделмеген шығынды қалай болдырмауға болады?

Четверг, 11 Май 2023 06:38 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 2373 раз

mulik-saktau

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 2023 жылғы қаңтар – ақпанда сақтандыру сыйлықақылары 170 млрд теңге болған, бұл 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 23%-ға көп. Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі қозғаушы күші ерікті мүліктік сақтандыру сыныбы болып табылады.

Мүлікті сақтандыру кезінде оны қалай және нені сақтандыруға болады және сақтандыру шартын жасасу кезінде не нәрсеге ерекше назар аудару керек екендігін Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.

Өрт, дауыл немесе су тасқыны сияқты табиғи апаттардың алдын алу мүмкін емес, дегенмен мүлікті күтпеген шығындардан сақтандыру арқылы тәуекелдерді азайтуға болады.

Мүлікті сақтандыру белгілі бір оқиғалар орын алған кезде сақтанушылардың мүліктік мүдделерін залалдан материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету тәсілі болып табылады. Басқаша айтқанда, бұл – жылжымайтын мүлікке толық немесе ішінара зиян келтіру тәуекелінің кепілі.

Мүлікті сақтандыру ерікті сақтандыру түрлеріне жатады және әр адамның жеке таңдауы болып қала береді.

Жылжымайтын мүліктен басқа, тұрмыстық техниканы, жиһазды және т.б. сақтандыруға болады. Яғни, барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бүлінуден, табиғи апаттардан, өрттен, жоғарғы көршілерден су ағудан, тұрмыстық газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан, бұзып кіруден және т.б. қорғауға болады. Осындай жағымсыз оқиға орын алған кезде сақтандыру арқылы сіз сақтандыру компаниясынан белгілі бір өтемақы ала аласыз.

Өзіңіздің жылжымайтын мүлкіңізді дұрыс сақтандыру үшін әрбір меншік иесі қандай тәуекелден сақтанудың маңызды екенін, сақтандыру тетігінің қалай жұмыс істейтінін, белгілі бір компанияның төлемдері мен тарифтерін түсінуі керек.

Мүлікті қандай тәуекелдерден сақтандыруға болады 

Мүлікті әр түрлі тәуекелдерден сақтандыруға болады және сақтандыру қажет. Мәселен, пәтеріңізді су басудан (су құбырының суынан, жылыту жүйесіндегі судан, жауын-шашын салдарынан шатырдан су өтуден) немесе өрт пен ұрлыққа байланысты қауіптерден сақтандыруға болады. Мүліктің жоғалуына, жойылуына немесе бүлінуіне әкелетін мынадай сақтандыру жағдайлары бар:

- өрт, найзағай, жарылыс;

- табиғи апаттар (көшкіндер, дауылдар, құйындар, су тасқыны, нөсер және басқалар);

- су басу;

- көлік құралының соқтығысуы;

- ұшу аппараттарының соқтығысуы немесе олардың қосалқы бөліктерінің немесе заттары мен жүктерінің мүлікке құлауы;

- үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері, ұрлық, бұзып кіру, тонау;

- жер сілкінісі және басқа жағдайлар.

Сақтандыру компаниясын дұрыс таңдауға тырысыңыз 

Сақтандыру компаниясын таңдаған кезде мұқият болыңыз. Сақтандыру компаниясының сақтандыру нарығындағы жағдайын зерттеңіз. Компания сақтандыру төлемдерінің нақты реттелген тетігі бар, сенімді компания болуы керек.

Қазақстандағы лицензияланған сақтандырушылардың тізбесімен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «www.gov.kz» сайтында «Қызмет» – «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде танысуға болады.

Сақтандыру шартын жасасу кезінде неге назар аудару керек?

Құжатты мұқият оқып шықпай, оған қол қоймаңыз. Бұл жерде сақтандыру шарты туралы айтылып отыр, оның талаптарында тәуекелдер мен сақтандыру жағдайларының нақты тізімі, сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандыру төлемінің мөлшері, сондай-ақ сақтандыру жағдайы басталған кезде ұсынылатын құжаттардың толық тізбесі көрсетілуі керек.

Міндетті түрде мыналарды мұқият зерделеңіз:

- сақтандыру оқиғасына не жатады;

- сақтандыру полисі нені өтейді;

- қандай ерекшеліктер бар;

- қандай тәуекелдер сақтандырумен өтеледі, ал қайсысы өтелмейді;

- сақтандыру жағдайы басталған кезде не істеу керек және қандай құжаттарды ұсыну қажет.

Сақтандырушыға шарт жасасу арқылы сақтанушының өз мүлкіне немқұрайлы қарамайтындығына кепілдік беретін франшизаға да назар аударыңыз. Басқаша айтқанда, франшиза – бұл сақтанушының сақтандыру залалын өтеуге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кезде өз қалтасынан төлейтін сомасын көрсетеді. Франшиза мөлшері мен тарифтің арасында нақты байланыс бар: франшиза неғұрлым аз болса, сақтандыру тарифі соғұрлым көп болады және керісінше.

Егер шарттың талаптары түсініксіз болса немесе күмән тудырса, сақтандыру компаниясының менеджерінен сұрауға қысылмаңыз. Басқа сақтандыру компанияларының талаптарымен салыстырыңыз және өзіңізге ыңғайлы және қолайлы сақтандыру талаптарын таңдаңыз.

Есте ұстаңыз! Кейбір оқиғалардың туындауы өтемақы төлеуге әкелмейді. Ол – мүлікті адамның өзінің бүлдіруі, Қазақстан Республикасында белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, сақтандырылған мүлікті қайта құру, қайта орнын ауыстыру салдарынан туындаған зиян. Шарттың әрбір тармағымен мұқият оқыңыз!

Мүлікті сақтандыру үшін қандай құжаттар қажет?

Сақтандыру полисі сіздің өтінішіңізде қамтылған мәліметтер негізінде ресімделеді.

Өтінішке мыналар қоса берілуі қажет:

жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі;

мүлікке немесе мүліктік мүддеге (сатып алу-сату туралы шарт, жалдау шарты және т.б.) меншік құқығы туралы құжаттың көшірмесі;

жылжымайтын мүлік объектісінің құны туралы растайтын құжаттар.

Сақтандырушы сақтандыру полисін ресімдеген кезде сақтандырылатын мүлікті қарап шығуға, қажет болса, оның шынайы құнын белгілеу мақсатында сараптама тағайындауға құқылы.

Сақтандыру полисі Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген сәттен бастап, ал ол бөліп төленген жағдайда, бірінші сақтандыру жарнасын төлеген сәттен бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болып табылады. Сақтандырып қорғаудың қолданылу кезеңі сақтандыру полисінде көрсетілген мерзім болып табылады.

Назар аударыңыз! Сақтанушы өтініште жалған мәліметтерді көрсеткен жағдайда, Сақтандырушы сақтандыру жағдайы орын алған кезде Сақтанушыға сақтандыру төлемін төлеуден бас тартуға құқылы.

Сақтандыру жағдайы орын алған кезде не істеу керек?

Сақтандыру жағдайының белгілері бар оқиға орын алған кезде:

1) оқиғаны құжат түрінде ресімдеу үшін болған оқиға туралы құзыретті органдарға дереу хабарлау және Сақтандырушыға немесе оның уәкілетті өкіліне/апат комиссарына хабарлау;

2) сақтандыру шартында көрсетілген мерзімдерде Сақтандырушыға немесе оның уәкілетті өкіліне сақтандыру жағдайы туралы жазбаша нысанда өтініш беру, сондай-ақ оған оқиғаның мән-жайы, келтірілген залалдың түрлері мен болжамды мөлшері туралы барлық өзіне белгілі болған мәліметтерді хабарлау;

3) бүлінген мүлікті Сақтандырушының өкілі қарап шыққанға дейін зақымдану/жойылу кезінде болған түрінде сақтау (егер бұл қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келмесе немесе зиянның ұлғаюына әкелмесе);

4) Сақтандырушының өкіліне бүлінген мүлікті кедергісіз қарау мүмкіндігін беру және сақтандыру шартында көзделген басқа да әрекеттерді қамтамасыз ету қажет.

Залалдың мөлшерін сақтандыру компаниясы өзіңіз және/немесе тиісті лицензиясы бар тәуелсіз сарапшы ұсынған құжаттардың негізінде айқындайды.

Өзіңізге, мүлкіңізге абай болыңыз және сақтандырудағы жағдай ешқашан орын алмасын!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Хабарландыру Абайлаңыз! Алаяқтар »